©
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қ.Нұрмамедова үкіметтік емес сектор өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты - үкіметтік емес сектор өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалану, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыс пен өзара түсіністікті нығайту. Басқосуға облыс әкімінің мүгедектер істері жөніндегі кеңесшісі В.Трифонов, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Ж.Махамбетова, «Ұрпақ Next» жастар қоғамдық қорының басшысы Г.Мұратбай, «Рай» шұғыл көмек көрсету орталығының директоры Р.Бекманова, «Здоровье детям» қоғамдық қорының директоры Е.Дедова, «Алас» құқықтық қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры И.Проняева, «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Муха, облыстық «Зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Мұхамедов, «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі қатысты. Кездесу барысында тұрғындардан келіп түскен талап-тілектер талқыға түсіп, халықты алаңдататын мәселелер төңірегінде пікіралмасу жүрді. Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету бойынша үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жинақтаған ұсыныс-пікірлерін, наразылықтар мен өтініштерін ортаға салды. Сонымен бірге Қ.Нұрмамедова 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа форматы туралы жан-жақты ақпарат берді. Еңбекке қабілетті адамдарға атаулы әлеуметтік көмек төлеу критерийлері туралы, жаңа форматағы атаулы әлеуметтік көмектің идеологиясы, мүгедектерді әлеуметтік көмектермен қамту ерекшеліктеріне тоқталды. Табысы аз мүгедектер, зейнеткерлер, 7-жасқа дейінгі бала күтіміндегі аналар, мүгедекке күтім жасап отырған адамдарға атаулы әлеуметтік көмек шартсыз негізде төлене береді. Ал еңбекке қабілетті жастағы адамдарға тек қана әлеуметтік көмек емес, жұмыс, әлеуметтік бейімдеу шараларынан өту мүмкіндіктері ұсынылады. Сонымен бірге келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек мөлшері артатын болады. Басқарма басшысының орынбасары азаматтық сектор өкілдеріне кездесулер барысында аталған ақпаратты халыққа жеткізуді сұрады. Сонымен бірге «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Ж.Махамбетова Қарақия ауданында жергілікті мұнай компанияларының қолдауымен «Ауылдық жерлердегі мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру» жобасының жүзеге асырылатындығын айтып, ерекшеліктерімен таныстырды.Голрох Жеменей