АИТВ-мен өмір сүру — үмітсіздік емес
[ 2017 ] 10 қараша, 07:13 | Жаңалықтар
Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) түрлі жолдармен жұқтырып алғанын білген адамдардың біріншіден, өз өміріне қауіп төнгенінен үрейленіп, сосын жанына жақын адамдарының жағдайын ойлап, мазасызданатыны белгілі. Соңы ЖИТС-ке айналып кету қаупі бар бұл дерттің емі табылмағандықтан «бәрі бітті» деп, өзіне өзі үкім шығарып, күйзеліске түсіп жатады. Шынында да солай ма? Қанынан АИТВ анықталғандар емделуден үміттене ала ма? Осы тақілеттес сауалдардың жауабын ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың диспансерлік бөлімінің меңгерушісі Әлия Төлемісқызы ЖИЕНҒАЛИЕВА берді.
- Әлия Төлемісқызы, АИТ вирусын жұқтырғандар бірден ЖИТС-ке шалдығып ме?
- Жоқ, олай емес. Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамның қорғаныс қабілеті әлсірейді.
Сөйтіп, бұл осы инфекциямен ілесе жүретін инфекцияларды–туберкулез, токсоплазмма, гепатит сияқты қауіпті ауруларды жұқтыруға апарып соқтыруы мүмкін. Иммун жүйесін зақымдаудың едәуір кейінгі кезеңі қатерлі ісіктің дамуына және аурудың соңғы сатысы—жұқтырылған иммун тапшылығы вирусы синдромына (ЖИТС-қа) ұласады. АИТВ жұқтырылған адамдар емделмесе, олардың көпшілігінде АИТВ диагнозы қойылған кезден бастап ЖИТС-тың дамуына дейін шамамен 10-15жыл өтеді.
- Осы уақыт аралығында АИТВ-дан емделуге бола ма?
- Өкінішке орай, әлемдегі қазіргі заманғы медицина жетістіктеріне үміт артқанмен, күні бүгінге дейін осы ауруды толық емдеп шығаратын дәрі-дәрмек өндірілген жоқ. Дегенмен, вирустың қайта өрбуін баяулатуға, яғни оның ағзадағы мөлшерін азайтуға бағытталған антиретровирусты препараттар бар. Антиретровирусты терапия (АРТ) пациент қанында вирусты РНК («вирус жүктемесі», не «виремия» ретінде белгілі) шоғырлануын төмендетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымы бойынша оны емдеуші дәрігер барлық қажетті тестілерді өткізгеннен және ол жеке дара емдеуді бастау уақытын белгілегеннен кейін ғана қолданылады. Сондай-ақ ДДҰ ұсынымына сәйкес жоғары белсенді антиретровирусты терапия бір мезгілде күшті әсер ететін үш-төрт дәрі-дәрмек қабылдаудан тұрады. Антиретровирусты препараттардың үш тобы бар: кері транскриптаздың нуклеозидты ингибиторлары (КТНИ), кері транскриптаздың нуклеозидты ингибиторлары (КТНТ) және протеазингибиторлары. Терапияның тиімділігі оны бастағаннан кейін 6-12 айдан соң клиникалық зерттеу көмегімен анықталады. Мейлінше дұрысы қандағы вирустың РНК деңгейін (вирусты жүктемесін) анықтау болып табылады. Алайда егер осы тест қолжетімді болмаса, CD4 лимфоциттер деңгейін өлшеуге кәдімгі өлшемдер пайдаланылады, сол арқылы аурудың өршуі және қолданылған схеманың тиімділігі туралы тұжырым жасауға болады. Әр түрлі дерек көздеріне сенсек, АИТВ тасымалдаушылардың 50 пайыздайы екі-үш жыл емделгеннен кейін терапиядан бас тартады. Соның салдарынан науқастың өзі ауруының тез өршуі мен өмір сүру сапасының нашарлауына себепші болады. Ал АИТВ-ны емдеу өмір бойы болатындығын есте сақтау керек. Емді тоқтатуға болмайды. Әйтпесе, терапия тоқтатылғаннан кейін көп кешікпей вирустың тіршілік ету тізбегі қайтадан «бас көтеріп», иммунды қабілетті жасушалар қырылуының жаңа белдеуінің басталуына, иммунитеттің нашарлауына, жаңа инфекциялардың қосылуына және ЖИТС-тың дамуына дейін апарып соқтырады.
- Науқастар емді неге үзеді? Бәлкім, бұл дәрі-дәрмектер қабылдау оларға қиындық тудыратын болар?
- Шындығында, бұл терапия пациенттің әдеттегі өмір сүру ережесіне ерекше өзгерістер енгізбейді, АРТ препаратын өзіндік схемаға сай күніне бір, не екі рет қана қабылдайды. Оны қабылдаудың диабетпен, қалқанша безі ауруымен, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастар қабылдайтын дәрі-дәрмектер режимінен еш айырмашылығы жоқ. Тек таблеткаларды ішу уақытын жіберіп алмау керек. Яғни, дәрі қабылдаудың стандартты уақыты 2 сағаттан кешікпейтін мезгілде келесі дозасы туралы ұмытып кетпесе, болды. Пациент барлық препараттардың қажетті дозасының кемінде 95% қабылдаған кезде АРТ-ның тиімді болатындығын статистика көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, АРТ құрауыштарының пациенттің қабылдайтын басқа да дәрілік препараттармен ықтимал дәрілік өзара әрекеті жөнінде еске ұстаған жөн. Кейде соңғысы АРТ тиімділігін күшейтуі, ал кейде, керісінше, оның тиімділігін азайтуы мүмкін. Дәрілік өзара әрекеттесудің тиімділігі пациенттің қосымша қабылдайтын препараттарының фармакокинетикасына–қанда барынша шоғырланымға жетісу жылдамдығына, жартылай бөліп шығару кезеңіне, ішекте сорылып, сіңірілуіне байланысты болады. Сондықтан дәрігер-инфекционистен кеңес алмайынша, АРТ аясында ешқандай қосымша дәрілік заттарды қабылдауды бастамау керек. Тіпті ауруды басатын дәрі-дәрмектерді, не өсімдік заттарын (фитотерапия) қабылдау кезінде де алдын ала дәрігерден кеңес алуы тиіс. Өйткені, олардың әсерінен асқазан сөлінің қышқылдығын төмендету үшін қабылданатын дәрі-дәрмектердің (мысалы, протонды помпа ингибиторлары) немесе кейбір антибиотиктердің (макролидтер) әсерінен әлсіреп, баяулауы мүмкін. Және керісінше, кәдімгі грейпфрут сөлі кейбірінің тиімділігін көп рет ұлғайтады. Сонымен бірге АРТ үшін қабылданатын дәрілердің тиімділігін төмендететін кері әсері де байқалады. Мысалы, АРТ-ның әсерінен кейбір гормоналды препараттарға қарсы заттар тез бөлініп шығатындықтан АРТ қабылдайтын әйелдерге контрацепцияның қосымша әдістерін пайдалану ұсынылады. АРТ препараттарын қабылдау кезінде АИТВ-ны емдеуге тұрақты түрде қабылдайтын таблеткалар зиянды және қосылған улы әсері кері қайтпайды деп таралған қауесетке сенбеу керек. Рас, АИТВ терапиясының жағымсыз әсері болады. Бірақ дәрігер науқастың тағайындалатын дәрі-дәрмектерге мейлінше сезімталдығын бағдарлау және бойындағы жағымсыз симптомдарын қоса біріктіру үшін оны азайтуына, ал қажетті тексеріліп-қаралудан өтсе, оны барынша азайтуға және нөлге келтіруге болады.
- АРТ-ның жағымсыз әсеріне тоқталсаңыз.
