Биыл Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне - 25 жыл. Аймақтағы әр салада бөлінген қаражат пен оның дұрыс игерілуіне қадағалау жасайтын аталмыш мекемеде бүгінгі таңда 19 адам жұмыс істейді.
Тарихына көз жүгіртер болсақ, мекеме 1992 жылы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы мемлекеттік қаржы бақылау комитеті болып құрылған. Комитет Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік басқару органдарының жүйесіне кірген. 1995 жылы 19 қазанда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетiлдiру туралы Мемлекет басшысының №2541 Жарлығына сай Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы қаржы-валюталық бақылау комитетi болып қайта құрылған. Комитет бірнеше рет таратылып, қайтадан құрылып, 2016 жылдың мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті болып аталды.
Мекемені алғаш құрылған жылдары Дүйсенғали Дандикулов, Ізбасар Сарбеков, Маман Жаңбырбаев, Асылбек Сәрсенғалиев, Мұрат Ешанкулов басқарып, табысты еңбек етті. Бүгінгі таңда мекеменің тізгіні, білікті басшы - Сәкен Қасымов.
Еліміздің қарыштап дамуына, көптеген жетістіктерге жетуіне ішкі мемлекеттік аудит департаменті де өз үлестерін қосып келеді. Бұл сала мамандары өздеріне жүктелген қызмет түрлерін толық және сапалы орындап, нәтижелі жұмыс жасауда. Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2017 жылдың 9 айында 120 аудиторлық тексеріс жүргізген. Мекемеге жеке және заңды тұлғалардан 303 өтініш түсіп, оның 251-і қаралып, оң шешімін тапқан. Қызметкерлердің сапалы жұмыс жасауының қорытындысында 840,7 млн. теңгенің орынсыз жұмсалғаны анықталып, бюджетке 439,6 млн. теңге қайтарылған.
Биылғы жылы жүргізілген тексерістер барысында тұрғын-үй құрылыс саласына бөлінген қаражаттардың заңсыз игерілгендігі анықталған. «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік кәсіпорнында 33, 34 шағынаудандарда тұрғын үй салу кезінде жасалынбаған құрылыс-монтаждық жұмыстарына ақша төлегені анықталып, 145 970,4 мың теңгені қалпына келтіруге тапсырма берген. Одан бөлек, «Маңғыстау облысы құрылыс басқармасы» мемлекеттік кәсіпорнында «Ақтау қаласы 33-ші шағынауданындағы «Аққу» l-ші ширетін абаттандыру және ішкі кварталдық инженерлік құрылымдарының құрылысы» бойынша 240 341,6 мың теңгенің дұрыс игерілмегені әшкеріленген. Сонымен қатар, Мұнайлы аудандық орталық емханасы айлық табысқа үстеме ақыны артық есептеп, 22 314,5 мың теңгені жымқырғаны анықталып, заң бұзушылық қазіргі кезде қалпына келтірілуде. Қызметкерлеріне себепсіз жалақы төлеген Маңғыстау ауданына қарасты «Аяулым» балабақшасынан да 1 844,9 мың теңге бюджетке қайтарылуда.
- Бұдан басқа есептік кезеңде құқық қорғау органдарының тексеру талаптарына сәйкес, департамент мамандарының қорытындысына сай жалпы соммасы 236,9 млн. теңге құқық бұзушылық анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес 236 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде Департамент бастамасымен 15,6 млн. теңге анықталып, казіргі таңда 12,7 млн.теңге бюджетке кері қайтарылды. Одан басқа, есептi мерзiмде камералдық бақылауымен қатар департаментпен жеке тұлғадан және ұйымдастырушылармен тапсырыс берушілердің іс әректіне заңды тұлғадан түскен 213 өтініш қаралды, қорытынды бойынша 103 өтініш қанағаттандырылған, яғни, өтiнiш берушiлердiң дәлелі расталған немесе iшiнара расталған. Есептi мерзiмде департаментте облыстың аймақтық органдардан қазынашылығынан түскен 159 келісімшарт қаралды. Оның ішінде 91 келісімшартта Қазақстан Республикасының заң бұзушылығы анықталды. Департаментпен анықталған бұзушылықтар бойынша 91 ұсынысқа жауап жіберілді, оның iшiнде 35 келісімшарт бойынша лауазымды тұлға тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды. Біздің жұмысымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Біздің мекеме қызметкерлері Маңғыстау облысының қаржылық бақылау жүйесінің дамуына және бюджет қаражатының тиімді пайдалануына өз үлесін қосатын болады. Өңірде бюджет қаражатының дұрыс игерілуін қадағалап, заңсыз жұмсалған қаражаттарды анықтауды жалғастырамыз. Біздің ұстанымымыз - бюджет қаржысы сапалы әрі мерзімінде игерілуі керек, - дейді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi ішкі мемлекеттік аудит комитетітінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН