©
СӨЗ БАСЫ: Еліміз Егемендік алып, Тәуелсіздік тізгініне ие болғанына ширек ғасырдан асып барады. Бұл былай қарасаң, көп уақыт емес. Шынтуайтына келгенде аз да емес. Есіміз кіріп, етегімізді жауып, еңсемізді тіктеуге жеткілікті кезең. Әрине, елімізде де, өлкемізде де жоғымызды түгендеу де, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағуда біраз жұмыстар жасалды. Әйтсе де, тоқмейілсіп қалмай, жақсы істерді жалғастыра беруіміз керек. Соның бір парасы алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп, еңбек етіп, сол елдерге қызмет көрсеткен қандас бауырларымыз, атақты аталарымыз өте көп. Олардың ішінде заманның ықпалымен ұлтын да өзгертіп жаздырып алғандары кездеседі. Бірақ сүйек біздікі, қан біздікі.
Біз көп жылдардан бері «Қарақалпаққа қызмет еткен қандастар» туралы қалам тартумен шұғылдандық. Солардың атағын шығару, жақсы істерін жарнамалап, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, өлгендерінің есімін мәңгілік ету жөнінде проблемалық мақалалар жазып, «жазықты» болған сәттеріміз де аз емес. Осындай тұлғалардың бірі Қарақалпақстандағы Хожелі ауданының полиция бөлімінің тұңғыш бастығы, халық «батыр» атап кеткен – Қаражалғас Бисенбаев. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Қаражалғастың ең болмаса кеуде мүсінін Хожелі аудандық ішкі істер бөлімінің алдына қойылуы керек деген мақаламыз оқырмандарды дүр сілкіндірген болатын.
Туған жерге келгесін Қаражалғасқа қайта оралдым. Сондықтан Қарақалпақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне хат жолдап, мұрағаттық материалдардан көмек беруін өтіндік. Көп ұзамай министрдің орынбасары Қ.Елмұратов мырзадан жауап келді. Онда «Министрліктің мұрағатында Бисенбаев Қаражалғас туралы мәліметтер болмағаны үшін, Қарақалпақстан Ішкі істер министрлігі ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник Таумұратов Наурызбай тарапынан Қ.Бисенбаев жөнінде 2010 жылы министрліктің «Тыныштық сақшысы» газетінде жарияланған «Қаражалғас кім болған?» деген мақаласын жіберіп отырмын» деген. Сол үшін Қ.Елмұратов мырзаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Мұндағы мақсатымыз Қаражалғас Бисенбаев сияқты өзге елде қызмет еткен қаһармандарымыздың, белгісіз батырларымыздың ең болмаса рухын қастерлеп, атағын киелі мекен Маңғыстауға, кіндік қаны тамған, туған жері Ақтөбе облысына, кең байтақ Қазақстанға оралту. Есімін ескеріп, аудан, қалаларымыздағы мектептер мен көшелерге беруге әсер ету. Яғни, көпшілік арасында ой тудырып, қозғау салу. Ішкі істер қызметкерлері арасында жылдағы төл мерекелері қарсаңында Қаражалғас Бисенбаевтың құрметіне түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз. Өйткені Қаражалғас Бисенбаев – Адайдың, соның ішіндегі Қосайдың ұрпағы, Бәйнеке. Себебі заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев «Өз жақсыларымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, онда өз ырысымызды өзіміз тепкендік, өз тілеуімізді өзіміз кескендік болар еді» деген емес пе? Сол үшін біз «Қаражалғас кім болған?» деген мақаланы қарақалпақшадан тәржімалап, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Кіндік қаны тамып туған жер үшін, Өліп кеткеніңше қызмет жақсырақ! БЕРДАҚ
Адам өмірі судың ағысына ұқсайды. Бірақ біз өтіп бара жатқан күндердің төркінінде бір белгі қалып бара жатқандығына көңіл бөле бермейміз. Шынында да, өмірде заманға сай халықтың күнкөрісінде әртүрлі оқиғалар бастан кешетінін, көптің арасынан небір даналардың, батырлардың, ел билеген омыраулы басшылардың шығып, туған жердің бақыты үшін шырын жандарын аямағандығын, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етіп қалдырғанына жеткілікті көңіл аудармаймыз. Бұл адамзаттың кемшілігі емес, ол өмірдің қарбаласының нәтижесі. Сондықтан орман мен көлдеріміздің күнделікті қажеттігімізге жарап жатқанын, талай ғасырлық тарихымыздың болғандығын білеміз де, дәуірімізде із қалдырған оқиғаларды біле бермейміз. Тек ғана құлағымызға аздап шалынғандарын мақтаныш етеміз. Түп дерегін білмесек те, соған шаттанып, көңіліміз көтеріліп, рухымыз асқақтап қалады. Бізден бұрын аттары аңызға айналған қаншама азаматтар өтпеді дейсіз. Солардың бірі – Қаражалғас Бисенбаев. Бұл ғажайып тұлға жөнінде ел аузындағы әңгімелер осы күндері де өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Баспасөз беттерінде Қаражалғас туралы оқта-текте мақалалар жарияланып, оның кім болғандығы туралы мәліметтер оқырмандардың назарына ұсынылды. Осы жағдайларды ескеріп, біз бұл мақалада Қаражалғастың жарқын келбетін оқырмандардың көз алдына толық елестетуді ниет еттік. Тарихта ежелгі «Бесқаланың» бірі болған Хожелі – белгілі шәһәр һәм еңселі елі бар құтты мекен. Антакия және Гәуір қалаларының Хожелі аймағында болғандығы, үстінен «Ұлы Жібек жолының» өткендігі бүгінде бүкіл әлемге аян. Осы бір құт дарыған мекенде Қаражалғастың туылып өсіп, елдің бостандығы үшін өз өмірін құрбан еткені мәлім. Оның кіндік қаны тамған топырағы «Сары шүңгіл» («Сары терең»:- М.Ұ.) ауылдық кеңесінің аймағы. Оның ата-анасы, тума-туысқандары осы ауылдың тұрақты тұрғындары болған. Бүгінгі күні өзінің ескі атауымен аталып келе жатқан «Қара көл», «Тас жап», «Жаңа жап» төңірегінде күн көрген. Дәл осы күндері де Қаражалғасты көрген, бірге жүрген ауылдастарының ұрпақтары осы жерде өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Ұжымдастыру кезінде Қаражалғастың жанұясы көне Хожеліге жақын жердегі «Туба» («Туба» - тұбалаушылық, тұбалау сөздерінің түбірі. Яғни, тұбалау деген тоқырау, іркілу, кідіру деген мағынаны білдіреді: - М.