Сәрсенбінің сәтті күнінде қаламыздағы «Жалын 3D» кинотеатрында «Мерейлі мекен Мұнайлы» фильмінің тұсауы кесілді. Аталған шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ «туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншілікпен басталады» деді. Патриотизм, зиялы ұрпақ тақырыптағы осыған қаламызда өтіп келе жатқан шаралардың бәрінде сөз етіліп келеді, сөз етіле де бермек. Биыл Мұнайлы ауданынының құрылғанына - 10 жыл. Алғашында 43 мың тұрғынға мекен болған аудан халқының саны қазір 140 мыңнан асып отыр. Былтыр құны 98,0 млн теңгені құрайтын "Ақтау - Маңғыстау - Гранит - Ақтау" бағытындағы автокөлік жолының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атқарылған істер тұрғындар игілігі үшін. Ауданда әлеуметтік сала мен білім, денсаулық сақтау мамандарына жағдай жасалуда. Мәселен олар үшін Маңғыстау ауылынан 100 орындық жатақхана салу жоспарланған. Осы мерейтой аясында аудан өмірі туралы фильм түсіріліп, тұсаукесері де өтті. Еркебұлан Нұрханұлы, «Agaiyn Cinema» кино дайындау орталығының продюсері: - Қазан айында өткен түсірілім 10 күнге созылды. Комедия жанрындағы фильмде махаббат пен патриотизм тақырыптары қозғалған. Мұнайлы ауданына Астанадан келген тексерушінің өлкеміздің қазақшылығына тәнті болғанын көрсеттік. Тағы оқыңыздар: Ақын Мырзатай Болаттың 70 жас мерейтойына орай шығармашылық кеш өтті
Маңғыстау облысының және Мұнайлы ауданы әкімдігінің демеушілігімен түсірілген фильмнің идея авторы - аудандағы №12 орта мектеп директоры Қайрат Титанов. Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының жас актерлары Жұлдыз Ибраева, Заңғар Әбенов пен Саят Мақұлбаев фильмде басты рөлді сомдаған. Маңғыстау облысындағы киноиндустрияны дамытуды көздеп түсірген бұл фильм жастарға берері мол. Ұзақтығы 58 минутқа созылатын фильм 15-28 қараша аралығында көрсетіледі. Тұсаукесерде фильм қаламыздағы барлық мектептер бойынша 362 мүжәлсіз отбасының балаларына көрсетілді.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА