Ата-бабамыздан аманатқа қалған басты байлығымызға баланатын жер мәселесі қашан да өзекті. Әсіресе бүгінде заман ағымына сай енгізілген түрлі реформаларға байланысты маңыздылығы тіптен артып отыр. Жердің жайы туған елінің, ата қоныс жерінің тағдырына енжар қарамайтын кез келген азаматты толғандыратыны белгілі. Күнделікті өмірі малдың қамын күйттеп, бағумен, баптаумен өтетін шалғайдағы шаруа адамы болсам да, бір сәт қолыма қалам алып, осы мәселеге үн қосуды жөн деп таптым.
Ата кәсіпті жалғаған шаруалар жайылымның ыңғайына қарай жайлаудан күздеуге, одан қыстауға көшкен ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесін ұстанып келеміз. Үстірттің кең алқапты жайылымында жазғытұрым «Қонайдың үйігі» маңын жайласақ, қыс түсе «Қаратөрткүлдегі» Басарға қоныстанамыз. Биыл жаңбыр бар, табиғи шөптің шығымдылығы тәуір болды. Қолдағы малымыз да қоңды әрі күйлі. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары асыл тұқымды Адай жылқысын өсіруді қолға алдым. Қымызы бал, еті дертке дауа, мінсе ер қанаты болған қамбар ата тұқымы азығын өрістен табатын, еркіндікте жүріп жайылатын жануар. Осы берекелі кәсіптен қол үзбей, жандандыру мақсатында 1998 жылы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен несиеге 40 жылқы алдым. Арада екі жыл өткенде 2000 гектар жайылымды 49 жылға жалға алып, шаруашылығымның игілігіне пайдаландым. Кең алқапты жайылымда үйір-үйір жылқы өріп, шаруамның шырайы кіре түсті. Қазір күніне 80 литрдей қымыз өндіріп, «Бейнеу-Ақтау» республикалық автокөлік жолының бойындағы дүкендерде сатамыз. «Маңғыстау агросервис» МКК арқылы Алматыдан қымызды арнайы құтылырға құятын құрал-жабдық әкелуді жоспарлап отырмыз. Сұранысқа ие отандық өнімімізді нарыққа шығаратын күн де алыс емес. Өткен жылы осы аталмыш кәсіпорын арқылы лизингке шөп шабатын косилка мен орама шөп тайлайтын құрылғыларды сатып алған едік. Биыл сайлы техникамен арнайы бригадамыз шабындыққа шалғы салып, қысқы мал азығын қамдайды.
Осыдан 4 жыл бұрын Басарда 1000 гектар жайылымдық жерді 49 жылға жалға алдым. Ондағы мақсатым - жерді бабымен пайдалану. Жылдың 4 мезгілінде бір жерде отыра беретін болса, жердің өнімділігі төмендеп, мал да күйсіз болады. Меніңше, жерді қолынан іс келетін, шаруаға ебі бар еңбек адамдарына ғана жалға беру керек. Жерді сатуға қарсымын. Өйткені жерді сатып алып, өзгеге жалдап қойған жағдайлар да кездеседі. Жалға алушылар иесі сияқты бөтеннің мүлкін күтіп-баптай ала ма? Мұны да ескерген жөн деп санаймын. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінде талқыға түскен жер мәселесіне аса байыппен қарағанымыз абзал.
Мырзатай ҚОЙШЫБАЕВ,
«Нақхан» шаруа қожалығының басшысы
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН