Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов азаматтық сектор өкілдерімен (үкіметтік емес ұйымдар) және қоғам белсенділерімен кездесті. Аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан жиында орта және шағын кәсіпті дамыту, денсаулық, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайы, тарифтер мен жол мәселесінен теңіз жағалауындағы жөндеу жұмыстарына дейін қамтылды. Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысының әкімі былтыр қараша айында азаматтық сектор өкілдерін арнайы жинап, олардың талап-тілектерін тыңдаған еді. Ол жиында 48 мәселе көтеріліп, оның 43-і оң шешімін тапқан. Ал 5-і ұзақ мерзімді орындалу үстінде. Алдымен облыс басшысы өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, нәтижелерін баяндады. Облыс аумағында салынып жатқан жол құрылыстары, кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау мен әлеуметтік мәселелелерге тоқталды. Тұщықұдық, Ақшымырау, Қызан, Үштаған, Шайыр ауылдарының жолы жөндеуден өтіп жатқанын, сондай-ақ қаладан Жаңаөзенге баратын жолдың келесі жылдың қазан айында толықтай аяқталатынын жеткізді. Жиынға қатысушы қоғамдық ұйым басшылары мен өкілдері, қоғам белсенділері өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. «Өркениетті келешек» қоғамдық қорынының директоры Гүлбаршын Қарабалина көліктердің жылдамдығын тым асырып жүруі тұрғындарға, малға қауіпті екенін айтып, Маңғыстау ауданы «Жаңа Орпа» ауылының тас жолын бақылауға алуды ұсынды. Осыған орай аймақ басшысы жергілікті полиция өкіліне мәселені бүгін шешуді тапсырды. Тарифтерді төмендету, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге несие беру, Ақтау қаласындағы жаяу жүргіншілер жолына қатысты мәселелерді көтерген тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрайымы Никар Рафикова облыс әкімінен айтылған мәселелердің бақылауда екендігі және атқарылып жатқандығы жөнінде жауап алды. Ал блогер, Онды ауылының тұрғыны Жәнібек Қожық бұл жолы да ауылдастарының бірнеше өтінішін жеткізуге келіпті. «Қазақ амандасқанда «Мал-жаның аман ба?» дейді. Ауылда аз ғана малмен күн көріп отырған адамдардың біріміз. Қазір Маңғыстау облысында 500 мыңдай мал бар. Бірақ сол малдың жүнін, терісін өткізетін жер жоқ. Қоқысқа тастаймыз не өртейміз. Сондықтан тері, жүнді өңдейтін орталық ашсақ. Сондай-ақ өзіңіз білесіз, шөп шықпай қалуына байланысты малымыз қысқа өте арық келді. Біз сол үшін қыс азығын жазда жинағымыз келеді. Бірақ Маңғыстауда жем тапшы. Қазір 1 қап кебек 1000 теңгеге шықты. «Неге қымбат?» десек, Қостанайдан тасымалдау жұмыстарына байланысты екенін айтады. Мен бұл мәселені өткен жылы да көтергенмін, бірақ әлі өзгеріссіз. Екінші мәселе, «Жетібай-Шетпе» тас жолында жол апаты жиі болады. Ондай жағдайда хабарыңды жеткізетін байланыс та жоқ. Келесі көлік келгенін күткенше адам қайтыс болып жатқан жағдайлар да болған. Бекі ауылындағы мектепте интернет түгілі байланыс желісі жоқ. Шұғыл түрде осы ауылға байланыс орнатылса», - деді ол. Ералы Лұқпанұлы бүгінде облыстағы мал өсімі 12 пайыз екенін айта келіп, оларға жағдай жасау туралы ұсынысты толықтай қолдайтынын айтты. «Қазір «МаңғыстауАгросервиске» 200 т жем келіп тұр. Таушық, Сенек және жеке шаруашылықтар кешеден бастап алып жатыр. Сондай-ақ қарызға 10 айға дейін бере аламыз. Бейнеу астық терминалында 200 т жем тұр. Сұраныс бойынша оны да беріп жатырмыз. Келесі жылы «Каспий» ӘКК арқылы тағы 1000 т жоспарлап отырмыз», - деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл. «Атырауда жүн өңдейтін зауыт бар, қазір ол 30 пайыз ғана жұмыс істеп тұр. Мен Атырау облысының