Бүгін Маңғыстауға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед іс-сапармен келді. Сапар барысында ол заманауи технологиямен жабдықталған теңіз суын тұшытатын зауыттың, «Мағаш нан» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Одан соң, Маңғыстау политехникалық колледж студенттерімен кездесті.
«Нұр Отан» партиясы маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын үнемі бақылауда ұстайды. Соған орай партия Төрағасының бірінші орынбасары мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына көз жеткізу үшін арнайы келді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2017 жылы Маңғыстау облысына 80 миллиард теңге бөлінген. Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңғыртылып, мектептер мен балабақшалар салынуда және аймақтағы көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді.
«Каспий» су тұшыту зауытына биыл жаңғырудың алғашқы кезеңі өткізіліп, «Сиеменс» жаңа неміс қондырғылары сатып алынған. Мұнда теңіз суынан кері осмос әдісімен еліміздің санитарлық-эпидемиялық талаптары мен ережелеріне толықтай сай таза ауыз су алынады.
Облыста ғана емес еліміз бойынша ірі нан комбинаты – «Мағаш нан» кәсіпорны. Бүгінде мұнда 150-ден астам өнім шығарылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен 6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қолдау нәтижесінде өндіріс орны жергілікті 224 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Зауыттардың жұмыс барысымен танысқан соң «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Маңғыстау политехникалық колледжіне келді. Колледж еліміздегі ең үздік он орта арнайы оқу орнының қатарына кіреді. Облыста жоғары сұранысқа ие өндіріс саласындағы 20 мамандық бойынша білім береді. Мұнда 71 оқу кабинеті, 6 шеберхана, 9 лаборатория жұмыс істейді. Бұрғылау жұмысының, автомобильдің және дәнекерлеу ісінің виртуальді жаттығу құралдары, фрезер, токарь станоктарымен, компьютермен жабдықталған 64 кабинет бар.
Айта кетейік, облысымызда кәсіптік техникалық бағыт бойынша білім беретін 15 мемлекеттік, 11 жеке, барлығы 26 колледж бар, оларда 21792 білімгер оқып жатыр.
-Маңғыстау облысы экономикалық, демографиялық жағынан қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сондықтан бұл өңірге жыл сайын экономиканың әр саласы бойынша білікті мамандар көптеп қажет. Қазір біз тұрған колледжде 2700-ден астам студент осы заманғы кәсіптерді меңгеруде. Олардың бірқатары Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Сәтті қадам» бағдарламасы бойынша оқуға түскен азаматтар. Жалпы Маңғыстау облысында жасалып жатқан жағдайларды қорытындылайтын болсақ, бұл облыстағы ең басты мәселе – ауыз су. Қазір бұл мәселе ойдағыдай шешіліп келеді. Жаңа ғана біз өндірістік қуаты жоғары су тұшыту зауытында болдық. Облыс халқының тең жартысын тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасымен жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек.
Маңғыстаудағы екінші үлкен мәселе – азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл жерде егіс алқабы жоқ, дәнді-дақылдар өспейді. Азық-түлік бағасын белгілі деңгейде ұстап тұруға және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге көңіл бөлуіміз керек. Осы тұрғыда жаңа біз қазіргі заманғы жетілдірілген «Мағаш нан» наубайханасына барып келдік.
Облыстағы үшінші үлкен мәселе – экологиялық жағдай. Қазір Үкімет басшысы бұл мәселені қарастырып, 17 миллиард қаражат бөліп жатыр. Келесі жылдан бастап үш жыл ішінде «Қошқар Атадағы» сордан құтылатын боласыздар, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Төраға орынбасары Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асырудағы өңірдің белсенділігіне назар аударды. Сонымен қатар, бүгін партияның облыстық активімен кездесу жоспарланған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жастарды партия қатарына қабылдап, билет табыстайтын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42448,42449,42450,42451,42452,42453,42454,42455,42456,42457,42458,42459"]