Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен жүздесті. Кездесуде қатысушылардың өңірдің экономикалық, әлеуметтік хал-ахуалына қатысты ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдады.
Жиында депутаттар мен бірқатар ардагерлер үкімет басшысына аймақтағы өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.
Маңғыстау облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Серікбай Төлепов «Қошқар ата» қалдық қоймасының қалпына келтіру жұмысына қатысты сұрады:
- Біраздан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – «Қошқар ата» қоймасын зарарсыздандыру. Ашық қалған топырақтың құрамындағы радиоактивті қалдықтардың улы шаң-тозаңы қоршаған ортаға, қала және аудан тұрғындарының денсаулығына зиянды әсерін тигізуде. Ол қойманы қалпына келтіру жұмыстарының жобасы жасалған, техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның қаржылық құны 17,5 миллиард теңгені құрайды. Енді Маңғыстау халқы осы жобаны тезірек іске асыруын асыға күтуде. Облыс ардагерлері атынан сізден осы мәселені түбегейлі шешуді сұраймыз, - деді Серікба Төлепов.
Бұл мәселеге қатысты ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев былай деп жауап берді:
– Бұл – өте маңызды жоба. Алдағы жылға 2 млрд теңге, 2019-2020 жылдарға 3 млрд теңге қарастыру жоспарланып отыр. Келесі жылы бұл жұмыстар басталады.
Бұдан соң облыс ардагері Даржок Сейбағытов аймақтағы және көрші мемлекеттерге қатынайтын жолдарға қатысты мәселелерді алға тартты.
– Қазір елімізде жол мәселесі шешімін тауып келе жатыр. Халық оның пайдасын көріп отыр. Соның бірі – "Бейнеу - Шетпе - Жетібай - Ақтау" жолы аяқталуға жақын. Одан соң "Жетібай - Жаңаөзен" жолы да өте қажет жолдардың бірі. Халық асыға күтіп жүрген Бейнеуден Өзбекстанға баратын жолдың құрылысы да басталып жатыр. Енді "Жаңаөзен - Түрікменстан" жолы салынса деген тілегіміз бар, – деген ардагердің ұсынысына ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек оның жақын жылдары жүзеге асатынын айтты.
– Осы жылы Маңғыстаудың жолдарына 33-34 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 29 миллиарды республикалық маңызы бар жолдарға арналған. Биыл желтоқсан айына дейін "Бейнеу-Шетпе" жолын аяқтаймыз. Ал "Шетпе-Ақтау" жолына 14 миллиард теңге бөлініп, ол келесі жылы толықтай аяқталады. 2019 жылы "Жаңаөзен-Түркменстан" жолының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Дегенмен Түрікменстан жағы да бізбен бірге ол құрылысты бастауы қажет. Бұл мәселені келесі жылдың бірінші тоқсанында шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Осы жылдың бюджетін нақты алған кезде 10 миллиард теңгені жергілікті жолдарға қостық, оның ішінде 7,7 миллиард Құрық портына баратын жолға, 2 миллиарды "Бекет-Ата жолына" бөлінді, – деді Жеңіс Қасымбек.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет архивтен