әкімімен келісіп, азаматтарын осында жіберген болатын. Шикізатты қабылдап алу үшін зауыт өкілдері келгенімен, тұрғындардың қарасы көрінбеді. Содан олар тері, жүн жинау үшін ауылдарға кетті. Ашығы сол, бір де бір адам мойын бұрған жоқ. Зауыт салғанмен ол жұмыс істемейді. Мен қазір де ниет білдіріп, тері, жүндерді алып келгендерге, Атырауға ақысын төлеттіріп, жіберуге дайынмын, - деді аймақ басшысы. Ал ауылға байланыс орнату жөнінде Маңғыстау ауданының әкімі Жармағамбет Айтуаров мәлімдеді: «Бекі ауылының жанына «60 км» белгісі қойылды. Онда күнделікті жол полициясы қызметкерлері тұр. Сондай-ақ көліктерге бейнетіркегіш қойылды. Ал ғаламторға қатысты мәселе орынды айтылды. Бекі мектебінде қазір ғаламтор бар. Ал ауылдың өзіне 2019 жылы толықтай орнайды», - деді аудан әкімі. Жаңаөзендегі жолаушы таситын газельдерді автобустарға ауыстыру тақырыбын көтерген «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметованың ұсынысына қала әкімі былай жауап берді: «Қажетті көліктердің есебін шығардық. Қазір 36 автобус алуға «Каспий» ӘКК арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Олар Семейдің зауытымен келісімшартқа отырып, алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында автобус алу бағытында шаралар жүргізіп жатыр», - деді Әділбек Дауылбаев. «Маңғыстау аудандық Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сегізбай Әнесов Маңғыстау ауданындағы жол мәселесін және Ескі Шетпені өз алдына округ қылуды ұсынды. Ауған соғысы мүгедектеріне жағдай жасау, қажетті протездерін алып беру қажеттігін айтқан «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байрам Мамедовке аймақ басшысы көмек қажет азаматтардың тізімін әкелуді тапсырды. «Бұл мәселеден хабарымыз бар, хат келді. Протездік, ортопедиялық құралдарды сатып алдық. 1-топ мүгедектерінің қатары аз емес. Кезек-кезегімен қамтамасыз етеміз. Жылда бөлінетін қаражатының мөлшерінде алып беріп отырмыз», - деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қуаныш Берішбаев. Саясаттанушы Ербол Еділов Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының қызметін атқарған С.Аманғалиевтің қамауға алынуына қатысты пікірін сұрады. «Қызметкер ретінде оның жұмысына еш сын айта алмаймын. Біз бірігіп Маңғыстау облысының экономикалық көрсеткіштерін көтердік. Болған оқиғамен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Нақты шешімін сот айтатын болады», - деді Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ Е.Еділов 2010 жылы мұнайшыларға арнап қойылған ескерткішке жөндеу жұмыстары қажеттігін атап өтті. Өңірдегі футбол клубының деңгейіне тоқталып, клубтың дамуына бағытталған жұмыстар жөнінде сұрады. «Өзге аймақта жаттығып жүрген жергілікті команданы облысқа қайтардық. Футбол сүйер тұрғындардың, жанкүйерлердің, тіпті балалардың жақсы қабылдағанын өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бүгінде Хорватиядан жаттықтырушы мен бір футболшыны алдырдық. Сербиядан бір, киевтік «Арсеналдан» екі және «Астана» командасынан екі ойыншы шақырылды. Сондай-ақ екі баламыз Киевке «Арсенал» командасына жіберілді, екі жылдан соң оралады. Биыл бірінші лигада болуды жоспарлағанбыз, оған қол жеткіздік. Сондықтан біздің клубтың деңгейі жақсы деп айтуға болады», - деді облыс басшысы. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың азаматтық сектор өкілдерімен кезекті кездесуінде көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар жазып алынды. Бүгін жауап берілмеген сауалдар алдағы уақытта тиісті шешімдері алмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66153,66152,66151,66150,66323"]