Ұ.) көлінің төңірегіне көшіп барып қоныстанған. (Қазіргі Айбек атындағы диқан-фермер бірлестігінің (ұжымшарының) аймағы). ХІХ ғасырдың ақырында «Мәздімхан сұлу» қорымы мен Гәуірдің (Гәуір ескі қаланын аты:-М.Ұ.) айналасын су басып, қалың жынысты тоғай болған. Құбыласы «Сарай көл», батысы «Сары шүңгіл» мен сыбайласып «Қара көл», одан әрі «Қаратерең» мен «Туба» көлдері суының бір шеті «Айбүйір» (Қарақалпақстан мен Түрікменстанның арасындағы тау:-М.Ұ.) тауымен тұтасып жатқан кездері болатын. Халық күнкөрісіне ырыс-несібе болып тұрған «Жаңа жап» пен «Тас жап», «Кенегес» пен «Кәтеп» сияқты арналардың сағалары аяқтан ағатын болғандықтан, Әмудәрия тасыған кездері кенересінен асып, жоғарыдағы көлдерге құйылған. Осындай су тасқынының әсерінен орман-тоғайлар да жасыл желекке бөленіп, кем-кемнен қалыңдап, кең алқапты алып жатқан. Шеңгелдер мен тораңғыл және қалың қоғалы қамыстықтар сай саланы қаптап, отырықшы халықтың егін егіп, диқаншылық етуіне көп кедергі жасаған. Сондықтар олар көбінесе балықшылықты кәсіп еткен. Қорасында азын-аулақ қой-ешкісі мен бірер бас қара малы болған. Ал қолдарында күш көліктері бар байлар егін егіп, қора-қора мал сақтап, ақшаңқан ақ отауларда жасап, жарлының жағдайына көздерінің қырын да салмаған. Сұрғылт заманның сұрқылтай лебі қара халықтың күнкөрісін ауырлата берді. Оның үстіне Хиуа ханының қысымы қабырғаны қайыстыра түсті. Қысқасы бұл дәуірлер «Кедейдің күні арманмен, байдың күні пәрменмен»нің нағыз өзі болды. Тұрмыстағы осындай әлеуметтік теңсіздіктер халықты орынсыз абыржытып, наразылығын оятты. Сол атыраптағы отырықшылардың бірі – қазақтың «Түрікменадай» руының «Бәйнеке» ттақтасынан Бисенбайдың отбасы еді. Оның әкесі Шонбай, Шонбайдың әкесі – Бекарыс. Бекарыстың әкесі – Жанарыс деген кісілер болған. Осылай атадан балаға жалғасып келе жатқан шаңырақта Бисенбайдың өмірлік жолдасы Қалжан көз жарды («Көз жарды» - балалы болды деген мағынада: -М.Ұ). Перзенттерінің бір-біріне жалғасып, ізі үзілмеуін тілеп, дүниеге жаңа келген жас нәрестенің есімін Жалғасбай деп қойған. Бұл 1893 жыл еді. Жалғасбай - жанұядағы Жарастан соңғы екінші бала. Жалғасбайдың ата-ананың аялы алақанында, бақытты балалық шағы «Сары шүңгіл», «Сары төбе», «Тас жап» бойларында өтті. Ол мейірімді, пысық, адал әрі сергек ойлы бала болып өсті. Оның домаланған қара шымыр денесі ауылдың өзге балаларынан ерекшеліп тұратын еді. Жалғасбайдың туылып, ойнап өскен жұрты «Таз» руына байланыстырылып, «Шамай таздың жұрты» деп аталатын болған (қазіргі «Сары шүңгіл» ауылдық бұхаралар жиыны (ауылдық кеңес:-М.Ұ.) аймағындағы «Сары төбе» деп аталатын жердің құбыласында). Ол туралы сол жерде өмір сүріп, ғұмыр кешкен отырықшы қарттардың қазіргі әңгімелеріне қарағанда, Шамай таз деген кісі Хиуа ханына барып, ханның рұхсатымен сол мекенді заңды да, жайлы қоныс еткен. Қазір де осы жерді атажұртым деп мекендеп, бау-бақшалы отбасы болып отырғандардың қайсысынан сұрасаң да «біздің Шамай деген бабамыздың мекені», деп анық жауап береді. Олардың сөздеріне қосымша, сол замандардан қалған кейбір белгілердің бар екендігін дәлелдейтін нақты мәліметтер де кездеседі. Осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Көбейсін Нұржановтан төмендегі деректерді жазып алдық: - Менің әкем 1923 жылы Шамай таздың жұртына көшіп келген. Ол кісі осы жерде өмір сүріп, қаза тапты. Есімді білгелі мен осы жердің тарихы туралы талай әңгімелерді естігенмін. Шамай деген кісі Таз руының белгілі тұлғаларының бірі болған. Ол Хиуа ханына барып, жарлық пен қоса рұхсат та әкелген. Сондағы мақсаты – Адай руын бір жерге топтастыру болған деседі. Себебі, бұл жердің суы да, жері де, өрісі де күнкөріске қолайлы болған. Халық арасында «Батыр» атанған Қаражалғас та осы жерде өмір сүрді, - деп әкемнің айтып отырғанын талай рет есіттім. Әкемнің алғашқы салған үйінің орны, еккен ақ талы мен жидектері әлі күнге дейін бар. Мен бұларды «Шамай бабамыздың мекеніндегі мұра», деп қастерлеймін, - дейді ол. «Сары шүңгіл» ауылдық бұхаралар жиыны аймағындағы «Достық» диқан-фермер бірлестігінің (ұжымшарының) тұрғыны, 1920 жылы туылған соғыс және еңбек ардагері, белгілі ұстаз Жолдас Ермұханов өз сөзінде осы төңіректі Қаражалғастың ауылы екендігін дәлелдейтін бірнеше дәйектер келтірді. Ол «Сары шүңгіл» ауылының пайда болуы Хожелінің ғасырлық тарихымен байланысты. Ол ауылға «Кеңес» атауының берілгені алпыс жылдан берідегі дүние. Оның және бір атауы «Хожелінің жетінші ауылы». Ауылымыздың кем дегенде екі жүз жылдық тарихы бар. Біз әңгімелеп отырған аймақтағы және бір белгілі орын – «Сары төбе». Шамай бабамыздың тұсында Таз руынан шыққан Исахан деген кісі де ел арасында беделді болған. Оның Исахан деп аталуының себебі, ол кісі өте бай, өзі сақый, қайырымды әрі әділ болған деседі. Оны тек өзінің тума-туыс ағайындары ғана емес, бүкіл ел сыйлап, құрметтеген. Ол өз есебінен «Сары төбенің» төңірегін қоршап, кез келген оқыс оқиғаға төтепкі беретіндей қорған тұрғызған. Бүгінгі таңда бұл қорғаннан айтарлықтай белгі қалмаса да, ауылымыздағы сол дәуірден қалған бірден-бір естелік деп білеміз. Төбешікке айналған қорғанның орнын қазір де «Сары төбе» деп атайды. Айналасы егістік. Таз руы өте көп отбасы болғаны мәлім. Осы жерде 1929 жылы ұжымшар болып ұйымдаса бастаған кездің өзінде елу-алпыс жанұя анық бар еді, деп айтып отыратын әкем. Ең алғаш Голушкин атындағы ұжымшар құрылған. Соған менің әкем де алғашқылардан болып, жеке меншігіндегі бір жылқысы мен өгіз арбасын беріп мүше болған. Ол кезде кім ұжымшарға мүше болып кірсе, қылмыстық топтардың жансыздары олардың үйін өртеп, әлде өзін өлтіріп кетуден тайынбайтын. Біраз адамдар осындай оқиғалардан қорқып, ал кейбірі оның