- АРТ-ның жағымсыз әсерін «ертерек» және «кешірек» деп екіше бөледі. «Ертерек» әсеріне іш өту, жүрек айну, құсу, шөлдеу, іштің ауруы, шаршау, ұйқысыздық, шаштың түсуі, диспепсия секілді белгілер жатады. Кейде қарапайым зерттеу жолымен анықталатын қан өндіру жүйесіндегі өзгерістер де байқалады. Мысалы, қанның жалпы талдамасы (нейтрофилдер немесе нейтропения мөлшерінің азаюы) немесе биохимиялық зерттеулер (АЛТ, АСТ деңгейінің артуы («бауыр сынамасы»). Осынау барлық жағымсыз құбылыстардың қысқа мезгілде болатындығын, сондай-ақ осылардың пайда болуы тұтастай алғанда АРТ-мен емес, қайта белгілі бір топтың белгілі бір препаратты қабылдауымен бірігетіндігін есте ұстау керек. АРТ-ның «кешірек» әсеріне препаратты қабылдағаннан кейін көп айлар, не жылдар өткен соң пайда болатын жағымсыз құбылыстар жатады. Бұлардың қатарынан мейлінше елеулісіне көмірсутегі алмасуының бұзылуы (қандағы қант деңгейінің, диабеттің дамуына дейін артуы) және липидтік (майлы) алмасудың өзгерісі жатады. Бұл өзгерістерді дер кезінде диагностикалау өте маңызды. Өйткені, «ертерек» әсерінен емделмегендіктен оларды пациент байқаусыз қалдырып, жүрек-қан тамырлары ауруын инфаркке дейін ұлғайтуы мүмкін. Қандағы қант деңгейінің өсуі секілді АРТ препаратының қолайсыз «кешірек» әсерін бастапқы сатысында диетаның көмегімен және өмір сүру салтын өзгерту арқылы жеңіл біріктіруге болады. Мұны кейіннен жасау қиынға соғады. Көмірсутегі алмасуының бұзылуы өсе түседі де, науқастың ауруы 2-типтегі диабеттің дамуына дейін жетпек. Міне, сондықтан АРТ-терапиясын қабылдайтын пациенттер үшін көмірсутегі (ашқарында қандағы қант деңгейі) және липидтік (жалпы және триглицеридтер деңгейін, ал қажетіне қарай–барынша кеңірек зерттеу, т.н. липидограмма) көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылаудың маңызы зор.
- АРТ терапиясы дұрыс қабылданар болса, науқастардың толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ете алады екен. Дұрыс түсіндім бе?
- Иә. Бүгінде АРТ терапиясы пациентті толық емдеп, жаза алмағанымен, ол оның өмірінің едәуір ұзаруына себеп бола алады. Диагнозы расталғаннан кейін ДДҰ ұсынған терапия схемаларының бірін уақытылы бастау және оны мұқият қалыпты ұстау, барлық жағымсыз әсері, терапия аясындағы көңіл-күйі, қосымша қабылдайтын препараттары, сондай-ақ, тағайындалған тексеріліп-қаралудан өтуі туралы емдеуші дәрігерге дер кезінде хабарлап отыру керек. Вирусты жүктемені немесе CD4+-лимфоциттер деңгейін жүйелі түрде өлшеу емдеу тиімділігі туралы тұжырым жасауға мүмкіндік бермек. АРТ терапиясын дұрыс іріктеу кезінде дәрігердің ұсынымдарын сақтау мен жүйелі түрде бақылап-тексеру арқылы ұзақ та толыққанды өмір сүруіне кепілдік беріледі. Сондықтан өз пациенттеріме бүгінгі күнге дейін ешкімнің де АИТВ инфекциясынан қайтыс болмағанын, қайта ілеспелі аурулардан қайтыс болатынын айтқым келеді. Терапияны ертерек бастау және дәрі-дәрмектерді қабылдау режимін сақтау науқастың денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Бүгінде АИТВ жұқтырылған 132 адамның терапия алатыны–82. Жыл соңына дейін емдеуге шамамен 90 адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Олардың арасында 5-6 жыл бойы терапия қабылдап, дені сау бала туған аналар да бар. Бұл емдеу шараларынан үміт күтуге болатынын көрсетсе керек.
Сұхбаттасқан Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
1172
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.