©
Киелі мекен Маңғыстаудың әр тау-тасының, сай-саласының өзіндік шертер тарихы бар. Кез-келген сайында бір тарих бұқпалаған, түртіп қалсаң тау-тасы да сөйлеп кеткелі тұрған қасиетті Маңғыстау жері туралы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығында бір рет болып, көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» - дегені бар.
Маңғыстау – тарих пен табиғаттың бірге толғанған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес» - дейді заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбев. Отпан таудың ең биік шыңына шығып, Бес шоқы, биік тауларды, жазық даланы, ағарған биік төбелер мен жотаны, бұлт торлаған аспанды, жап-жазық даланы көруге асыққандар саны күн санап артуда. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген қонақтар Маңғыстауға аяқ тірегеннен-ақ Отпан таудың басына шығуды армандайды. Міне сол тарихы терең өлкенің шоқтығы биік шоқысы Отпан тау тарихи мәдени кешенінің де құрылғанына 10 жыл толып отыр.
Осы орайда мекеме қызметкері, көптеген игі шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып жүрген Ж. Айдарбекпен тілдескен болатынбыз.
– Аға, "Отпан тау" тарихи-мәдени кешенінің құрылғанына 10 жыл толыпты. Тарихы сонау тереңде жатқан Отпан таудың басына ерлігі елге мұра Адай атамыздың кесенесінің тұрғызылғаны – көптің көңілінен шыққан дүние. Атқарылған істі, төгілген терді тағы бір шолып өтсек.
– «Үш қиян» газетінің 2004 жыл 1 шілде күнгі 27-нөмірінде Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адайдың «Адай ата рухына арнап ескерткіш кесене тұрғызу керек» деген мақаласы жарияланған болатын. Алашқа белгілі азаматтың бастамасын көпшілік бірауыздан қолдап, оң бағасын айтты, ақсақалдар мен ақжаулықты аналар батасын берді. Алдымен «Адай» қоры құрылып, Қаратаудың ең биік шоқысы Отпанда 2005 жылы Адай ата кесенесінің алғашқы кірпіші қаланды. Кесене және оның маңайындағы Ақсақалдар ордасы, Көкбөрі ескерткіші, Ұран оты алаңы, Ана ескерткіші, Батырлар алаңы құрылысы 2007 жылы қазан айында аяқталып, пайдалануға берілді, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ақын Сабыр Адай алғаш рет Ұран Отын жақты. Кешен «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени орталығы деп аталды. Кесене жобасының авторлары – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, сәулетші, шебер Мақсұт Нұрқабаев, белгілі сәулетші, шебер Көпбол Демесінов, республикаға танымал мүсінші, шебер Көшер Байғазиев.
«Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени кешені құрылысын салуға моральдық қолдау, материалдық көмек көрсеткендер қатарында – Маңғыстау ауданының сол кездегі әкімі, кешен құрылысын ұйымдастыру штабының басшысы, марқұм Жиенай Албытов, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның президенті Мұрат Құрбанбаев, «МРЭК» АҚның директоры Майлыбай Аймағанбетов, «Мырзабек Алтынтас груп» ЖШС-нің директоры Қуаныш Мұнатов және т.б. көптеген мекеме, кәсіпорын, жеке кәсіпкерлер мен азаматтар болды. Кешен 2009 жылы мемлекет қарауына, Маңғыстау облысының мәдениет басқармасына беріліп, «Отпан» МКҚК құрылды. Әр жылдары кәсіпорынға Көшкінов Жоламан, Озғанбаев Құралбай, Санауов Асқар, Аралбаев Данияр, Атшыбайұлы Еркебұлан басшылық етті. Кәсіпорынның қазіргі директоры – белгілі айтыскер ақын, өнер жанашыры Мұсаев Нұрлан Әбуғалиұлы.