не екендігіне түсінбегендіктен ұжымшарларға кіруден бас тартқан. Әйтсе де, елдегі саясат адамдарға әсер етпей қоймады. Өкіметтің кедейлерге көзқарасы біртіндеп өзгере бастады. Ел арасынан Қаражалғастай ержүрек азаматтардың шығуы баспашы-қылмыскерлермен арадағы дұшпандық пиғылдағы топтардың сырын әшкерелеп, еңбекші халықтың рухын көтере бастады. Ұжымшарлардың да, оған мүшелікке кіргендердің де саны кем-кемнен көбейе түсті. Голушкин атындағы ұжымшарға сол жылдың өзінде жиырмаға жуық жанұя кіріп, көптің жүгін иықтасты. Ұжымшар басшылары ел арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты жандардан дайындала бастады. Голушкин атындағы ұжымшарға бастық болып 1930 жылдың басында Аманбаев Смайыл сайланды. Қаражалғастың туған інісі Нұрғали Бисенбаев 1908 жылы туылып, 1993 жылы қайтыс болған. Біз оның үйінде болып, сақтаулы тұрған бірқатар құжаттармен таныстық. Қаражалғас туралы інісі өзінің бір қолжазбасында былай деп жазыпты: «Менің туған ағам Қаражалғас 1893 жылы Хожелінің жетінші ауылдық кеңесінде қарапайым диқан отбасында туылған. Жөнейтхан (Жунайдхан) және Қошмәммедханның әскерлеріне қарсы күрескен. 1924 жылы баспашылармен болған шайқаста жеңіл жараланған. Ашхабат, Иран, Ауғанстаннан күш алып тұрған баспашылармен қанды қырғында аяусыз күреседі. Туысқан Қазақстан жеріндегі баспашылармен табандылықпен шайқасқан. Ақтөбеден Құрмаш деген банда шығып, ол әскерлерімен Қоңыратқа келіп, елді талап қашып бара жатқан жерінде Қаражалғас қырық атты адаммен ізінен қуады. Қашқын Құрмаштың ізінен жетіп, сол жерде таудың үстінде аяусыз соғысады. Нәтижеде бұлар жеңіп, Құрмаштың өзін атып өлтіреді. Талаған мал дүниесін Қоңыратқа әкеліп тапсырады. Сондағы көрсеткен ерлігі үшін Қаражалғас Қазақстан Республикасының Мақтау грамотасымен марапатталады. Бұл сыйлық Қоңырат аудандық милиция бөлімінде салтанатты түрде тапсырылған. 1926 жылы Ашхабат пен Иран аралығында болған шайқаста Қаражалғасқа оқ тиеді. Жергілікті дәрігерлер жасырын емдей алмаған соң Хиуадағы әскери ауруханаға жібереді. Ол жерде тоғыз жарым ай жатып, айығып келіп қайтадан соғысқа араласады. 1931 жылы жасырын жүрген баспашылардың оғынан және ауыр жараланып, содан қаза табады». - Қолыңыздағы хаттың өзіндік жазылу себебі бар, - дейді Нұрғалидың әйелі Зәуре Бәкірова. – Ол кезде ағаңның зейнеткерлікке жаңа шыққан күндері еді. Бір күні түс мезгілінде шәй ішіп отырғанымызда үйге біреу келіп, Хожелі темір жол стансасы құбыласындағы «Аэропорт» ауылының домкомы екенін айтты. Ауылымызда жаңа көшелер пайда болуда. Солардың біріне Қаражалғастың есімін беруді ақсақалдармен келісіп келіп отырмын. Соған құжат дайындауымыз керек. Құжатқа Қаражалғастың кім болғаны туралы анық деректер керек. Соған ағаңыз жөнінде көрген-білгеніңізді жазып беріңіз деп, туған інісі болғандықтан сізге келіп отырмын, - деді. - Мұндай жағымды жаңалыққа әрине, біздер қуанып қалдық. Сондықтан осы мәліметті жазып, қортындысын біраз күттік. Бірақ ол кісі сол кеткеннен мол кетті, қайтып ат ізін салған жоқ, - деді Зәуре апай. Нұрғали Бисенбаевтың үйінен табылған бұл қолжазбаға немқұрайлы қарауға болмайды. Себебі, туған інісінің ағасы туралы анық мәлімет беретініне ешкім шүбә келтіріп, күмәнданбайтын шығар. Қаражалғас туралы мәлімет Хожелі аймағында өте көп. Оның хожелілік екендігін, аты жүректерде сақталып келгендігін дәлелдейтін тағы бір мәліметтің куәсі болдық. Ол Хожелідегі «Әмудәрия» диқан-фермер бірлестігінің (ұжымшарының:- М.Ұ.) тұрғыны, зейнеткер – Атабай Құтлымұратовтың сөзі: - Балалық шағым Хожелі ауданының қазіргі «Достық» диқан-фермер бірлестігі мен Көнеүргеніш ауданының аралығында өтті. 1937-1939 жылдары «Сарай көл» мен «Сары шүңгіл» аралығында көптеген ұжымшарлар ашылды. Біздің үйдің іші Фрунзе атындағы ұжымшарға мүше болатын. Соған көршілес ұжымшардың біріне Қаражалғас деген батырдың атын беріпті дегенді жұрттан естіп, ол кім екен деп көп ойланатын едік. Бірде ұжымшарлар іріленіп, екі-үшеуі бір-біріне қосылып кетті. Басқалары біржолата аталмастан қалды. Сонда Қаражалғас атындағы ұжымшар да басқа атаумен аталып кетсе керек, - деп Атекең қысқа болса да, есінде қалғандарын баяндады. Селбай Төлепов те Қаражалғасты талай рет өз көзімен көргендердің бірі. Саналы ғұмырын «Сары шүңгіл» ауылы аймағында өткізіп келе жатыр. Ұжымшардың белсенді диқандарының бірі ретінде бертін келгенше еңбек етті. - Менің осы отырған жерім – ата-бабамның маған қалдырған мұрасы. Бала кезім осы ауылда өтті. Менің көз алдымда Қаражалғастың келбеті тұрғандай сезіледі. Оның ел алдында сөз сөйлеп тұрғандарын, бірге жүргендерін талай көрдім. Ол орта бойлы, қара кісі еді. Атқа мінгендегі шапшаңдығына көз ілеспейді. Және оның аттың үстінде отырысы да өте жарасықты еді. Біздер оның неге келгенін аңғармасақ та, ата-аналарымыздың әңгімелерінің шетжағасын құлағымыз шалып қалатын. «Ауыл...» «баспашылар...», «байлар...» деген секілді сөзді әр жерде құпия айтысып отырғандарды еститінбіз. Кейбіреулер жағасын ұстап, «соңы жақсылыққа апарғай!», десіп жүретін. Қаражалғастың өлімін естігенде де бүкіл ел күңіреніп, аза тұтқанын әлі ұмытқаным жоқ. Ол кездері мен ұжымшарға қол көмегімді тигізіп жүрген бала едім, - дейді Селбай атамыз да сөзін қортындылап. Кәрі құлақ, көпті көрген қариялар Қаражалғас туралы көрген білгендерін айтып, елге еткен шексіз қызметтері ұмытылып бара жатқан «Батыр» атанған ел перзенті туралы өз білгендерінше баяндауды ниет, сауапты іс, қалыс ықылас деп біледі. Қаражалғас туралы деректерді білетіндер Хожелі ауданында өте көп екен. Олардың қайсысының әңгімесін тыңдасаң да бір-бірінен онша ерекшеленбейді. Сондықтан