©
Жәрмеңкеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген он саусағынан өнер тамған шеберлер, қолөнершілер, зергерлер мен суретшілер қатысып жатыр. Олар Елордадағы «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің "Этноауыл" мен "Көшпенділер" павильонында өз туындыларын көпке ұсынған.
Шеберлер Маңғыстау, Аламты, Талдықорған, Түркістан, Астана, Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларынан келген.
Жәрмеңке 25-29 қазан аралығында өтеді. 5 күн бойы дәстүр сабақтастығын үзбеген, мәдени құндылығын жоймаған дүниелерді Маңғыстау жұртшылығына ұсынбақ.
– «Рухани жаңғыру» аясында өтіп жатқан жәрмеңкедегі шеберлеріміздің барлығы «Экспо-2017» көрмесіне қатысқан болатын. Оған келе алмаған қаншама халық бар. Сондықтан елді өзіміз аралап шығуға бел будық. Көрме-жәрмеңке «Керуен» деп аталады. Өйткені Біз Ақтау қаласынан бастап, Жаңаөзен, Атырау, Құлсары, Орал, Ақсай, Ақтөбе қалаларын аралап, Астанадан аяқтайтын боламыз. Біз бұл шараны «Экспо-2017» көрмесі басталмастан бұрын Шығыс өңірлерде өткізгенбіз. Оның алдына Оңтүстік Қазақстанда болдық. Енді халықаралық көрме аяқталды екен деп тоқтап қалмай, Батыс Қазақcтанға жолға шықтық. Ақтау бізді өте жылы қарсы алды. Бұл шараны өткізуге қолдау көрсеткен қала, облыс әкімдіктеріне алғысымды айтамын, –дейді көрме ұйымдастырушысы, «Пана-Б» қоғамдық қорының төрайымы Бибігүл Карденова.
Республикалық деңгейдегі жәрмеңкеге 25 қолөнерші қатысып жатыр. Солардың бірі – Суретшілер одағының мүшесі Гүлназым Өмірзаққызы. Ол өзімен 30-дан аса жұмысын ала келіпті. Оның ішінде шығармашылық туындылар және кәдесый ретінде дайындалған жұмыстар да бар.
– Мұнда әкелген жұмыстарымыз ата-бабамыздан келе жатқан, бізге аманат болып қалған «бізкесте» өнері бойынша дайындалған. Өзіміз суретші болған соң ұмыт қалдырмай, заманның талабына сай етіп, этно-модерн стилінде картиналар жасаймыз. Бұл өнермен отбасымызбен айналысамыз. Әкем – суретші, анам – қолөнер шебері және әпкем екеуміз осы өнермен айналысып келеміз. Бүгін 30-дан аса жұмысымыз осында тұр. Жібек матаға және теріге күйдіріп салынған туындыларда көбіне шаңырақ, қобыз, төрт-түлік мал, жалпы қазақи дүниелер бейнеленеді, – дейді ол.
Абай атындағы мәдени-демалыс кешеніндегі жәрмеңке жексенбіге дейін жалғасады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39960,39961,39962,39963,39964,39965,39966,39968,39969,39970,39971,39972"]