©
Тақырыпты бастамас бұрын ортаға бір сауал тастайық. Адам қанша жыл өмір сүре алады, сіз қалай жауап берер едіңіз? Бұл сұраққа әркім өзінше жауап беруі мүмкін. Көбіміз Алланың берген жасын жасаймыз дейміз. «Сақтансаң, сақтармын» дегендей, кейбір кезде өміріміздің қысқа болуына өзіміз себепші болуымыз мүмкін екен. Ғылыми деректердің қорытындысына қарағанда, адамдардың жұмыс қабілеті 110-120 жасқа дейін сақталып, жасы орта есеппен 140-160 жылға дейін жетуі керек делінген. Адам баласының ұзақ өмір сүре алатынына дәлелдер көп. Қазірдің өзінде жасы 100-ден асқан қарияларымыз туралы хабарларды теледидар арқылы көріп жүрміз. Ендеше адамның өмір жасы қысқаруына не себепші екенін іздестіріп көрелік. "Табиғи биологиялық жасқа жетпеуге көп себепкер - адамның өзі", - дейді ғалымдар. Себебі бұған табиғат апаттарынан кейін тұрмыстық, әлеуметтік жағдай, эпидемиялық аурулардан басқа, дене және мінез-құлық тәрбиелерінің дұрыс қалыптаспауы, сонымен қатар зиянды әдеттерге бой ұруымыз себепші екен. Зиянды әдеттер дегеніміз - маскүнемдік, шылым шегу, көкнәр, наша қолдану және насыбай ату. Мінез-құлық тәрбиелерінің бұрыстығынан жасөспірімдер зиянды әдеттерге бой беруі мүмкін болса, кейін ол оның өмірінің қысқаруына себепші болады. Сондықтан өмірдің қысқа болмауын жасөспірімдер осы жастан ойлағаны абзал. Түпқараған ауданындағы нарколог мамандардың айтуынша алкоголизм және наркоманиядан арылуға адамның күш-жігері мықты болуы керек дейді. Бірақ көп жағдайда алкоголь және наркотик өнімдеріне тәуелді болып кеткен адамдарда мұндай қажыр-қайрат өзінен-өзі пайда болмайды. Сондықтан олармен жұмыс кезінде психолог көмегі ауадай қажет. Өздерінің жұмысы жөнінде сұрағанымызда, бүгінгі күні 12 адам нашақорлық, 57 адам алкоголизм бойынша есепке алынғанын айтты. Бір өкініштісі, тізімге алынған азаматтардың ішінде еркімен емханаға келетіндер аз. Ішімдікке әуестік зиянды әдеттерінен арылу ішімдік ішушілерде өз қалауымен емес, полицияның анықтауы арқылы, қоғам тыныштығын бұзғандары облыстық диспансерге емделуге жолданады екен. Ал, наша пайдаланушылардың ісіне тергеу жүргізіліп, сотқа дейін іс жүреді. Аудандық сот орындаушыларынан алған мәлімет бойынша, 2017 жылдың 9 ай қорытындысында 6 адамға қатысты нашақорлық бойынша ісі қаралған. Есірткі заттарымен ұсталған азаматтардың істері тергеліп, тиесілі жазалары берілген. 5 адамға ірі көлемде айыппұл салынып, есірткі заттарын сақтағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабының 4-бөлігі бойынша 1 азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Жалпы Ата Заңымыздың 11-тарауында халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы айтылған. Осы 11-тараудың 296 мен 303 баптарының аралығының барлығында осы есірткі заттарына қатысты қылмыстардың ауыр не жеңілдігі, қоғамға және ондағы азаматтарға тигізген зияндары тексеріледі. Алкогольдің және есірткі заттарының, темекі өнімдерінің адамзат ұрығына өте қауіпті (дұшпан) екені дәлелденгелі қашан. Орыстың ұлы жазушысы Лев Николаевич Толстой ертеректе-ақ: «Арақ-шарап, есірткі заттары адамдардың денсаулығын құртады. Ақыл-ой қабілеттерінен айырады, отбасының тату-тәттілігін кетіреді, бәрінен де сұмдығы – адамгершіліктен тайдырады, нәсілдерін кемістікке ұшыратады», - деп күйзеле ескерткен. Халық мәтелі «Жолдың басы алғашқы қадамнан басталады» дегендей, маскүнемдік те, нашақорлық та алғашқы бір қолданыстан басталады. Барлығымызға белгілі, жастар алғашқы ішкен шарапқа, шеккен темекіге шашалып-қақалып қалады. Бұл ағзаның аталған заттарға қарсы қорғаныштық қасиеті екенін білдіреді. Осындай адамның дұрыс қасиетін және жиреніш сезімдерін жора-жолдастарының үгіт сөздері жеңіп кетеді. Олар шарап ішуді, шылым шегуді өтінеді. Сондай кезде зиянды нәрсеге берілмейтін жігер мен тәртіптеріңді іске қосыңыздар, себебі бір-екі реттен басталған зиянды нәрсе өзіне тәуелді етіп алады деп жастарға ақыл-кеңесімізді ұсынамыз. Ішімдік пен есірткінің адам ағзасына әсерін айтар болсақ, оны ми жасушаларының, жүйке жүйесі қызметінің және жалпы ағзаның уы деп атауға болады. Олар әрі еліктіргіш, баурағыш, есірткіш болып саналады. Орталық жүйке жүйесінің қозу қызметі артып, тежеу нашарлағанда адам соншалық көңілді, не қайғылы болып кетеді. Өзіне жанашырлық танытып, зиянды әдеттен тыйдырғысы келген адаммен өштесуге дейін барады. Тіпті өздерін-өзі ұстай алмай, көз алдындағы нәрселер басқаша болып көрінеді. Қоғамдағы қылмыстың көп мөлшерін осы маскүнемдер мен нашақорлар жасайды дегенге толық негіз де бар. Себебі байқаусызда адамға дене жарақатын салып, тіпті өлтіріп алғандардың көп жағдайына осы зиянды нәрселерді пайдаланғандар себеп. Арақ ішкісі келсе немесе есірткі алу керек болғанда өзінде жоқ қаражатты біреуден тартып алу немесе ұрлық жасауды да осы зиянды нәрсемен дос болғандар жасап жатыр. Керек десеңіз, педофиль қылмысын жасайтын да сана сезімі арақ немесе есірткі уымен уланғандардан көп шығады. Адам өмірге нашақор, ішкіш немесе жасөспірімдерді зорлағыш зұлым болып туылмайды. Адамды айуандыққа түсіретін осы зиянды нәрселер. Мақала соңын Сенеканың сөзімен аяқтағанды жөн көрдім. Ол: «бізге берілген ғұмыр қысқа емес, оны өзіміз қысқартамыз. Біз ғұмырға тапшы емеспіз, бірақ оны ысырапқорлықпен пайдаланамыз. Егер ғұмырды шебер пайдалана білсек, ол – ұзақ» деген. Жоғарыда айтылған сөздер - осының дәлелі. Адам өзін-өзі ішімдік ішіп, наша қолдану арқылы өмір сүре алады, бірақ уақытша. Негізінен адам жаны – рухы, жаратылыста пәк және таза, денесі де кінәраттан аулақ. Абайсызда денені баурап алған түрлі дерт тән саулығымызды бұзады, ауруға душар етеді. Бірақ емдеу арқылы адам сауығады.Клара ҚАНСҰЛТАНОВА