көршілес Шоманай ауданы аймағынан да мәліметтер жинауға кірістік. Сөйтіп Шоманай аудандық ішкі істер бөлімімен бірлікте Қаражалғастың Шоманай ауданында болғанын есіткен, көрген адамдардың қалай дәріптейтінін жазып алуға тырыстық. Ауданның «Қарабайлы» жағындағы тұрғындар арасында ол туралы білетін адамдар болған. Бірақ олардың көпшілігі тұм-тұсқа көшіп кеткен. Біразы қазір арамызда жоқ. - Мен Қаражалғастың осы өңірде болғанын білетін адамдардың біразымен сұхбаттастым. Олардың айтуына қарағанда «Қарабайлы», «Бегжаптың» төңірегінде баспашылармен айқасқан. Халқын жаудан қорғауда ерен ерлік көрсеткен, деп айтып отыратын еді, - дейді Гагарин атындағы диқан-фермер бірлестігінің төрағасы Оранбасар Көккөзов. Тағы бір мәлімет берушіміз ақын, журналист Рейімберген Аяпбергенов: - Қаражалғастың өмір сүрген кезінде Шоманайға халық қоныстанып, бүгінгідей елдімекен болады деп ешкім ойламайтын. Қазіргі аудан орталығы болып тұрған жерде тоғай мен Айбүйірге дейін тұтас су жайлап жатқан. Қоңыратқа дейінгі аймақ Хожеліге қараған. Шоманайда отырықшы халық болмағандықтан, баспашылар тоғайларды паналаған. Сөйтіп Қаражалғастай елі үшін еңіреген ерлердің көзін жойып, күлін көкке ұшыруға тырысып баққан. Қаражалғастың жасағында бірге болған адамдардың Шоманайда тұрғандары да бар. Олармен талай кездескенмін. Айтқан сөздерін жазып алмағандықтан біразын ұмытып қалдым. Содан есімде қалғаны, Оразбай шаққанның Қаражалғасты баспашы атқанда өгіз арбаға салып, Хожеліге алып барғаны туралы өз аузынан естіген әңгімем. Ол кісі қазір арамызда жоқ. Оразбай қарияда сондай шапшаң, қартайса да кәрілікті мойындамаған қайратты жандардың бірі еді. Мен мұны сол үшін Қаражалғастың тәлімін алған, соның нағыз нөкері болған жан деп мөлшерлеп келгенмін. - Және бір айтайын дегенім, Қаражалғас негізінде Шоманайдың төңірегінде тұрмаған. Сонда да, оның есімі, ерлігі барлық жерге тараған. Себебі, ұжымдастыру кезінде Хожелі, Қоңырат аймақтарында дұшпандарға қарсы аяусыз күрескен. Тек ғана баспашылармен күресіп қоймай, ауыл диқандарының да жақын жанашыры, қайсар қорғаушысы, қамқоры болған. Сондықтан оны сол замандарда танымайтын, есітіп, білмеген жан болмады десек қателеспейміз. Тіпті есімін құрметтеп халық Қаражалғастың атын ұжымшарларға да берген. Қазір де оның есімін, атқарған істерін ұмытуға болмайды, - дейді бізбен сұхбаттасқан Рейімберген аға. Жалғасбай заман теңсіздігін көріп өсті. Оның түр-түсіне, тұлғасына, қайтпас қайсар мінезіне таң қалған ауылының адамдары, ағайын-туғандары белгілі азамат болып ержетер деп үміт ететін еді. Бала есейген сайын бойы да, ойы да қатарынан озып, көптің көзіне түсе бастады. Сол үшін Жалғасбай, Жалғас болып, оның үстіне түрінің қаралығы, денесінің шымырлығы оны айбарландырып, айбаттандырып көрсететін. «Сүйген құлдың аты көп», дегендей Жалғасбай, Жалғас ақыры Қаражалғас атанды. Бұл өзіне ылайық секілді. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды», «Болар бала бес жасынан белгілі», деген аталы сөздердің төркінінде көптеген мағына жатыр. Той-жиындарда, отбасындағы әңгімелерді зейін қойып тыңдап, есінде сақтаған Қаржалғас бүгінгі аласапыранды көзімен көріп, келешекте елдің бейбіт өмір сүруін, бостандығын, азаттығын аңсап, армандайтын. «Ресейден батырлар шығып, патшаны тақтан тайдырып, елде қос өкімет пайда болыпты-мыш. Жерді, суды бұхара халыққа тегін береді-міш. Жұрттың бәрінің тең құқықта жасауына жағдай жасайды-мыш. Ал екіншісі, байларды қолдап, барлық нәрсені солардың қолында қалдыруды көксейді-міш», деген сияқты алыпқашпа әңгімелер кем-кемнен ел арасына дендей берді. Бір жағынан көңілге қуаныш ұялатар жақсылық хабарлардың да құлағы көріне бастаған сәттер еді. Міне, бұлардың бәрі Қаражалғастың санасына ерекше әсер етті. Хиуа ханының зардабын тартып, ауыздықталмаған ауылдағы байлардан жәбірленген қарапайым халыққа әйтеуір бір пайдасы тиер-ау деп үміттенетін еді. Жоғарыдағыдай оқиғалардың бірте-бірте жаңғырығы күшейіп, байлардың басына бұлт үйіріле бастады. Олар өлшеусіз, жазық жатқан жерлерінен, мал- мүлік, есігінде жүрген жалшы-малшы, құл-құтандарынан оңайлықпен айырылып қалмаудың түрлі айла-шарғыларын қарастыруға кірісті. Олардың ойы – сансыз мал-дүниелерін шашау шығармай сақтап, заманның шырқын бұзбай, қарапайым халықты қанап, кедей-кепшіктердің жаны мен қанын сүліктей сорып жүре беруді қалайды. Сол үшін қандай кесапатқа да бас тігуге дайын. Елдегі жағдайдың шиеленісе түсуі сақтық шараларын күшейтуді талап етуде. Баспашыларға қарсы күрес жүргізудің ерекше жағдайларына байланысты ТүркЦИК Президиумы 1919 жылдың 9 шілдедегі «Түркістан Республикасының еңбекші-диқан милициясы туралы» ережеге кейбір өзгерістер енгізді. Жергілікті органдардың дайындаған милиция бастықтары және олардың көмекшілері Ішкі істер халық комиссариатының қалауы бойынша өзгерту мүмкіншілігіне ие болды. Жауынгер күш сипатында милиция ұйымы горнизонының бастығына бағындырылды. Бірақ қызметкерлерді бекіту және жұмыстан босату құқығына ие емес еді. 1919 жылы Ресейден саудагерлер келіп, Хожелідегі қазіргі мақта тазалау зауытының орнындағы бір байдың үйін сатып алады. Сол жерден мақта қабылдайтын және тай етіп буып-түйетін цех ашады. Сөйтіп Хожелінің алғашқы мақта өнімдерін Ресейге жібере бастаған кездер еді. Сол жылы 28-29 желтоқсанда баспашылар қаланы басып алып, халықты аяусыз қинап, қанқақсатты. Осындай сәттерде Шайдаков басқарған, әскердің келуі халық арасында жақынға дейін аңыз болды. Бұл шындығында аңыз емес, болған оқиға еді. Мақта зауытын басып алуға ұрынған баспашылар бейбіт халыққа оқ жаудырып, қанқұйлы қылықтарға барды. Әйтсе де, нөсердей құйылған пулемет оғына төтепкі бере алмай, түте-түтесі шыққан тай мақтаның тасасына тығылып, бастарымен қайғы болды. Шайқас көпке созылды. Хожеліні баспашылардан тазалау оңайға түспеді. Соншалықты қантөгіс, ауыр шайқастан кейін Хожелі азат етілді. Қаражалғастай азаматтардың осы соққыдан сабақ алып, халықтық әскерлерге қосылып, тізе қосып күрес жүргізгеніне күмән келтіруге болмайды. Ол елім деп, жерім деп еңіреп туған ерлердің бірі ретінде 1923 жылдан бастап, өмірінің ақырына дейін Әмудәрияның сол жағалауын басқыншылардан тазартуда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. 1922-1924 жылдары Қарақалпақстандағы Әмудәрияның сол жағалауындағы аудандарында ескі құрылыс өкілдері жауыздық істерін жалғастыра берді. Олар Хожелі, Қоңырат ауылдарының елдімекендеріне жиі-жиі шабуыл жасап, диқандарды талап, егістік жерлерді ойрандап, орман-тоғайларды өртеп, бейқұт жатқан елді талқандап жәбірлеген. Соның кесірінен үрейленген қарапайым халық тұмтұсқа бас паналап, көпшілік ауыл тарқап кетті. Олар белсенділерді, ел ішіндегі беделі биік тұлғаларды, өздерінің жағымсыз ісін жақтырмағандарды жауыздықпен ит қорлықта өлтіріп жатты. Аса кеткен жауыздықтан алдына жан салмаған қылмыстық топтың бірін Дұрды Қылышхан басқарды. Ол өзінің мейірімсіз қаталдығымен және жауыздығымен танылған жан. 1923 жылы Қоңырат ауданының «Қыпшақ» ауылын басып алып, адамдарын аяусыз қырып тастады. Өздері кері шегінген кездері де үйлерді өртеп кетті. Сол жылы қарашада Ташауыз облысындағы Көнеүргеніш ауданының «Азбер» ауылына Дұрды Қылышхан отрядын қолдамағаны үшін жиырма жанұяны өртеп, жазықсыз қанын төгіп, қырып тастады. «Бегжап» оқиғасы әлге дейін естіген адамның жүрегін шайлықтырып, қан жылатып, жанын түршіктіреді. Бұл 1924 жылы 22 тамызда болған оқиға. Дұрды Қылышханның жүз атты әскері жоғары қалаларға оқуға бара жатқан жастарды аңдиды. Жиырма екі қарусыз қыз-жігітті Әмудәриядан қайықпен өтіп бара жатқан жерінде «Қарабайлының» тұсында қолға түсіріп, тұтқынға алады. Оларды барынша қинап, аса қатыгездікпен өлтіреді. Содан «Бегжап» трагедиясы қарақалпақ тарихында қанмен жазылып қалған ең қайғылы оқиға. Баспашылармен күрес Қарақалпақстанда ауыр жағдайға айналды. Майда-шүйде басқыншылар өздерінің ұлттық, қауымдық және рулық ерекшеліктеріне қарамастан ірі басқыншыларға бірігіп жатты. Мысалы, Қоңырат ауданынан шыққан Құтлымұрат бек (Бала би) Жөнейтхан басқыншыларына үнемі ақшалай және адам күшімен көмек беріп отырды. Қарақалпақстанның сол жағалау аудандарындағы түрікмен, өзбек, қарақалпақ және қазақ диқандарының бейбіт тұрмысын қамтамасыз ету мүмкін емес еді. Бұлар Жөнейтханның жақын жәрдемшілері болған кейбір рубасылары. Мысалы, Яқшыгелді бек бұрынғы хан мехірдарларының баласы. Оның тұрақты, әрбірі 40-50 аттыдан тұратын үш отряды болды. Гегем Әлихан да бұрынғы хан мехірдары. Оның ұлы қорғаны және 30-дан 80-ге жететін атты әскерлері болды. Анна бала да бұрынғы хан мехірдарларының баласы. Ірі жер иесі және саудагер. Иранмен сауда керуенін жүргізген. Өзін қорғайтын тұрақты отряды болған. Ахмет бек Тақта ауданының (Ташауыз облысындағы) «Темеш» ауылындағы ірі байдың баласы. Ұлы қорғаны, жүз гектардан астам егістік жері, қаруланған атты жасағы болған. Аласапыран жылдар жалғаса берді. Басқыншылар ауылдарға жиі-жиі шабуыл жасап, халықтың тыныштығын бұзуды үдете түсті. Үрейлі жұрттың есігіндегі малдарын айдап, әйел-қыздарын күңдікке алып кетті. Қауқарсыз қариялар мен жас балалардың жазықсыз қанын төкті. Ауылдарды, орман-тоғайларды өртеп, егіндерді бүлдірді. Хожелі аумағындағы «Жаңа қала» болысының өзінен баспашылар 3500 отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Басқыншылар бүлігінің ұйымдастырушысы Жөнейтхан түп төркіні бай, феодал Ходжибайдың баласы. Оны Құрбанмәммед сардар деп атады. Құрбанмәммед сауатсыз болса да өз ауылына қазы, мұрап (Мирап-сушаруашылығы технигі деген мағынада:-М.Ұ) болды. 1912 жылдың басында елу жасында бай және мықты қаруланған туысқандарын жинап, Құрбанмәммед Қарақұмда бірнеше сауда керуендерін тонады, өзіне екі ата жер туысқанын өлтірді. Соңынан бірнеше майда сардарларды бағындырып, хандыққа таласа бастағанда, оны түрікменнің Жөнейт руының атымен Жөнейтхан деп атады. Жөнейтхан 1916 жылы жазда Ауғанстанға кетті. Қайтып келіп 1918 жылдың үш айы ішінде халықтың барлық жерлерін басып алды. Бірақ Ыспандияр ханға тимеді. Хандықтарға да, бектіктерге де өз адамдарын қойды. Ол Петро-Александровск (Төрткүл), Шымбай, және Нөкіс қалаларына шабуыл жасау ойын жүзеге асыруға кірісті. Сондай-ақ Темір Әлиханның және Бала бидің адамдары да Жөнейтханға қосылды. Олардың жасақтары негізінен қарақалпақ және қазақ байларының балалары болды. Жөнейтхан Дұрды Қылыш, Шалтай батыр, Жанбармақ басқыншыларымен тығыз байланыста болды. Оларды қару-жарақпен қамтамасыз етті. 1927 жылы қазан айында Жөнейтхан жеңіліске ұшырап, толық қиратылды. Өзі Иранға қашты, соң Ауғанстанға өтіп кетті. Бірақ оның көмекшілері күресті жалғастыра берді. Олармен күресуде милиция ұйымдарының күш салуларын талап етті. Ауылдарда өзін-өзі қорғаушы еңбекші-диқан жасақтарын құру қолға алынды. Елдің экономикасын, тұрмысын, күнкөрісін қорғауда еңбекші-диқан милициясының қызметі ерекше. Бірнеше рет опық жесе де, әлі әуірі басылмаған басқыншылардың бас сауғалап әр жерде тығылып жүрген жаралы қасқыр сияқты топтарын құрту керек болды. Себебі, олар ішкі дұшпандардың ең қауіптісі. Жалпы отызыншы жылдарда Қарақалпақстанда бүлікшілермен күресте милиция қызметкерлері ерекше көзге түсті. Осындай аласапыран кездері Қаражалғас Бисенбаев Хожелі аудандық милиция бөлімінде бастық