Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов және ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құрманбек Жұмағали үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерімен танысты.
Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының мәні мен оның аясында атқарылар істер түсіндірілді.
– Рухани жаңғыру деген не? Ол – жаның ашу. Атамекенге, рухани қазынаңа жаның ашу, тәлім-тәрбие не болып жатыр, соған көзіңді ашып қарау. Ақпарат толқыны деген тек теледидардан сөйлеу емес, ең болмағанда әйеліңмен, үйіңдегі балаңмен, көрші, туған-туысыңмен жақсы қарым-қатынаста болу. Қазақ өзі адамды төртке бөліпті: хандар, ғұлама ғалымдар, батырлар мен билер және құлдар. Алдыңғы үшеуі белгілі, ал құлды қалай танимын дегенде «Сыйласаң - сыйламайды. Сыйламасаң - сыйлайды, белгісі сондай» деген екен. Оған жалбақшып, жағдайын жасасаң, сыйламайды, күш көрсетсең, алдыңда құрдай жорғалайды. Ал сондай адамдар қазір азайды ма, көбейіп бара ма? – деп Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов көпшілікке ой тастады.
- Біз басқасын айтпай-ақ қояйық, бір ғана Маңғыстаудың 362 әулиесі бар. Бүкіл республикаға мақтануымызға болады. Әрбір балбал тасы, әр тасының асты тұнып жатқан тарих. Оны айтатын уақыт келді ғой. Ақсақалдарымыз бар, кейуаналарымыз, міне, отыр. Сіздер айтпағанда, мемлекеттік емес ұйымдар айтпағанда, оны кім айтады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Егер біз жұмыла көтеретін, бір-бірімізді түсінетін болсақ, алмайтын қамал, бұзбайтын қорғанымыз жоқ. Есігіміз әрқашан ашық. Келіңіздер, айтыңыздар, ұсыныстарыңызды ортаға салыңыздар, - деген Мақсат Сқақов ауызбіршіліктің басты құндылық екенін баса айтты. Атамекенге, елге құрмет, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, рухани қазынаны сақтау сынды әрекеттер арқылы рухани жаңғырудың жүзеге асатынын жеткізді.
Бұдан соң жиынға қатысушы үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғамдық қор мүшелері, жеке кәсіпкерлер өз жұмыстарының бағытын айтып, ондағы кездескен мәселелерді ортаға салды. Олардың басым бөлігі атқарылған жұмыстарын БАҚ беттерінде жариялау тұрғысында кедергіге тап болатынын алға тартты. "Үкіметтік емес ұйымдар "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысады, сондықтан олардың атқарып жатқан жұмыстарын көбірек насихаттауымыз, жарнамалауымыз керек", - дейді олар.
- Күн сайын қаншама адам бізге әртүрлі мәселемен келеді. Олардың мәселелерін шешуге көмек көрсеткенімізбен, оны жариялап айтып, газетке шығара алмаймыз. Себебі ол азаматтар тарапынан көбіне қарсылық болады. Көпке жария болмағанымен, осы секілді біршама атқарып жатқан жұмыстарымыз бар. Сондай-ақ, қоғамдық ұйым немен айналысып жатыр, қандай мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста, қандай шараға қатысып жатыр дегеннің бәрін есепке алып, анализ жасап отыруларыңыз қажет, - дегенді айтты "Жастар жетістіктері" қоғамдық қорының төрайымы Жақсыгүл Махамбетова.
- Келер жылы демократиялық сайлау өткізіп, ортақ комиссия құрсақ деген ой бар. Арнайы комиссияны бекітеміз. Олар айына бір рет кездесу ұйымдастырып отырады. «Осы айда не атқардық? Қай ұйым қандай кемшілік жасады? Қандай жетістікке жетті? Қай тұста қандай қолдау жасауымыз қажет?» осы тәрізді мәселелерді айына бір рет талқылап тұрсақ, - деген ұсыныс тастады МО Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құрманбек Жұмағали.
Бұл ұсынысты қатысушылар бір ауыздан қолдады. Енді ол алдағы жылдың басынан жүзеге асырылмақ.
- Қаңтар айынан бастап іске кірісеміз. Бір-біріміздің жұмысымызға баға береміз, жетпей жатқан тұсы болса, көмектесеміз және алдағы айға жоспар құрып отырамыз, - деді ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құрманбек Жұмағали.
Сондай-ақ ол үкіметтік емес ұйым өкілдеріне Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінен парақша ашып, жұмыстары жөнінде ақпарат таратуды ұсынды.
- Лотты аудандарға бөлек беретін болғандықтан, біздің аудандардан арамыз ажырап қалды. Сондықтан алдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа аудандарды қатысты қылуымыз керек деп ойлаймын. Бұл - байланыс үшін өте маңызды. Тәжірибе алмасады, осында келіп жасалған жұмыстарын көрсетеді. Ал олар облысқа келмегендіктен, көп нәрседен тыс қалып қояды. Екіншіден, қоғамдық ұйымдар лот алса да, алмаса да ішкі саясат басқармасы олармен тығыз қарым-қатынас жасауы керек, - деді "Жастар жетістіктері" қоғамдық қорының төрайымы Жақсыгүл Махамбетова.
Сонымен қатар, Бейнеу ауданына лот бөлу жөніндегі тұрғындар ұсынысы да өз жауабын алды.
- Бейнеуде лот жоқ екенінен хабардармын. Бұл жөнінде ол жақтың әкімімен сөйлестім. Оның үстіне Бейнеу облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан бұл - ойда жүрген дүние, - деді Құрманбек Жұмағали. Ол бұдан бөлек алдағы жылы қайырымдылық мақсатындағы тележоба қолға алынатынын айтып өтті.
- Облыстық «Man’g’ystay’» телеарнасында келер жылы «Қайырымдылық керуені» атты жаңа бағдарлама көрерменге жол тартады. Әр тоқсан сайын экранға шығатын тікелей эфирдегі хабарды барлық облыс тұрғындары тамашалайды. Ол арқылы тұрғындар қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік алады.
Кездесуде айтылған ұсыныстар, талқыланған тақырыптар мен мәселелер қарастырылатын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