©
Қазанның айының ортасында Ақтауда жауын жауып, жарты жыл бұрын пайдалануға берілген спорт кешенінің шатырынан су кеткен болатын. Бұл жағдай кешен қызметкерлері мен үйірмеге қатысатын балаларға қолайсыздық туғызды. Өйткені ғимараттың кейбір залдары балалар үшін сабақ өткізуге ыңғайсыз болған.
«Маңғыстау аренаның» директоры Зейнолла Оңайбаев екі жылдық кепілдігі бар мердігер мекемеге жағдайды түзету туралы өтініш білдірген. Мердігер, өз кезегінде, мәселенің қазан айының соңына дейін шешілетінін жеткізген.
Осыған орай жауапты мекемелер қалпына келтіру жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді.
- Аренаның төбесі 2015 жылы жабылған. Пайдалану кезінде бірінші рет шатырынан су кетті. Оны қазір біз қалыпқа келтірдік, су ақпайды. Кешен құрылысы бекітілген жоба бойынша салынған. Біздің екі жылдық кепілдемеміз бар. Ол келесі 2018 жылдың қараша айында аяқталады. Соған дейін ұсақ-түйек кемшіліктер кетіп жатса, қалыпқа келтіріп беріп отырамыз, - деді «Нұрсәт» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Бегеев Сәбит.
Зейнолла Оңайбаевтың айтуынша, қазір жағдай тұрақталып, спорт кешені толық жұмыс істеп жатыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН