Бүгін Ақтауда Каспий теңізінің гидрометеорологиясы және ластану мониторингі жөніндегі үйлестіру комитетінің ІІ (22) сессиясы басталды.
Отырыс барысында Каспий теңізінің болжау секторларындағы Ұлттық гидрометеорологиялық орталық қызметі, Каспий бассейні теңіз және сағалық бақылау желілерін дамыту мәселелері қаралды.
Сессияға Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан елдері өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, қатысушылар қатарында мемлекеттік сектор өкілдері, ғылыми қоғамдастық, Каспий теңізінің су айдындарын жақсартуға мүдделі жеке компаниялар мен ұйым мүшелері де болды.
Жиында Қазақстанның мемлекеттік «Гидрометеорологиялық мониторинг жүргізу» және Каспий аймағындағы ұлттық гидромет қызметтері арасындағы ынтымақтастық бағдарламаларына, сонымен қатар, бұған дейінгі CASPCOM сессияларында қабылданған шешімдерді іске асыруға ерекше көңіл бөлінді.
- Қазіргі уақытта жағалаудағы бақылау төрт теңіз гидрометеорологиялық станциясында жүргізіледі: Пешной, Құлалы аралдары, Форт-Шевченко, Ақтау және алты теңіз гидрометеорологиялық бекетте: Жанбай, Иголкино, Кендірлі, Құрық, Саура және Құмды мүйісте. Қазгидромет ай сайын Каспий теңізінің қазақстандық секторына шолу жүргізеді. 2016 жылы және 2017 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін 170 құбылыс тіркелді. Ауытқу амплитудасы 1,42 м болды. Қауіпті метеорологиялық құбылыстарға жүйелі түрде талдау жүргізіледі. Каспий аймағындағы жиі қайталанатын қауіп – тұман. 2016 және 2017 жылдың бірінші жартысында «қауіпті» деген 706 құбылыс тіркелді.
Форт-Шевченко жағалауының айлық орташа деңгейі есептеліп, телефон арқылы Ресейдің Гидромет орталығына жіберіледі, ол жақтан біз нақты және орташа деңгейдегі су балансының сипаттамаларын аламыз. Каспий теңiзiнiң теңiз балансы Росгидрометтің Океанографиялық Институтында есептеліп, теңіз жылнамасына (қазақстандық жағалау) енгізіледі, - деді "Қазгидромет" РМК бас директоры Қынатов Марат.
Қазгидромет «Каспий теңізі режимі, Қазақстан жағалауы туралы жыл сайынғы деректер» каталогын жариялайды. Жылына екі рет Каспий теңізі туралы ақпаратты қамтитын Қазақстан Республикасының аумағында байқалатын табиғи гидрометеорологиялық құбылыстар туралы зерттеулер жүргізеді.
Осы және өзге де мәселелер талқыланатын Каспий жағалауы елдерінің сессиясы ертең де жалғасын табады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="41223,41222,41221,41220,41219,41218,41217,41216"]