болып жұмыс істеді. Мұрағат материалдарын жан-жақты қарау арқылы оның көптеген ерлік істеріне көз жеткізуге болады. Әмудәрияның сол жағалауындағы қарақалпақ аудандары Хожелі, Жаңа қала, Қоңырат және Үстіртте болған бүлікшілікке қарсы ұйымдастырылған отрядтардың арасында шайқасқа қатысқандарының куәсі боламыз. Олардың шабуылы 1926 жылдың басынан бастап Хожелі және Қоңыратта болды. Мысалы, Қоңырат аймағының «Мачан» ауылынан 70 бас ірі қара малды, 50 бас түйені, арадан екі күн өтпей жатып қайта шапқан баспашылар 1000-ға жуық ірілі-ұсақты малдарды тартып алып кетті. Бірақ ерікті милиция жасақтары Қоңыраттан қырық шақырым қашықтықта қуып жетіп, баспашылармен атысып, ойсырата жеңіп, айдап бара жатқан малдарын алып қалады. Басқыншылар осы жылы наурыз айында Қоңырат аймағының «Қандыкөл» аймағында 11 отбасының 7 өгізін айдап кетті. Милиция жасағы оларды «Қызыл күмбез»де қуып жетіп атысып, басқыншылардың біреуін өлтіріп, өгіздерді иелеріне қайтарды. Сол көктемде 20 баспашы Назарханда бір адамды өлтіріп, екі түйесін және қызын алып кеткен. Дәл осы кездері Қоңыраттан 50 шақырым жердегі «Қарауымбет»тің қасында «Адаевск» уезінен Қоңыраттан базарлап келе жатқан керуендерді 16 баспашы тонап, жеті жылқысын, арбаларын тартып алып кеткен. Басқыншылардың күн өткен сайын қатары көбейіп, бұйығы жатқан қарапайым халыққа шабуыл жасап, үрейлендіріп, басқа жақтарға қашып кетуге мәжбүр еткен. Елсіз, сусыз қураған шөл далада басқыншылардың ордасын тауып, олардың көзін құрту жасақшылардан және әрбір милиционердер салқын қандылықты, қажырлылықты, төзімділікті және аса жауапкершілікті талап етеді. Қалаберді талапшаң басшы ауадай қажет еді. Мұндай ержүрек, батыр басшы әрине, Қаражалғас Бисенбаев болды. Оның әккі баскесер, мейірімсіз де, қатыгез баспашылармен аяусыз күрестегі қайтпас қайсарлығы ел аузында аңызға айналды. Ол әуелі «Адаевск» даласында жасақты бастап, баспашылардың ізін дөп кесетін, жер жағдайын жақсы білетін жандарды тапты. Қаражалғас өзі Қосжанов Құрмаш баспашыларымен күрес кезінде ерекше ерлік көрсетті. Шайқаста бастан-аяқ болып, бірнеше дүркін өзі шабуылға араласты. Соғыстың қатал тәртібін сақтап, кескілескен шайқаста өзінің сергектігімен жасақ мүшелерінің рухын көтеріп отыруды да естен шығармады. Оперативтік тапсырмаларды дер кезінде мүлтіксіз орындап, Қосжановтың тобын қоршауға алып, біржолата көзін құртты. Бисенбаевтың осынау өжеттігі мен ерлігін, батылдығы мен батырлығын Қарақалпақстан үкіметі жоғары бағалап, «Құрмет грамотасы»мен марапаттады. Жоғарыда атап өтілген шайқастардың барлығына Қаражалғас белсене қатысты. Біз ол қатысқан операциялардың тек мұрағаттан табылғандарының кейбіреуін мысалға келтірдік. Ол 1931 жылы 3 тамызда Хожелі ауданындағы тоғызыншы ауылдық кеңесінің «Ықылас» және «Мәдениет» ұжымшарларындағы диқандарды тонаған баспашыларды құрықтауға жиырма екі ерікті атты милиционерді бастап барып, жаулардан жасқанбай қолға түсірді. Арадан айлар, жылдар жылжып өткен сайын барлық нәрсе ұмытыла бастады. Тек елге еткен қызмет ғана ел аузында аңызға айналып, жүректерге мәңгі ұялап қалуы мүмкін. Бірақ сенің істеген істеріңді сол кезеңнің адамдары мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырмаса, оның есімі де, еңбегі де ескерусіз қала беретіні бесенеден белгілі. Біз арамыздан ерте кеткен Қаражалғас Бисенбаевтың қарулас жолдастарының аузынан айтылып, бізге жеткен мәліметтерді олардың ұрпақтарынан жазып алу мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін оларға шексіз алғыс айтамыз, әрі мақтаныш етеміз. Олар әкелерінен естіген Қаражалғастың бейнесін ұзақ жылдар бойы есінде сақтап келгендігі – елін сүйген азаматқа деген шексіз құрметтің белгісі болып табылады. Қаражалғаспен жұмыс істегендердің бірі – Құрбанбай Якубов. Ол 1931 жылы қаңтар айында Қарақалпақстан милициясына жұмысқа қабылданды. 1962 жылдың қазан айында құрметті демалысқа шыққанша осы салады еңбек етті. Құрбанбай Қаражалғас Бисенбаевпен бірге бір жылға шамалас бір сапта болды. - Әкем Қаражалғастың нағыз халық батыры екендігін айтып, мақтаныш етіп отыратындығын талай естігем, - дейді оның баласы, журналист Ғайыпбай Якубов. Біз Хожелідегі Айбек атындағы диқан-фермер бірлестігінің тұрғыны, зейнеткер Қалбай Артықбаевпен кездескенімізде: - Менің әкем Артықбай Наурызбаев Хожелінің алғашқы милиционерлерінің бірі. Ол халық жауларымен күресте батыр атанған Қаражалғас Бисенбаевпен бірге қызмет еткен, - деп дәріптеді. - Әкем маған Қаражалғас туралы көптеген оқиғаларды айтып беретін. Солардан есімде қалған бір оқиға былай өрбиді. Бұл Қаражалғастың әкемді өлімнен құтқарып қалғандығы жайында. «Ол кездері аттан басқа көлік жоқ. Милиция бөлімінде аттар бағуда тұрады. Бірде сырын білмеген атқа отырғанмын. Жасақтың құрамында бара жатырмын. «Қарабайлыға» жетіп қалың тоғайлыққа кірдік. Жан-жағымызға қарап, сақ қимылдап келе жатқанбыз. Кенет жасырынып жатқан жаулардың мылтығының дауысы жан-жақтан жамырап қоя берді. Қасымдағы қаруластарым қас-қағым сәтте шайқасқа кірісіп кетті. Ал мен болсам астымдағы атыммен алысып жүрмін. Кенет аяқастынан атылған мылтықтың даусынан үріккен неме, тартқан жүгенге күш бермей, белең алып, айдалаға шығандап барады. Бір кезде қапталдасып шауып келе жатқан аттыға көзім түсті. Қарасам Қаражалғас екен. Ол мені аттан жығылып, жазым болар немесе аңдып жатқан арыстанның апанына өзі барып құлар деді ме, кім білсін, ізімнен тұра қуған екен. Қаражалғас атымның жалына жабысып, едәуір жерге дейін қатарласып шауып, қарулы қолының күшімен асауды алқымынан алып тоқтатты. Ізімізден қуып келе жатқан ешкім көрінбеді. Атысып жатқан мылтықтардың