©
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Маңғыстауға жұмыс сапары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы құбырлар дайындайтын «ҚазТурбоРемонт» ЖШС-ның цехында жалғасты. Цехта еліміздің Премьер-Министріне өңір экономикасын әртараптандыру, жұмыспен қамту, индустриалды- өнеркәсіптік кластер құру арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар таныстырылды. Арнайы экономикалық аймақта 2003 – 2016 жылдары құны 85,2 млрд.теңге болатын 15 жоба жүзеге асып, 1083 жаңа жұмыс орны құрылған. Осы жылы 9,3 млрд.теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру арқылы 480 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Осы жобалардың бірі – құбыр дайындау цехы. «ArcellorMittal Tubular products Aktau» АҚ-ның тапсырысын орындайтын өндіріс орнында құрылыс- монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда мұнда жұмыс істейтін 70 адам цехты желтоқсан айында ашуға дайындық үстінде. Сапар барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев цехты аралап, дайындық жұмыстарын көрді. – Қызметкерлер диаметрі 14 дюймнен 26 дюймге шейінгі көлемдегі құбырларды дәнекерлеу жұмыстарын жасауда. Алғашқы өнімдерімізді келісім-шарт бойынша «Тенгизшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жібердік. Тәулігіне әртүрлі көлемдегі 25 құбырды дайындаймыз. Мамандарымыз екі ауысыммен жұмыс жасайды. Соңғы үлгідегі техникалар мен құрал- жабдықтар Голландия, Германия, Бельгия мемлекеттерінен әкелінді.Жобаның құны 20 млн.АҚШ долларын құрайды. Цех толық қуатында жұмыс істей бастағанда 80 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді «ҚазТурбоРемонт» ЖШС-ның цех директоры Асқар Әбдіжаппаров.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40149,40151,40150"]