Жоба... Сіз жоба деген сөзді қалай түсінесіз? Соңғы кездері лауазымды тұлғалар халық алдында үнемі осы сөзді жиі қайталайды. Жергілікті өңірлерде жол салынса – жоба, білім беру бағдарламасы өзгерсе – жоба, жаңа тұрғын үй көтерілсе – бұл да жоба, экономика, мәдениет саласында да жүзеге асырылып жатқан жаңа тағы да жобалар. Қысқасы, елімізде қандай да бір тың бастама көтерілсе, мұның бәрінің артында үлкен жоба тұр дегенді білдіреді. Ал қарапайым халыққа жасалып жатқан жобалардың түсініксіз болып жататын тұстары көп.
Бұл жағдайда халыққа жаңа жобалардың тиімділігі мен пайдасын түсіндіретін адамдар болса, олар – мемлекеттік қызметшілер, әкімдер, арнайы мамандар, жергілікті қызметкерлер. Ал жобаны халыққа ұғынықты етіп жеткізу үшін, олар алдымен өздері түйсінуі шарт. Астанадан Маңғыстауға мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасын көтеру үшін келген тренер Жанар Тайжанова көпшілік жағдайда жобаның мақсаты дұрыс қойылмайды деп есептейді. Сөйтіп халық маңызды жобалардың нәтижесін көре алмай жататын кезі аз емес.
– Бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың тиімсіздігі өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасын көтеру үшін не істеу керек? Мен үнемі мемлекеттік қызметшілерден осы туралы сұраймын. Олар маған мемлекеттік мекемеде жұмыс істеудің 3 кемшілігін тізіп береді. Біріншісі - мамандарға жұмыс көлемінің дұрыс бөлінбеуі (бір қызметкерге жауапкершілік - тым көп, кейбіріне – тым аз) деп есептейді. Екіншісі - шамадан тыс жұмыстың көптігінен уақыттың жетіспеушілігі, соңғысы - әлбетте ынталандырудың аздығы, яғни жалақы аз. Мемлекеттік қызметшілердің қоғам үшін пайдалы идеялары көп. Бірақ соларды жүзеге асыруға келгенде кедергілер көбейіп жатады, - дейді Жанар Тайжанова.
- Сол себепті, елімізде Елбасы тапсырмасы бойынша, алғашқы кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жүйесін біріздендіру мақсаты қойылған болатын. «Осы мақсатта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Маңғыстау облысы бойынша филиалы құрылды. Сөйтіп аймақтағы мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту үшін семинар ұйымдастырып отырмыз. 13-14 қараша күндері бұл семинарға 50-ге жуық адам қатысты, - дейді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Динара Жұмашева.
Оқу курсы семинар, тренинг ретінде еркін форматта ұйымдастырылған. Мұнда мемлекеттік қызметшілер қоғамдық маңызды жобаларды басқару, бақылау, мақсат қойып, нәтижеге қалай жетуге болатынын үйренеді.
- Сондай-ақ қызметкерлер белгілі бір дауда «бұл жағдайға қатысым жоқ, менің құзіретімде емес» деп халыққа айтпас үшін жауапкершілік мәселесін алға қойып, барлық істен хабарда болу керектігін айтып жатырмыз. Мемлекетте лауазымға ие азаматтар мен кез келген маман басқармада өзара қарым-қатынасын нығайтып, тығыз байланыста командалық жұмыстарды атқаруы тиіс. Кез келген жобаны жүзеге асырарда бірнеше шектеу болады: қаржылық шектеу, мерзімнің шектеулігі және жұмыс көлемінің шектеулігі. Осы үш шектеуді тепе-теңдікте ұстап, қалай халыққа тиімді жоба ұсыну керектігін меңгертуге тырысамыз, - дейді Астанадағы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Жанар Тайжанова.
Семинарға қатысқан азаматтардың көпшілігі – лауазымды тұлғалар. Аймақтағы әкімдер, жергілікті атқарушы билік органдары қызметкерлері, жас мамандар да бар. Олар 2 күндік оқу барысында алған әсерлерімен бөлісті.
- 2 күн бойы мемлекеттік қызмет туралы білімімізді шыңдап жатырмыз. Астанадан келген маманның шеберлігіне тәнті болдық. Мемлекеттік басқарудың түрлері, оның сан қырлылығы, әрбір істі шешудің түрлі тиімді жолдары айтылды. Халықпен бірге күнделікті атқарып жатқан жұмыстарымызды жүйелі түрде алға қойып, оң нәтиже шығару үшін түрлі тәжірибе жасап көрдік. Білмейтініміз көп екен. Ауылда өтетін қай шара болмасын, тек қағаз күйінде емес, графикалық жолмен бақылауда ұстаудың әдістерін үйрендік, - дейді Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылының әкімі Қайырбек Құсайынов.
Айгүл ДӘДЕН
Басты сурет интернеттен алынды