да дауысы сап тыйылған. Баспашылар біздің дүбірімізден сескеніп қашқан секілді. Соң байқасақ, ізімізден атылған оқтан сескенбеген екенбіз. Қаражалғастың шекпенінің шалғайынан оқтың өткенін көріп, қалай сезбегенімізге таң қалдық. Сол жерде жасақтағы жігіттер де жиналды. Қаражалғастың сол кездегі ерлігі, қайраттылығы есіме түссе, әлге дейін таң қаламын. Егер осылайша шалт қимыл жасамағанда, мен жаулардың қолына түсуім, әлде ажалым аттан болатыны әдбен мүмкін еді», - дейтін еді әкем үнемі. Қоңырат милициясы басқармасының бастығы қызметін атқарған Юсупов Дәулетжан Қаражалғасқа оқ тиіп, ауыр жарадар болғандағы операцияны былайша суреттейді: - 1931 жылдың қазан айының аяғында Хожелі ауданындағы «Есберген шығанақ» аймағында тұратын Ділімбетов Төлебай Хожелі ГПУ-інің бастығы Темірғалиевке келеді. Осы аймақта қаруланған баспашы тобының басшысы Рейпназардың халықты тонап жүргендігі туралы хабар берген. Рейпназар бұрын партия ячейкасында істеген, кейін жеке шаруашылық ашып «Мақпал көлге» көшіп кетеді. Қасына оншақты адам ұйымдастырып, оларды қаруландырады. Соның ішінде Түйебай да болған. Бірақ ол Рейпназардың ниетіне қарсылық білдіріп, оның тобынан біржолата қол үзген. Темірғалиевтің бұйрығымен Хожеліден 30 атты, Қоңыраттан 10 атты ерікті милиция жасағы қосылып Рейпназарды қолға түсіру үшін аттандық. Түйебай жасақты Рейпназар тығылып жатқан «Мақпал көлге» бастап келді. Бірақ баспашылар олардың келетінін біліп қалып, ол жерден қоныс аударып үлгеріпті. Әйтсе де, сол жерде тұратын Сайымбет деген кісі Рейпназарды тауып беремін деген соң қатарына қосып алып, жолға шықтық. «Сары тораңғыл» деген тоғайға жеттік. Тоғайды сүзіп шығуға кірістік. Қаражалғаспен қатар жүріп келеміз. Бір кезде жан-жағымыздан «Бесатарлар» тарсылдасып қоя берді. Жылдам жүгіріп барсам Қаражалғастың жуан санына оқ тиіп, жұлып кеткен екен. Қайран ер сонда да жатып алып дұшпандармен атысты тоқтатпады. Зуылдаған оқтар мен мылтық дауыстары сәл саябырлағанда Рейпназар Қаражалғасты өлтірдім деген сенімде болса керек, орнынан ұшып тұрып, мылтығын жоғары көтеріп алға ұмтыла бергенде Қаражалғас көздемей-ақ мылтықтың шүріппесін басып салды. Рейпназардың басындағы қаракөл терісінен тіккен сәлдесі анадай жерге ұшып кетіп, өзі шақасынан құлады. Рейпназардың оққа ұшқанын көрген екі жағындағы жендеті тұра қашты. Қаражалғас оң жағындағыны да жер жастандырды. Бірақ үшіншісіне шамасы келмеді. Оқтаулы мылтығын қолы көтере алмай, есі ауып кетті. Жатқан жері түгел қызыл қанға боялды. Қаражалғасты дереу арбаға жатқызып, қасына төрт милиционер қосып, ауылға аттандырдық. Қалғанымыз басқа баспашылардың соңдарына түстік. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда не кездеспейді дейсіз?! 1931 жылдың күзі еді. Күздің қара суығы қатайып, солтүстіктен ескен жел бүрсеңдетіп барады. «Қаражалғасқа оқ тиіпті», деген суық хабар елге лезде тарап, Бисенбайдың шаңырағын теңселтіп кеткендей болды. Баласының ауыр халін көзбен көргенше тағатсызданып, бауыры езілген Қалжан шешенің көздерінен жасы парлай берді. «Құлынымның жамандығын көрсетпегейсің!», деп іштей күбірлеп, Жаратқанға жалбарынумен болды. Арбамен ауруханаға әкелген жауынгердің «жарасы жеңіл» деген сөзі ата-ананың көңіліне сәл демеу болғандай. Дегенмен ана жүрегі бір сұмдықты сезетін сияқты. Екі-үш күн бұрын көрген түсіне сенерін де, сенбесін де білмейді. «Түс – түлкінің тезегі», деп қолды бір сілтеп қоя салайын десе, арадан екі-үш күн өтпей-ақ баласының басына көрініп тұрғаны мынау. Ту сыртынан атқан Рейпназардың оғы Қаражалғастың санының сүйегін тасталқан қылып сындырып кеткен. Арбада келе жатқанда оның сынған сүйектерінің сықырлысын қасындағылардан басқа ешкім білмейді. Жуан санды жоғарыдан буғанмен қарақошқыл қан тыйылар түрі жоқ. Арбамен аудан орталығына әкелемін дегенше де біраз уақыт өтті. Осының бәрі шыбын жаны көзіне көрініп келе жатқан жаралы жанға оңайға соқпайтыны тағы белгілі. Ол қайсарлықпен бар күшін жинап, тістеніп-тістеніп еріні де көгеріп кетті. Жылдамырақ жүруге жол жаман. Әрі ұзақ жол жаны қиналып келе жатқан жанды бірте-бірте әлсірете берді. Дегенмен Қаражалғастың өзі «Анам мен әйеліме мені жеңіл жараланды, жағдайы жаман емес деңдер!», деп тапсырып қойған болатын. Аяқтың жарасы күннен-күнге ұлғайып, уақыт өткен сайын меңдей түсіп, азапқа айналды. Шыбын жаны шырқырап, түні бойы көз ілмейді. Бірақ қайсарлықпен өзгелерге білдірмеуге тырысады. Әскери госпитальға жеткізудің сәті түспеді. Соның кесірінен бір аптадай уақыт өткенде елдің қамын жеген қайран ер, арыстай азаматтың мөлшерлі мерзімі бітіп, көрер жарығы мен тататын дәмі таусылды. Хожелі аудандық партия комитетінің бюросы 22 қазан күні милиция бөлімінің бастығы Қаражалғас Бисенбаевты жерлеу мәселесін қарады. Бюро барлық ауылдық партия ячейкаларында Қаражалғас Бисенбаевтың жаулармен шайқаста ерлікпен қайтыс болғанын көрсетіп, осыған байланысты қаралы жиындар өткізу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ бюро марқұмның отбасына жалақысын әр ай сайын төлеп тұруды аудандық атқару комитетіне тапсырды. Қаражалғас қайтыс болғанда ізінде шешесі Қалжан, ағасы Жарас, інісі Нұрғали, қарындасы Қоңырша, зайыбы Балдақ және оның құрсағында әлі дүние есігін ашпаған, алты айлық жалғыз перзенті қалды. Жанұясы көне Хожелінің арқа жағындағы «Туба» көлінің бойына жақын жерде. Көлдің бойы Әмудәрия тасығанда қорғануға қолайлы биік жерде. Сондықтан үйлер бір-біріне өте тығыз орналасқан. Көл жағалауы ырғалған қамыстық пен қалың шеңгелге оранғандай. Ерте көктемнен шағала, үйрек, қаз қаптап кетеді. Алты ай жаз құрбақаның құрқылынан құлақ тұнады. Қаражалғастың қабірі міне, осындай табиғаттың таңғажайып жерінен қазылды. Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қасіретті өлім Қаражалғастың туған-туысқандарын ауыр қайғыға батырып, қара жамылдырды. Жалғыз болмаса да денесіне қуат күшін құйған перзентінің қайғылы қазасы анасының ақ жүзін гүлдей солдырды. ... Арадан айлар мен жылдар жылжып өтті. Сынаптай зымыраған уақыт шіркін ана қайғысына дауа бола алмады. Керісінше қайғының қара бұлтын көтере алмаған ананың көз жасы да семіп қалды. Ақылынан алжасып, есін жинай алмады. Көп ұзамай Қаражалғастың қабірінің қасынан тағы бір төмпешік пайда болды. Бұл әлі топырағы кеппеген Қалжан шешенің жас қабірі еді. Қорым кем-кемнен кеңейе берді. Халық бұл жерді зияраттайтын қасиетті орынға айналдырды. Әйтсе де, оқта-текте Әмудәрияның суы кенерінен асып-тасып, айналасындағы егістік жерлерді алып кететін. Тіпті ерте көктемде сеңді-сеңге соғыстырған қызыл су кейбір үйлер мен қора-қопсыларға қауіп төндіретін. Осындай кездері буырқанып аққан дәриядағы нөпір су арнасынан асып қорымдарды да шайып кететін. Сондықтан халық Қаражалғас жатқан молаға адам жерлеуді үзілді-кесілді доғарып, бертін келе мүлдем тоқтатқан. Жылдан-жылға зияратшылардың да қатары сирексіп, кем-кемнен әлгі қорым ел есінен ұмытыла бастады. Бұл Қаражалғас Бисенбаевтың да ұмытыла бастауына себепші болғандай. «Жақсының аты өлмейді, дананың хаты өлмейді», деген аталы сөз бекерге айтылмаса керек. Қаражалғастың атын, істеген қызметтерін жарыққа шығаруды сұраған халықтың өтініш-тілектері, ол туралы жазылған материалдар баспасөз беттерінде жиі көріне бастады. Осыдан кейін қорымдарды абаттандырып, жылда тазалап, сыпырып-сиырып, сырлап-бояуға көңіл бөлініп, қайырлы істер жасау қолға алынды. 1980 жылы Хожелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Піржан Халмұратов қол қойған арнайы шешімнің және қоғамның тізе қосуының нәтижесінде қараусыз қалған Қарақалпақстан милициясының ардагері Қаражалғас Бисенбаевтың қабірі халық зияраттайтын естелік орынға айналды. Халық батыры атанған Қаражалғас Бисенбаевтың елім, жұртым, халқым деп еткен еңбектері, істеген қызметтері Қарақалпақстан милициясы тарихында ерекше орын алады және келешек ұрпақтар үшін үлгі болатыны даусыз.Наурызбай ТАУМҰРАТОВ, Қарақалпақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник.
Қадірбай ҚАЛЫЙМОВ, журналист.
«Тыныштық сақшысы» газеті, №22, 23, 26, 27 сандар. 2010 жыл.
Қарақалпақшадан тәржімалаған Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Өзбекстан және Қазақстан
Журналистер Одағының мүшесі
Сөз соңы: «Тыныштық сақшысы» газетінде жарияланған жоғарыдағы мақалада аздаған ағаттықтар кеткен. Ол әрине заңды құбылыс. Өйткені, ол қазақша басылым емес, қарақалпақша. Себебі, баяғы ашаршылық, қуғын-сүргін замандары мен ұжымдастыру кезеңдерінде туған жер топырағын еріксіз тәрк етіп, шетел асқан ата-әже, әке-шешелеріміздің көпшілігі заманның ағымынан, солақай саясаттың салдарынан сескеніп қолда бар құжаттарының көзін жойған. Солай жасамаса бастың амандығы мен ұрпақтарының келешегіне айтарлықтай зияны тиетін болған. Сондықтан көшіп барған елдерінде туылған кездерін сәл өзгертіп, әйтпесе кәдімгідей бұрмалап, сол елде туылды деп қайтадан құжат алуға мәжбүр болған. Бұл сақтықтың белгісі. Әйтпесе, Қаражалғастың кіндік қаны Қарақалпақстанның Хожелі ауданындағы «Сары шүңгіл» ауылдық кеңесінің аймағына емес, Ақтөбе облысының Байғанин ауданына тамған. Екіншіден, мақаладағы «Оның әкесі Шонбай, Шонбайдың әкесі – Бекарыс. Бекарыстың әкесі – Жанарыс деген кісілер болған» делінген. Бұл да әлгіндей себептерге байланысты қиялдан құрастырылған. Қосайдың Бәйнеке тақтасының кестелі шежіресінде «Қосай – Байбол – Есенқұл – Нұрбай – Бәйнеке – Сапақ – Татай – Елеусін – Бисенбай – Қаражалғас – Базар» деп жазылған. Базар – Қаражалғас қайтыс болғанда іште қалған жалғыз қызы. Базардан туылған жиендері бүгінгі таңда Алматы жағында көрінеді. Үшіншіден, мақалада айтылған «Ақтөбеден шыққан Қосжанов Құрмаш деген банданы Қоңырат ауданында ауылдарды тонап жүрген жерінде Қаражалғас атып өлтірді» деген де шындыққа жанаспайды. Бұл тек эмоциямен, әсірелеу үшін айтылған әңгіме деп ойлаймыз. Себебі, Тоқабай Құрмаш ел тонайтындай банда емес. Тек кеңес өкіметінің саясатына қарсы болған. Оған бірақ кеңес өкіметінің шамасы келмеген. Сол үшін қызыл империя оған «банда» деп жалған жала жауып, үнемі қуғын-сүргінге ұшыратып отырған. Екіншіден, оның Бесқалада емес, Маңғыстауда өлгені бесенеден белгілі. Жаңаөзен-Ақтау күрежолының отызыншы шақырымында жатыр. Қаражалғас Бисенбайдан үш тумалас болған. Жалғасбай, Жарас, Нұрғали. Бәйнекенің шежіресінде Жарастан Наурызбай, Нұрғалидан Сағынбай, Тамара, Аслан, Нұрдәулет, Әлия, Аман туылған деген. Сағынбайы қазіргі кездері Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұрады. Нұрғали Бисенбаев 1908 жылы туылған делінген.. Бірақ ағасының жолын қуып, 1930-1969 жылдар аралығында Қарақалпақстанның ішкі істер саласында жемісті еңбек еткен. 1993 жылы 85 жасында қайтыс болған. Хожелі ауданындағы «Мәздімхан сұлу» қорымына жерленген. Ал кемпірі – Зәуре Бәкірова 2005 жылы 82 жасында көз жұмған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Қарақалпақстан милициясы тарихынан ереулі орын иелеген қандасымыз, Қосай ата ұрпағы Қаражалғас Бисенбаевтың аты туған жері Ақтөбе мен киелі мекен Маңғыстауда да ардақталса нұр үстіне нұр болар еді. Жылдағы кәсіби мерекелерінде атамыздың жүлдесі үшін әртүрлі спорттық шаралар ұйымдастырылса жас полицейлерге ерлік істері, табандылығы, қайсарлығы, батылдығы, ұлтжандылығы үлгі-өнеге болар еді деп ойлаймыз.