Астана қаласында каратэ-додан «Nozawa cup» республикалық турнирі мәресіне жетті. Аталмыш жарыстан Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының 8 спортшысы топ жарып, облыс мерейін өсірді. Қуанышты жаңалықпен елордадан Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Ерлан Сәрсенов бөлісті.
Байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 6 мен 17 жас аралығындағы 380 каратэшілер қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан жерлестеріміз Мадияр Баймұрат, Жанғазы Наптал, Бердібек Аныс, Ағабек Орынбек үздік танылып, алтыннан алқа тақты.
- Спорт залға 5 жасымда әкем жетелеп апарды. Бұған дейін аудандық, қалалық, облыстық турнирлерде 1, 2, 3 орындарды еншілеп, бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтадым. Елорда төрінде ұйымдастырылған жарыста 5 кездесу өткізіп, қарсыластырмның барлығын айқын басымдылықпен ұттым. Ақтық сында алматылық каратэшіні 6:4 есебімен жеңіп, алтын медальді қанжығаладым. Осылайша, «Спорт шеберіне үміткер» атағын абыроймен қорғадым. Өте қуаныштымын! Спорттан бөлек, сабағыма да көп көңіл бөлемін. Мектепте үздіктер қатарындамын, - дейді 25 келі салмақта алтын медальді еншілеген Мадияр Баймұрат.
Тағы оқыңыздар: Вагон парктерінде 40 бейнебақылау құрылғысы орнатылғанСондай-ақ, аталмыш жарыстан Айдархан Джамбаев, Жания Оспанова, Диас Реймбай, Ердәулет Ерлан күміс медальдің иесі атанды. Осылайша, аудан қоржыны 4 алтын, 4 күміс медальдармен толықты.
- 19 қараша күні Астанада өткен жарысқа 11 шәкіртімді апардым. Олардың ішінде 8-і жүлделі орындардан көрініп, үмітімді ақтады. Бүгінгі таңда 80 баланы каратэ-доға баулып жүрмін, - дейді Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Ерлан Сәрсенов.
Венера МИРЛАН