©
Сот төрелігін іске асыру, сот ісін жүргізудің ашықтығына қол жеткізу бойынша жұмыстарды оңтайландырудың перспективалық бағыттарының бірі ақпараттық технологияларды қолдану болып табылады.
Азаматтар үшін сот жүйесін жеңілдету және қол жетімді ету, сондай-ақ сот ісін жүргізуде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану мақсатында қазіргі таңда төмендегі жүйелер іске асырылды. Олар:
Сот жүйесін аудио және аудио-бейне фиксацияның (бұдан әрі – АБФ) жетілдірілген жүйелерімен жабдықтау, сондай-ақ компьютерлер мен ұйымдастыру техникасымен жабдықтау бойынша жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты АБФ-ның жаңа жүйелерімен 4 сот мәжіліс залы жабдықталған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда сот ісін жүргізуді автоматтандыру және оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» ақпараттық сервистері іске асырылуда.
«Сот кабинеті» - бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтеріне рұқсат алуға арналған бірыңғай терезе. Ол арқылы азаматқа, оның өкілі немесе адвокатқа өзіне қолайлы кез келген уақытта үйінен, кеңсесінен шықпастан, интернет желісі арқылы арызды (өтінішті), шағым және наразылықты электрондық түрде жолдауға, мемлекеттік бажды онлайн режимде төлеуге, сот құжатын, сондай-ақ істің статусын көруге және сот актісін басып шығаруға, сонымен қатар процессуалдық мерзімдерді қадағалауға мүмкіндік берілген.
2016 жылы «Сот кабинеті» сервисі арқылы электрондық түрде Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2411 құжат, оның ішінде 1966 талап арыздар, ал қалғандары басқа арыздар (өтініштер), шағымдар мен наразылықтар берілген.
«Сот құжаттарымен танысу» сервисі сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін электрондық сот құжаттарымен танысуға арналған.
Сотқа талап арызбен (шағыммен) жүгінген азамат оның тіркелгені туралы талон алады. Одан кейін электрондық хабарлауға келіскен жағдайда оның ұялы телефонына немесе электрондық поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен сайт арқылы таныса алатындығы жөнінде логин мен құпия сөз көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындаудың қажеті жоқ.
Сонымен қатар, сот процессіне қатысушыларды жедел хабардар етуден басқа бұл сервис пошталық хабарламаларды жолдаудан бас тартуға мүмкіндік беретінін атап айтқан жөн. Бұл пошталық шығындарға бөлінетін бюджет қаражатын айтарлықтай қысқартады.
Азаматтар мен ұйымдарды сот қарауына шақыру туралы SMS-хабарлау және шақыру, сондай-ақ қабылданған сот құжаттары туралы азаматтарға жедел ақпарат беру сервисі.
АБФ шеңберінде шет елдердің мысалы мен тәжірибесінде соттарды бейнеконференцбайланыс жүйелерімен жабдықтау жолымен сот төрелігін қашықтықтан іске асыру мүмкіндігі де іске қосылған.
Мысалға алатын болсақ, 11.01.2017 жылы жауапкердің тергеу излоляторында отыруына байланысты сот мәжілісі бейнеконференция арқылы жауап алынып, жүргізілді.
Соынмен қатар, сот жүйесіне «Гибридті электрондық пошта» (бұдан әрі – ГЭП) енгізілді. .
Тапсырыс бойынша гибридті жөнелтілімдер технологиясын қолдану кезінде жергілікті соттардан жолдауға арналған ақпарат (сотқа шақыру қағазы) пошта байланысы бөлімшесіне электрондық түрде жолданады, «Қазпошта» АҚ жағында қағазға басылып, пошталық конвертке буып-түйіліп, соңғы адресатқа жеткізіледі. Бұл ретте жеткізілу немесе жеткізілудің мүмкін еместігі туралы статустар «Төрелік» ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.
Сот жүйесінде заманауи технологияларды, оның ішінде жоғарыда айтылған функцияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілдік кедергілерді қысқартады, сот органы қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың қысқаруына септігін тигізеді, халықтың уақыты мен қаражатын үнемдейді, еліміздің халқы үшін сот жүйесінің максималды ашықтығы мен қолжетімділігіне жетуге мүмкіндік береді.
Сот жүйесі үшін бұл – сот төрелігін іске асыру үрдісін жеңілдету, сот ісін жүргізуді оңтайландыру және автоматтандыру, ақпараттық технологияларды дамыту, бюджет қаражатын үнемдеу болып табылады.
Маңғыстау облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының
кеңсе меңгерушісі Ш.Е. Каршыгаева