15 қараша - ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енген күні. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8-де басталып, 20 қараша күні кешкі сегізде аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын, алайда еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп,1 теңге 500 рубль бағамына белгіленді.
Теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жалпы төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылы тамыз айында Ұлттық Банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ұлттық теңгеміз Англияның әйгілі «Хариссон және ұлдары» фабрикасында басылып шығып, теңгені елге төрт Ил-86 ұшақтарымен 18 рет қатынап жеткізді. Бұл өте құпия операция болатын.
Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың суреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотка Әбу-Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте-Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілхайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі таңбаланды.
Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынап тасталғанымен валютамыздың құны түскен жоқ. Мысалы, бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайды. Осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің «Қазақ елі» сериясынан номиналы 5000 теңгелік банкнот екінші рет «2012 жылғы үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 теңгелік «Күлтегін» еркерткіш банкнотына берілген, үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуілсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды. Өткені осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес.
Тағы оқыңыздар:Құрық ауылында жастар ардагерлермен кездестіҰлттық Валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот-Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монет сарайында шығарылады. Ел Президенті Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл теңгеміздің және қаржы қызметкерлерінің күні болып белгіленді.
Кез-келген жұмыстың, әр-мамандықтың абыройлы екендігі және жұмысқа қаншалықты жауапкершілікпен қарап, ынта-жігермен жұмыс жасайтынына байланысты болатыны белгілі. Барлық кәсіп өздігінше ерекше және маңызды. Әр кәсіптің өзінің жұмыс ерекшелігі, өзінің қайталанбас тарихы және құндылығы бар.
Б.ЖАЙЛИЕВА,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы