©
Қазақ әйелдерінің іскерлігі мен азаматқа лайық іс-әрекеттері қай заманда да болған. Ұстаздар мерекесіне орай қоғамның елеулі бір тұлғасына айналған Сәуле Сансызбайқызы туралы лебіз білдіргенді жөн көрдім. Жаны жайсаң, жүзінен нұры төгілген осы кісімен таныс болғаныма да бірнеше жыл болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Қатар құрбыңдай сырлас, сыйлас бола алатын, қолынан келсе көмегін, ақыл-кеңесін аямайтын апайдың өзіне баурап алатын тамаша қасиеттері көп.
Сәуле Сансызбайқызы Шудабаева 1957 жылдың 22 қыркүйегі күні талай ақынның өлеңіне арқау болған ару Жайықтың бойында, Атыраудың Мақат поселкесінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Атасы Шудабай әріп таныған кезінен кішкентай Сәуленің талабын байқады ма, әлде бабалар мұрасын кішкентайынан білсін деді ме, батырлар жырларын дауыстатып оқытып қоятын. Ауыз әдебиетін жатқа айтатын талапты бала қазақ тілі мен әдебиетін ерекше қадірлеп өсті. Кейін көркем сөз оқудың шеберіне айналды. Әкесі Сансызбай мұнай саласында еңбек етіп, Маңғыстау мұнайын алғаш игергендердің бірі болды. Қоғам қайраткері, Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Саламат Мұқашевтің сыныптас жолдасы болуы тағдырын мұнай саласымен байланыстырды. Сол кісінің қамқорлығын көп көрген Сансызбай ақсақал балаларына да мұқтаж адамдарға қолдан келсе көмек көрсетуге дайын тұруға, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болуды үйретті. Отбасының тәрбиесінен бе, Сәуле өте елгезек, қай істе де епті, ширақ болып өсті. Әкесі айлап, Маңғыстауға жұмысқа кеткенде, Сәуле бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен бастап анасының тазалықшы болып еңбек ететін жұмысына да, үй шаруасына да көмектесетін. Әкесі жұмыстан келгенде, әкесінің үстіндегі май-май болған мұнайшыға арналып тігілген киімін қызықтайтын. Сол киімді шешсе де, әкесінің тері мен Маңғыстаудың мұнайы сіңген киімнің сіресіп қатып тұратын қалпын көріп, мәз болатын.
Оқушы Сәуле Мақаттағы М.Горький атындағы орта мектепте оқып жүргенде өте белсенді, алғыр, озат балалардың бірі болды. Мектептегі дружина советінің председателі, мектептегі бастауыш комсомол ұйымының мүшесі бола жүріп, көзінен от ұшқындаған жас сол кездегі комсомол конференцияларына қызыл мандатпен қатысушы еді. Тек қатысып қана қоймай, өз ойын батыл айта алатын, бастама көтеретін, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жас болып өсті. Сол оқушы күндеріндегі қызыл мандат қымбат дүниесіндей Сәуленің сандығында әлі сақтаулы тұр. Сол комсомол Сәуленің қызыл мандатының бүгінгі депутат Сәуленің қызыл мандатынан айырмашылығы аз. Екеуінің де мақсаты бір. «Депутаттық мандат – өте жеңіл, бірақ міндеттейтін жүгі ауыр. Депутат болу – мәслихат сессиясына қатысып, мандат көтеріп, дауыс беру ғана емес, өзіңе сенім артқан халықтың мұң-мұқтажына көмек қолыңды созу», – дейді Сәуле Сансызбайқызы. Заңгер, сот қызметкері болсам деген арман Сәулені мектепте қара костюм, ақ кофта, қара галстук тағып жүруге итермеледі. Заңгер болсам деген арман 1974 жылы мектеп бітірген жасты Қарағандыға апарды. Мектепті үздік тәмамдаған Сәуле екі жыл қатарынан ағылшын тілінен сүрінді. Сонда да мақсатқа жетуге ұмтылған жас үшінші жылы қалаған мамандығына түседі. Бірақ отбасылық жағдайларға байланысты оқи алмады. Әкесі көз жанары суалып, еңбекке жарамсыз болып қалса, анасы да ауыр науқаспен үйде жатты. Атырауға келіп, ата-анаға көмектесуді борыш санады. Ағасы Қарағанды қаласындағы медициналық институтта оқыды. Кішкентай бауырларына қарап, оларға бас-көз болу Сәулеге жүктелді.
