©
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың бүгінгі өңір халқымен кездесуінде бірқатар әлеуметтік, экономикалық мәселелер ортаға салынды.
Жиын басында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып өтті.
Ал қатысушылардың ұсыныстары мен сұрақтарына байланысты ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой және ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин түсініктеме берді.
Ауыз су мәселесі бойынша тұщыландырылған су көлемін арттыруға қатысты «Каспий» тұщыландыру зауытының директоры Владимир Мурашко ұсынысын білдірсе, өңірдің экологиялық жағдайына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлепов өз алаңдаушылығын жеткізді. Ал қоғам қайраткері, ардагер Даржок Сейбағытов аймақта және көрші елдерге қатынайтын көлік магистралін дамыту жайлы сөз қозғап, Мұнайлы ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Табылды Әміров Мұнайлы ауданынан жаңа аурухана салу мәселесін көтерді.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой облыс деңгейінде концепция дайындалғанын, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға жіберілгенін мәлімдеді.
Ақтау қаласының іргесіндегі Ақшұқыр ауылында халық санының өсуіне байланысты мектептегі бала саны да артқан. Осыған орай Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова ауылда мектеп құрылысын бастау ұсынысын алға тартты. ҚР білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселенің алдағы жылдары қарастырылатынын жеткізді.
- Сметалық жобалар мемлекеттік экспертизадан өтіп, министрлікке бюджеттік ұсынымды бергеннен кейін келесі жылы бұл мәселені бюджет шеңберінде міндетті түрде қарастыратын боламыз. Жалпы, биыл Маңғыстау облысы бойынша 8 мектептің құрылысын бастадық, - деді ол.
Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағын Қырымқұлов қазіргі жанар-жағармай тапшылығын алға тартып, Маңғыстаудан тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды.
Премьер-Министр еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының жаңартылу жұмыстары аяқталып қалғанын, келесі жылы сұранысты толық қанағаттандыратынын жеткізді. Өйткені жаңарту жұмыстары біткен соң 2 миллион тоннадай өнім артылады.
Кеңес барысында Үкімет басшысы Маңғыстау облысының даму қарқынының жоғары екенін, өңірдің Қазақстанның транзиттік потенциалына қосар үлесі мол екенін атап өтті.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет primeminister.kz сайтынан