©
Еліміздегі алдыңғы қатарлы ІТ компаниялардың бірі бүгін жаңа кеңселерінде Ашық есік күнін өткізді. Орталық тұтынушылары, әріптестері мен қала тұрғындары келіп, компания өкілдерін жаңа қонысымен құттықтады.
Кеңседе мамандар өзі қалаған стильде, тіпті тамақтанып отырып та жұмыс істей алады. Ол үшін артық бос орындар, дивандар, ас үй бұрышы жасақталған.
-Америкада тәжірибеден өткен кезімде біз қазір көп мүмкіндігімізді жіберіп алып жатқандығымызға көзім жетті. Сондықтан елге келгеннен кейін мекеменің ішкі жұмыс процесін қайта өзгерту, бағытын қайта қарастыру, өзіміздің стартап жобаларымызды енгізу қажеттілігін түсіндік. Сол себепті биыл 10 жылдығымызға орай, мекемеміздің ішкі құрылымына трансформация жасадық, - дейді компанияның техникалық директоры Өмірбек Құрбанбаев.
Терезедегі теңіз көрінісі кеңсе ішіндегі жайлылықпен үйлесім тапқандай. Мұндағы қызметкерлердің көпшілігі жастар. 10 жылдық қарсаңындағы бұл тың өзгеріс оларға жұмыс барысында қолайлы жағдай туғызады.
-Мұнда алғаш келгенімде де, қазір де қызметкерлерге өте қолайлы жағдай жасалған. Қазір жаңа офиске көштік, теңіздің көрінісімен шабыттанып отырып жұмыс істеуге болады. Бұрын он шақты адам едік, қазір қатарымыз да көбейді. Мен коммерциялық жобалар менеджері қызметін атқарамын. Коммерциялық ұйымдармен, көбіне «Қаражанбас Мұнай», «Oil Constuction Company», «ОйлТранспортКорпорейшн» секілді компаниялармен жұмыс істейміз, - дейді Байбулова Айдана Қожабекқызы.
Орталық қазіргі таңда бірнеше стартап жобалар, кәсіби жобалар және мобильді қосымшалар дайындау үстінде. Молбильді қосымшаның артықшылығы – кез келген уақытта жаныңда жүреді. Компьютерсіз кез келген жерде отырып, жүйеге қосыла аласыз. Компанияның жетекші маманы Қуаныш Османов жақында мектепке арналған мобильді қосымшаның толық дайын түрін ұсынбақ.
-Бұл жерде мен жаңа өнімдер шығарумен айналысамын. Мысалы, қазір mektep.edu.kz атты сайтымыз бар. Соның мобильді қосымшасын Android операциялық жүйесіне шығарып, PlayMarket-ке енгіздік. iOS-қа негізделген нұсқасын да жасап, Appstore-ға ата-аналарға арналған жүйесін қостық, енді мұғалімдерге арналған қосымшасын дайындап жатырмын. Жалпы бұл қосымшаларды жасауға 3-4 ай уақыт кетті. Өзім бірнеше рет сынақтан өткізіп, тексеріп жүрмін. Қарқыны жаман емес секілді, - дейді ол.
Appstore-дағы нұсқаны аяқтап, қосымша толық дайын болған соң жүйені қолданушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Дегенмен оған аса білімді болудың қажеті жоқ, интуициямен басқаруға болады дейді жасақтаушылар.
- Шетелдік ІТ компаниялардың ішкі құрылымдарын зерттеп, олардың офистерін көрген соң, біз де осындай офис жасай аламыз ғой деген ой келді. Сөйтіп жаңа форматта өз кеңсемізді аштық. 10 күндік жұмыс барысында жақсы нәтижесін де көріп жатырмыз. Мұнда команда бірлесіп жұмыс істейді, бір-бірін көріп отырғандықтан, пікір алмасып, ақылдасуына, кеңесуіне мүмкіндік мол. Коммуникация өте жақсы жүреді. Оның үстіне, қазір әлем осы Open Space форматына көшіп жатыр.
Көпшілік бізді корпоративті деңгейдегі бизнес-хостинг деп түсінген екен, біз осы қалыпта қалғымыз келеді. Біздің серверлерімізді тиімді деп таныған барлық кәсіпкерлік секторлар, ұйымдар мен мекемелер Қазақстанның кез келген жерінен тапсырыс бере алады. Одан бөлек шетелдік компанияларға да өнімдерімізді ұсынамыз. Қазіргі уақытта Түркияда, Ресейде тұтынушыларымыз бар. Біз тек физикалық тұрғыдан Ақтауда орналасқанбыз. Ал қызметтеріміздің ауқымы шектелмейді, - дейді Өмірбек Құрбанбаев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42301,42300,42296,42297,42302,42298,42336,42337,42338,42339,42340,42341"]