©
«Мұғалімдердің мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің қандай артықшылықтарға ие болатынын ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері айтып берді. Кеше Астанадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында министрліктегілер заң жобасына тоқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, Мұғалімдердің мәртебесі туралы заң маусым айында қабылдануы мүмкін. Қазір құжат мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің келісімінен өтуде. Сонымен қатар мұғалімдерден ұсыныс қабылдау жұмысы да жалғасуда. Ақпан айында Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауына енгізіледі. Одан бұрын Үкіметте талқыға түседі. «Оған дейін 300 мың педагог оны тыңғылықты оқып, зерделеп, өз ұсыныстарын енгізулері қажет», - деді вице-министр. Заң жобасын әзірлеу барысында 8 мыңнан астам ұсыныс түскен, жобаны әзірлеуге 60-тан астам мұғалім қатысқан. Заң жобасы 6 бөлім мен 21 баптан тұрады.Сонымен, жаңа заң жобасында мұғалімдер үшін қандай артықшылықтар қарастырылған?
Заң жобасында материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оқыту құралдарымен жабдықтау жөнінде норма жазылған. Яғни, мұғалім, тәрбиеші мектепке сабақ беруге қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражаты есебінен сатып алмайтын болады.
8 бапта ҚР Заңнамасында көрсетілген жағдайлардан басқа кезде педагогтарды өздерінің кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмыстарға тартуға болмайтындығы жазылған.
Заңнамада қарастырылмаған есеп үлгілері мен кез келген ақпаратты ұсынуын талап етуге де, заңда көзделмеген тексерулерді жүргізуге болмайды. Айта кетерлігі, аталған тармақ талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке түрткі болады. Бұл ұсыныс педагогтардан түсіп отыр.
Жас педагог жігіттерге қатысты норма қарастырылған. Олардың әскери қызметті өтеуге шақырылуы кейінге қалдырылуы мүмкін.
Ұстаздарға ғылыми қызметпен айналысуға шығармашылық демалыс беріледі. Мұндай демалыс уақытында мұғалімнің педагогикалық еңбек өтілі мен жалақысы сақталады және ол 5 жылда бір рет кемінде алты айға беріледі.
Мұнан бөлек, жергілікті атқарушы органдар педагог жалақысын өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес деңгейде бекітуге, түрлі үстемақылар төлуге, "Үздік педагог" атағына ие ұстаздарға 300 АЕК-тен кем емес көлемде сыйақы беруге құқылы.
Сонымен қатар педагогтарға бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несиемен баспана алу құқығына әлеуметтік кепіл беріледі.
30 жылдық жұмыс өтілі болған жағдайда бекітілген зейнет жасына жеткен педагог зейнеткерлерікке шығады. Бұл ұсыныс та еліміздің барлық өңірінен келіп түскен.
Жергілікті атқарушы органның шешімімен Қазақстан астанасында жұмыс істейтін педагогтарға лауазымды жалақысының 25 пайызынан кем емес көлемде лауазымды жалақыға коэффициент белгіленеді.
Ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтарға жергілікті атқарушы органдардың шешімімен қалалық жағдайда жұмыс істейтін ставкаларымен теңдей тарифтік ставка мен жалақысына кемінде 25 пайыздық үстемеақы белгіленеді. Коммуналдық қызметтерге төлем жасау, бюджет қаражаты есебінен отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жеке баспана салуға жер учаскесі бөлінеді. Сонымен қатар ауыл мұғалімдерінің қорасында малы болса жем-шөбіне көмек көрсетіліп, мал жайылымы белгіленеді.
Ауылға жұмыс істеу үшін қоныс аударып келген мұғалімге жергілікті әкімдіктің шешімімен көтерме жәрдемақы беріліп, баспана сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Педагогқа жергілікті бюджет есебінен күнтізбелік жылда бір рет сауықтыру жәрдемақысы төленеді және кемінде екі лауазымдық жалақы төленіп, кезекті еңбек демалысы беріледі.