©
«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» РМК Маңғыстау филиалына шетелдік инвесторлар келді, - деп хабарлайды осы мекеменің баспасөз қызметі. "OMV Petrov S.A." компаниясының топ менеджерлері құтқарушылардың қиын қызметімен танысып, кәсіпорынның авариялық құрал-жабдықтары мен арнайы техникасын көрді. Шетелдік инвесторлардың өлкемізге бұл алғашқы сапары емес, бұған дейін де Маңғыстау мұнай-саласына қаржы құйып жүрген олар осы сапарда өндірістік қауіпсіздікті қадағалап, апаттарды ауыздықтайтын құтқарушылар қызметімен танысты. «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау филиалының қызметкерлері жауапты да қауіпті қызметтері туралы айтып, авариялық құрал-жабдықтарды көрсетті. - Мен осы салада ширек ғасырға жуық уақыт жұмыс жасап келемін. Мұнай-газ кен орындарында оқыс оқиғаларды болдырмау үшін - алдын алу жұмыстарында салғырттық танытуға болмайды. Ұңғымалар жұмысындағы кемшіліктерді уақытылы байқап, жөнге келтірген жағдайда, апаттан алыс болады,-дейді құтқару қызметінде 23 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқандардың бірі – жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі жетекші инженер Есенбай Қанаев. «OMV Petrov S.A.» компаниясының басқарма директоры Бару Дорин Маңғыстау филиалының материалдық-техникалық әлеуетін жоғары бағалап, қызметкеркерлердің кәсіби дайындығына ризашылығын білдірді. - Қауіпті де аса жауапты бұл істе Маңғыстау құтқарушыларына бәсекелес жоқ деп санаймын. Жеке құрам апатты ауыздықтауда ғана емес, алдын алуда алдына жан салмай тер төгуде екеніне көзім жетті, - дейді румындық инвестор.