– Кешендегі әр ескерткіш пен нысан ның өзіндік тарихы бар. Сәулетшілер оны да назардан тыс қалдырмай әр дүниенің өзіндік шертер шежіресін көркем бейнелей білгеніне әр барған сайын куә боп жүрміз...
– Адай Ата кесенесі маңдайында, сегіз бұрышты жұлдыз ортасында бейнеленген үш тармақты таңба – «үш жүздің басы біріксе алынбайтын қамал жоқ, тәуелсіздіктің тірегі – үш жүздің басының бірлігі» деген мағынаны меңзейді. Кесененің алтын жалатқан қос жақтаулы есігіндегі символдық белгілердің де өзінше мағыналары бар. Есіктің екі жақ - тауындағы шеткі бұрыштарда бейнеленген ай мен күн – «Айың тусын оңыңнан, күнің тусын солыңнан» деп айтылатын ізгі тілекті білдіреді. Оның астында «Өмір ағашының» символдық белгісі болса, ұштары төмен қарай бағытталған 2 қылыш, жүздері екі жаққа қаратылған 2 айбалта, бір-біріне қарай емес көкке шаншылған 2 найза қазақ халқының соғыс-құмар емес, бейбіт ел екенін білдіреді.
Ал, Алаш аналарына арналған «Ана келбеті» стелласы құлпытас іспетті ескерткіш аталардың Ақордасы – сегіз қанат ақ үй іспетті Ақсарайдың жанына орналасқан. Қол бастаған батыр бағлан да, ел бастаған хан мен би де, сөз бастаған шешен мен ақын да анадан туған. Сондықтан ананы құрметтеу, анаға тағзым ету – әр перзенттің қасиетті борышы.
«Көк бөрі» – көне түркілерден қалған рухани қуат-жігеріміз бен ұлттық болмысымыздың тамыр-тегі, ар мен намыстың, қайсарлықтың символы. Ерте замандарда аталарымыз көкжалды пір тұтқан. Себебі, ол қиыншылыққа төзімді, жауларынан да, табиғаттың дүлей күшінен де қорғана алатын күшті, қолға үйретуге көнбейтін, туған жерінен кетпейтін және өз ұяластарын жауға бермейтін, саны көбеймесе азаймайтын жүректі те ақылды, айлакер аң. Бабаларымыз көкбөрінің бойындағы осы қасиеттерін өз ұрпағының болмысында болуын қалап, балаларына үлгі тұтқан. Сол себепті, ол бүгін де халқымызға символ бола алады.
Сонымен қатар, «Ұран Оты» алаңы. Үш Жүздің алақанына салынған қазан бейнесіндегі алау жағатын орын. Ұлтымызды жасампаздыққа, жақсылыққа, бірлікберекеге шақыруға және арнамысымыздың сергектігі мен ішкі тұтастығымызды бейнелейді. Тарихи мағлұматтарға сүйенсек, Отпан тау – ежелгі көшпелілердің рухани орталығы болған. Жаугершілік замандарда ел шетіне жау тигенде, елге хабар беру мақсатында Маңғыстау ойының ең биік жері Отпан тауда Ұран оты жағылған. Бүгінгі таңда бұл жер – ерлік пен елдіктің, бірлік пен келісімнің кіндігі ретінде, жыл сайын Маңғыстау халқының ежелден келе жатқан жыл басы
14 наурыз – Амал мейрамы, көрісу күні садақа беріліп, 13-тен 14-не қараған түні –өткенге тағзым, бүгінге құрмет, татулық пен бірліктің, ұлттық мемлекет есебінде қалыптастырған баянды тәуелсіздігіміз жолындағы әр жылғы жеңісіміздің Тағзым Оты жағылады. От жағу рәсіміне Үш Жүздің өлкемізге белгілі зиялы ақсақалдары қатысады. Сонымен қатар бұл алаңда жыл сайын жасы кәмелетке жеткен ер балаларға төлқұжаттар тап сырылып, отан қорғауға әскер қатарына аттанып бара жатқан ұландарға ақ жол тілеп, бата беріліп, тәртіп сақшыларына марапаттар тапсырылады. Бас қақпа Ақтау - Шетпе бағытындағы тас жолдан кешенге бұрылатын жерге 2014 жылы Амал мейрамына қарсы Тобыш ата ұрпақтары тұрғызған нысан. Кешенге кірер қақпа - Адай ата кешенінің босағасы болып есептеледі. Қақпа мәрмәр тастармен қапталған, жағалай талдар мен түрлі бұта, өсімдіктер отырғызылған.
«Қарашаңырақ» ғимараты. Қазақтың жазылмаған дала заңының тәртібі бойынша Алаштың қарашаңырағы Адайдың қолында болса, Адайдың қарашаңырағы Мұңалдың қолында. Осыны ескере отырып, «Қарашаңырақ» бүкіл ұлы істердің алаңы болсын деген ниетпен салынған. Елбасынан бастап, ел тізгінін ұстаған үлкендікішілі әкімдер мен шенеуніктер, дуалы ауыз, елге мұрындық болар ақсақалдар мен көзі қарақты зиялы қауым өкілдері бейресми жағдайда кездесуге ыңғайлы. Осы жерде ұлттың келелі, маңызды мәселелері қаралып, болашаққа жоспар құрылып, баталасады. «Қарашаңырақтың» ортасына Түркістандағы Тайқазан үлгісінде жасалған қазан орнатылған. Ол Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Жорабеков Серік шебердің жұмысы. Бұл ғимаратты 2015 жылы Амал мейрамын өткізген Мұңал ата ұрпақтары түрлі мәденикөпшілік шараларды өткізуге арнап салып, мекемеге сыйға тартты. Бұл ғимарат Отпан таудың қатал табиғатына тәуелсіз, жылдың кез келген мезгілінде түрлі деңгейде шаралар өткізуге бейімделген.
362 баспалдақ. Маңғыстауда дәстүрлі дініміздің, ұлылар руханиятының ұрығын сепкен және оның үзілмей, бүгінгі ұрпаққа жетуіне себеп болған 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ Ақсарай мен Адай атаның кесенесін жалғастырады. Маңғыстау қойнауында мәңгілік мекен тапқан әулиелердің қасиетті рухы Отпан таудың басына келіп, осы баспалдақпен жүріп өткен жанға шапағаты тиер деген тілекпен ырымдап салынған. Осының негізінде болашақта осы жерде жастардың санасына ұлттық тәрбие ұялататын, ұлтымызға жүздеген жылдар бойы рухани азық болатын 362 әулиенің нышани ескерткішін тұрғызу жоспарланған.
Бата төбе нысанын 2016 жылы Қосай ата ұрпақтары салып бастаған. Нысан болашақта ақсақалдардың жастарға, әскер қатарына бара жатқан ұландарға, жас жұбайларға, т.б. бата беретін, келушілердің ғибадат ететін, тағзым орнына айналмақ.
Төбенің ең биік жерінде жорық жыршысы, әрі ақын, әрі батыр Қалнияздың бейіті бар. Ел аузында «Жорық жыршысы» аталған Қалнияз Шопықұлы 1870 жылғы патша үкіметінің басқыншы саясатына қарсы бас көтерген Иса–Досан көтерілісіне қатысқан баскөтер ерлердің бірі ретінде қудаланған соң, бас сауғалап, тәжік жеріне көшіп кеткен. Өмірінің ақырына дейін туған жері Маңғыстауды сағынып, оған келуді армандап, жырлап өткен. Ұрпақтары оның аманатын орындап, 2015 жылы мамыр айында ақынның сүйегі Отпан таудың баурайына әкеліп қойылды.
Ақсарай 2007 жылы ақсақалдар мен ақылдастар орталығы ретінде салынған. Кешен мемлекет қарауына алынған соң 2010 жылы Ақсарайда дін ғұламасы, қазақ елінің рухани ұстаздарының бірегейі Пір Бекет Атаның 260 жылдығы аталып өтіп, өлке тарихын бейнелейтін мұражай экспозициясы ашылды. Стационарлық экспозиция 6 залдан құралады: Кіріспе зал. «Қазақ мемлекетінің даму тарихы» залы (2016 ж. «Ұлы дала данышпандары» боп өзгертілді), «Маңғыстаудағы ислам діні» залы, Этнография залы, «Нұрлы жол көшіндегі Маңғыстау» залы және «археология» залы.
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» делінген. Ұлттық салт-дәстүрімізді берік ұстанған Маңғыстау өңіріндегі амал мерекесі, үлкен ас жиындар осы жерде тойланатынын білеміз. Тағы қандай шаралар ұйымдастырылып тұрады?
– Иә, әр жыл сайын ел игілігі үшін түрлі шаралар ұйымдыстырылып келеді. Алғаш 2007 жылы Адай ата рухына арналып, үлкен ас беріліп, 500-дей киіз үй тігілді, еліміздің түкпір-түкпірінен, алысжақын шет елдерден 50 мыңға жуық адам қатысты. Қазақи салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай ұстанып отырған өлкеміз ұлттық ойындарымен, ұлан асыр тойы мен көптің көңілін көтерді.
Тағы оқыңыздар: Бақытты отбасы болудың құпиялары– Сондай-ақ, 2010 жылдың қыркүйек айында Отпан таудың етегінде Пір Бекет атаның 260 жылдығына арнап, ас берілді. Осы шара аясында «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде Ақсарай мұражайының ашылу салтанатына халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Әбіш Кекілбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Қазақ халқының шежіресі бойынша Алаша ханнан тараған Алаш жұрты «Ұлы жүз», «Орта жүз» және «Кіші жүз» деп аталатын үш бөлімнен тұратын болса, Алты ата Әлім, Жеті ата Жетіру және Он екі ата Байұлынан тұратын 25 таңбалы Кіші жүз ішінде Адай кенжесі, яғни Қара шаңырақтың иесі боп есептеледі. Осы ескі жазылмаған атазаңға сүйене отырып, қазақ халқының ежелгі салты бойынша әр жылы Амал күні қазақ елінің түкпір-түкпірінен Отпандағы Қарашаңыраққа келіп, жаңа жылда бір-бірін аман-есен көргендеріне қуанысып, бір дастарханнан ас ішіп, бір қазаннан дәм татып, келесі жылға амандық тілесіп, болашаққа үміт артып, аталардан бата алады. Бұл – көшпелі қазақ халқына ортақ, ғасырлар бойы жалғасқан үрдіс.
Жыл сайын Маңғыстау өлкесі ерекше атап өтетін, ауыз-біршілікке, кешірімшілдікке үндейтін амал мерекесі, 2009 жылы «Адай» қоры және Маңғыстау ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен мерекеленді. 2010 жылы Құнанорыс ұрпақтары Ата рухына арнап, ас беріп, «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының директоры Мұрат Құрбанбаев - Бірлік Отын жақты, Амал мейрамын ұйымдастырды. 2011 жылы Ақпан ұрпақтары, 2012 жылы Балықшы ұрпақтары, 2013 жылы Бұзау ұрпақтары, 2014 жылы Тобыш ұрпақтары, 2015 жылы Мұңал ұрпақтары, 2016 жылы Қосай ұрпақтары жақса, 2017 жылы Тәзіке ұрпақтары ас беріп, дәстүрлі істі жалғастырды.
Сондай-ақ, өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық тарихи жәдігерлерді қорғауға алу, ғылыми ағарту, мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айгүл РАХМЕТОВА
Суреттер Талант ҚҰСАЙЫННЫҢ архивінен
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40014,40012,40009,40007,40005,40010,40013,40011"]