©
Бұл туралы бүгінгі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған шараларын қорытындылады.
Жиында облыстық жергілікті және орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің кадр мәселесінің жай-күйі және мемлекеттік қызмет заңнамасы мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуы сөз болды. Оған аймақтағы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен персоналды басқару қызметтерінің басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.
9 ай ішінде Департаментке 139 өтініш түсіп, 33 тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде 174 заң бұзушылық тіркеліп, оларды жою мақсатында ұсыныстар енгізілген. Бұл туралы аумақтық департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Амангелдіұлы баяндамасында мәлімдеді. Бұл көрсеткіштер өткен жылдары азайып келген болса, биыл қайта өскен. Яғни, тексерулер 2,5 есеге, заң бұзушылықтар 4 есеге артқан.
- Бұл көрсеткіштің барлығы өздеріңіз секілді әріптестеріміздің заң бұзушылықтары салдарынан болып жатыр. Заң бұзушылық көбейген сайын мемлекеттік органдарда заң білмеушілік, заң талаптарын сақтамаушылық әрекеттерінің барын байқаймыз. Сондықтан лауазымдарыңызды абыроймен, адал атқарсаңыздар. Заңды бір оқып шығып, содан соң халыққа қызмет көрсетсеңіздер, мұндай нәтиже біздің өңірде азаяды ғой деп ойлаймын. Облысымыз 9 ай нәтижесінде құқық бұзушылық бойынша алдыңғы орында тұр. Сондықтан жылдың аяғында мұны азайтуымыз керек, - деп нақты айтты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысы Нұргүл Жанназарова.
Басқосуда Департамент басшысы мен баяндамашылар құқық бұзған, жемқорлыққа қатысты іс қозғалған мемлекеттік қызметкерлерді, мемлекеттік орган басшыларының аттарын атап, түстерін түстеп көрсетті.
Әкімшілік практика бойынша есептік кезеңде ҚР ӘҚБтК-нің 99 бабы 1 тармағымен конкурс өткізу тәртібін бұзғаны үшін 9 лауазымды тұлғаға, 99 бабы 2 тармағымен заңсыз қызметтен босатқаны үшін 2 лауазымды тұлғаға айыппұл салынған. Сондай-ақ жол полициясы қызметкеріне 1000 теңге көлемінде заңсыз сыйақы бергені үшін 676 бабымен әкімшілік іс қаралған. Шаралар негізінде жалпы құны 1 511 154 теңге әкімшілік айыппұл өндірілген.
Оған қоса, қызметкерлерге негізсіз берілген сыйақы мен заңсыз аударылған еңбекақы 151 792 теңге қаржы мемлекет бюджетіне кері қайтарылған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН