©
Таяуда аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалының ғимаратында 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Сен жалғыз емессің» қайырымдылық акциясы болып өтті.
Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Ибрагимова, Аудандық мәдениет үйінің директоры міндетін атқарушы Жамал Раева, ауданға қарасты селолық мәдениет үйлерінің директорлары мен мамандарының атсалысуымен, қоғам назарын жетім балаларға көңіл аударту мақсатындағы акция аясында Ж.Мыңбаев мектеп-гимназиясының оқушысы Тілектес Жақсыбаева, З.Баймырзаев орта мектебінің оқушысы Ақерке Исамбайқызы, Шахта орта мектебінің оқушысы Қарақат Ізбас және М.Әбдіқалықов мектебінің оқушысы Перизат Нұрсұлтановаға тәттілер салынған қоржын мен бағалы сыйлық «планшет» сыйға тартылды.
- Бүгінгі өткізіліп отырған «Сен жалғыз емессің» қайырымдылық акциясының мақсаты – қоғамның назарын тұл жетім, жартылай жетім балалардың мәселеріне көңіл аударту, оларды ересектердің ықыласына, махаббаты мен жүрек жылуына, мейірімге бөлеу, мереке сыйлау болды. Облыс орталығында жылда өткізіліп жүргенмен, мерекеге орай ауданымызда биылдан бастап ұйымдастырылып отыр. Баршаңызды бүгінгі шараға белсене қатысып, қолұшын созғаныңызға алғысымды білдіремін! - деді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Ибрагимова.
Сонымен қатар, акцияға «НұрОтан» партиясының Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Садықов Демеген Мертеұлы, Түпқараған аудандық «Азаматтық Бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсім Рамашева қатысып, өздерінің тілектерін білдіріп, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Өзінің туған ауылының суретін салып, планшет сыйлаған апайларына алғысын білдірген Шахта орта мектебінің оқушысы Қарақат Ізбас зор қуанышқа кенеліп, өз арнау өлеңін оқыды.
«Жақсылық жасасаң, балаға жаса» деген сөз бар. Кішкентай ғана бөлінген көңіл олардың өмір бойы жадыларында жақсы бір естелік болып қалары сөзсіз. Ең бастысы - өз қатарларымен тең дәрежеде бай баласы ұстаған планшетті бұл балалар да ұстасын деген үлкен жүректі мейірім мен адал ниеттің бары қоғамның қайырымды жандардан құралғанын көрсетеді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА