©
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Лұқпанұлы қоғам белсенділері, зиялы қауым және беделді жас буын өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, өңір халқын толғандырған, әлеуметтік-экономика өрісінде қордаланған мәселе, ұсыныс-пікірлерді талқыға салды. Өңірді жұмыссыздық құрсауынан босату, тұрақты саяси-әлеуметтік ахуалды қалыптастыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту әрі жаңарту, жаңа жобаларды басынан аяғына дейін жетелеу сынды жылдар бойы жүйелі жалғасын тауып келе жатқан мәселелерді сөз қылды. Басқосуда азаматтық қоғам үніне құлақ түру, бұқара әл-ауқатын арттыру, білім, денсаулық жүйесіне жаңа талап-өзгерістер енгізу сынды мән-маңызы зор сауалдар да көтерілді. Күре жол мәселесі - келелі жиында қызу талқыға түскен тақырыптың бірі. Әулие Ман-Ата қорымы мен Сай-Өтес ауылы аралығындағы күре жол толықтай аяқталмаған. Осы олқылық салдарынан жол-көлік апаты мен төтенше оқиғалар жиі орын алуда. Облыс әкімі мәселені жіті назарға алатынын жеткізді. Қала, ауыл-аймақты көгалдандыруда су көзін үнемдеу технологияларын енгізу, жол жиегін жарықтандыру, теміржол желісі тармағын қала аумағына дейін тарту мәселесі сырт қалмады. «Теміржол желісіне қатысты мәселе - халық үшін өте өзекті. «Маңғышлақ» бекеті қала аумағынан шалғай орналасқан. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК-мен жан-жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ақтау аумағында теміржол бекетін, вокзал ғимаратын салу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда», - деді Ералы Лұқпанұлы. «Жастар жетістігі» қоғамдық қорының төрайымы Жақсыгүл Шахзадақызы басқосуда шағын және орта бизнес әлеуетін арттыруды мақсат тұтқан «Нұр-капитал» жобасының Жаңаөзеннен өзге ауыл-аймақтарда жүзеге асыру, теңіз жағалай орын тепкен елді мекендерге инфрақұрылым желілерін тарту және қала мен ауыларалық көлік қатынасын орнату мәселелерін қозғады. Қалада заман талабына сай автовокзал ғимаратын салу күн тәртібінен түспей тұрған сауал екендігі баршаға мәлім. - «Нұр-капитал» жобасынан өңірде бірде-бір ауыл, елді мекен қалыс қалмақ емес. Теңіз жағалауында орналасқан ауылдарды былай қойғанда, қала ішінде инфрақұрылымдық дамуы бойынша шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Барлығы өз кезеңінде, жүйелі түрде жүзеге асатын болады. Кендірлі жағасын, қала сыртындағы жағажайларды қалпына келтіру, тиісті инфрақұрылым желілерін тарту түйткілді мәселенің бірі. Көлік қатынасына қатысты сатылы жоспар да іске асатын болады, - деді облыс басшысы. Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының кейбір кварталдары көгілдір отын, су мен қуат көзіне күні бүгінге дейін қол жеткізе алмай отыр. Басқосуда ауыл тұрғыны облыс әкіміне осы жайтты құлаққағыс етті. Тиісті шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар жүктелді. Мұнай өндірісінде еңбек етіп жүрген қызметкерлер бүгінгі таңда 5 жылдық қызмет жалақасының 50 пайызын алу шарты бойынша жұмыстан өз еркімен босап жатыр. Халықты көптен бері толғандырып жүрген, қызу талқыға түскен мәселенің бірі - осы. Бұл туралы журналист, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық әкіммен кездесуде ашық айтып, өткір мәселені көлденең тартты. - Бұл мәселенің артында үлкен салмақ тұр. Себебі басым бөлігі бір жылға жетер-жетпес уақытта бар ақшаны жұмсап, дымсыз қалады. Уақыт өте жұмыс іздеп, әуре-сарсаңға салынып, сіздің алдыңызға қайта айналып келері сөзссіз. Бұл өңірде жұмыссыздық мәселесін ушықтыра түседі. Бұл туралы менің ұсынысым былай: жұмыс күндерін қысқарту, еңбекақы мөлшерін азайту, осы арқылы жұмыс орнын сақтап қалу сынды іс-шаралар атқарылуы тиіс, - деді журналист Жәнібек Қожық. Сонымен қоса, ол ауылдағы халықтың әл-ауқаты, мал шаруашылығын дамыту мәселесі туралы өз ой-пікірін ортаға салды. Бес-алты ұсақ жандығы бар ауыл халқына ауыртпалық түсірмеу үшін малдың жемін арзандату, қыс мезгілінде жем-шөп бағасын бірқалыпты сақтау мақсатында әкімдік тарапынан бірлесе іс атқару қажеттігін де ескерді. Облыс басшысы сөз болған бар мәселеге өзіндік пікірін білдірді. Киікбай Жақыпұлы облыстағы туризмді дамыту және киелі жерлерді қорғауға алу мақсатында оларды өңір меценаттарының қарауына беруді ұсынды. Ол меценаттар бір жағы кәсібін жасаса, бір жағы Маңғыстауды көркейтуге ат салысады деген пікірді ортаға салды. Өңірлік денсаулық сақтау саласында да жүзеге асқалы жатқан жобалар жетерлік. Облыс әкімі сегіз жылға созылған облыстық онкологиялық диспансер құрылысын аяқтау, әрі кардиологиялық орталық салу сынды жоспарымен де бөлісті. Сонымен қатар, алдағы жылы қала маңынан ипподром бой көтеруі мүмкін. Жас буын өкілдері арасынан Бақтыбай Жайлау орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қамқоршылық кеңестерін құру және оның қызметін ұйымдастыру мәселесін көтерді. Жаңаөзен қаласындағы мұражай ғимаратын кеңейтіп, қайта жасақтау, Мұнайлы ауданында жаңа мұражай ашуды ұсынды. Сондай-ақ, республикамызда түркі жазулары мен таңбаларын зерттеп жүрген түркітанушы Бекболат Төлегенұлының PhD докторантурада оқуына мүмкіндік жасап, жергілікті әкімдік тарапынан мақсатты грант тағайындау мәселесін қарастыруды сұрады. Сонымен қоса, жиын барысында ауыл-аймақтарда оқушылар сарайын салу, мектептерді кең жолақты ғаламтор желісімен қамту, шығармашылық үйін салу, республикалық басылымдарды дер кезінде жеткізуді ұйымдастыру сынды білім, руханият төңірегіндегі әңгіме өрбіді. Облыс әкімі сауал-ұсыныстарды саралай келе, барлық талап-тілектердің назарға ала отырып, тиісті тапсырмалар жүктеп, хаттамаға енгізуді міндеттеді. Е. Тоғжанов сөз соңында халықтың мұң-мұқтажын басты назарға алып, ел мүддесі жолында еңбек етіп жүрген азаматтармен иық тірестіре отырып бірлесе қызмет қылуға әркез дайын екендігін жеткізді.Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42007,42006,42005,42004,42003,42002,42001,42000,41999,41997,41996"]