1974 жылы Мақат поселкесіндегі М. Горкий атындағы мектепте аға пионер жетекшісі болып, екі мәрте ЦК ВЛКСМ-нің құрмет граммотасымен марапатталды. 1977 жылы жоғарғы партия мектебі жанындағы комсомол мектебінде оқыса, 1978-1981 жылдар аралығында аудандық пионер үйінің директоры қызметін атқарған. 1984 жылы жоғары оқу орнынан тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып, туған жерінде ұстаз болып еңбекке араласады. Ең алғаш жұмысқа алған мектеп директоры Рамазан ағайды ешқашан ұмытқан емес. Сол кісіден үйренген өнегесі көп еді. Өзінің белсенділігі мен табандылығының арқасында мектеп директорының оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ ұйымының төрайымы да болады. 1990 жылы Маңғыстауға келген Сәуле Сансызбайқызын киелі жер ғашық етті. Сол жылы №21 мектепте даярлық тобының тәрбиешісі болып еңбек жолын бастаған Сәуле апай сол кездегі мектеп директоры Ерболат ағайға «Мені жұмысқа алсаңыз, сізді ешқашан ұятқа қалдырмаймын» деп уәде берген еді. Жауапкершілік жүгін ерте сезінген, тәжірибелі, білікті ұстаз сол уәдесінде тұрып, мектепте аянбай, адал еңбек етіп, директорлыққа дейін көтерілді. Мектепті басқарғанына да он бес жылға жуық уақыт болды. Қол астында қызмет ететін жүзден астам ұстаздың біліктілігіне, әлеуметтік жағдайына үлкен мән берді. Әрқайсысының жағдайын бес саусақтай біліп отырды. Ақтау қаласындағы № 21 орта мектептің директоры болған он бес жылдың ішінде алдымен мектептегі білім сапасын көтерді. Соңғы он жылда оқу ордасынан он «Алтын белгі» иегері шықты. ҰБТ-дан сапа көрсеткіші 98%-ға көтеріліп, қаладағы алғашқы бес үздік мектептің қатарынан аталып, Ақтау қаласы әкімінің арнайы сыйлығын алған кезі де болды. Мектеп түлектері бүгінде балаларын осы мектепке әкеліп жатқанын көріп, көңілі марқайып қалатын. Мектебін, ұстаздарын ұмытпай, хабарласып, іздеп тұратын мектеп түлектері – мектептің басты байлығы. Мектепті осыдан он, он бес, жиырма жыл бұрын бітірген түлектер жыл сайын мектеп ауласын көгалдандыруды дәстүрге айналдырған. 2016-2017 оқу жылында Ақтау қаласы мектептерінің ішінде «Үздік мектеп – 2017» байқауында бас жүлде алды.
Сәуле апайдың шәкірттері өте көп. Мектепте дәл өзі сияқты дружина советінің председателі, кейін пионер вожатый, одан кейін мұғалім болып, Сәуле апайдың жолын қуған шәкірті Қалағанова Гүлнәр бүгінде бір мектепте абыройлы директоры болып отыр.
Сәуле апай бала кезінен спортты жанына серік етті. Шаңғы тебуді, арғымақ атқа мінуді армандаған оқушы кезінде үстел теннисінен жарыстарға қатысып, Мақат ауданының бірінші ракеткасы атанды. Баскетбол, волейбол ойнағанда да алдына жан салмайтын. Бүгінге дейін мұғалімдер арасында өтетін спорттық жарыстарға қатысып тұратын апай балаларын да спортты сүюге тәрбиеледі.
Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұстаз – отбасында Нығметтей жолдасына асыл жар, балаларына аяулы ана. Денсаулығына байланысты зейнеткерлікке ерте шыққан жолдасына демеу көрсетіп келеді. Ұлы Бауыржан кішкентайынан әлжуаз, аурушаң болды да, қайсар ана бұл жолдан шығудың жолын іздеді. Ұлын бала кезінен өзі жанындай жақсы көретін спортқа баулыды. Түрлі спорт секцияларына қатыстырды. Бауыржанды қаланың әр шетіндегі спорт секцияларына үздіксіз апару үшін көлік жүргізуді де үйреніп алды. Сәуле апайдың заты нәзік болса да, батыл да қайсар, өжет екеніне дәлел көп. Каратэ-додан ҚР чемпионы атанып, ана үмітін ақтаған ұл бүгінде Қазақтың спорт және туризм академиясының 2-курсында оқиды. Қызы Гүлнұр геолог мамандығын алды, қазір бір әулеттің ибалы келініне айналды.Сәуле апай – күш-жігері мен табандылығының арқасында отбасын айрандай ұйытып, берекеге бөлеген, ағайын-тумаларына да қолдан келген көмегін аямай, ана орнына ана, бәріне пана болған, алғыстан алқа таққан абзал жан. Қандай да мерекелерде Сәуле апайдың шаңырағы шат шадыман күлкіге толып, кең дастархан басында дос-жарандары мен ағайындары бас қосып, ізгі тілектер айту үрдіске айналған. Осыдан артық қандай бақыт керек!
Жетім-жесір, мұқтаж жандарға қамқор болу, қолында бар болса, бөліп беру сияқты отбасынан алған тектілік қасиеттер Сәуле Сансызбайқызын қоғам қайраткері ретінде танытты. Қалалық мәслихат депутаты ретінде атқарған істері ұшан теңіз. Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрайымы, «Партияның 50 тұлғасы» жобасына қатысушы Сәуле Шудабаева әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. «Партияның 50 тұлғасы» жобасына қатысу халық қалаулысы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, араласатын қоғамдық жұмыстардың аясын кеңейтті. Аймақтың өзекті мәселелері бойынша берілген партиялық тапсырмаларды орындауға атсалысу ұстаздық, депутаттық міндеттермен ұштасып жатты.
Депутаттық сайлауалды бағдарламасында да жағдайы төмен мұғалімдерге көмектесу, тұрғын үй алуға ықпал ету, мүгедек балаларға әлеуметтік қолдау көрсету бағыттары айтылған. Он бес жылдай үйсіз-күйсіз, бес баламен әр жерді уақытша паналап жүрген Х.Бұлжан есімді қызметкеріне әкімдіктегілерге қайта-қайта барып, ұсыныс айтып жүріп, тегін пәтер алуына көмектесті. Басқа да үй жалдап, әбден қажыған, алдына келіп, көмек сұраған көптеген жандарға қол үшін созды. Тұрмыстық жағдайы төмен қызметшілердің балаларын балабақшаға орналастырды, мектептегі зейнеткер ұстаздың немересінің көзіне ота жасату үшін демеушілер тауып, материалдық көмек көрсетілуіне ықпал етті, 13-шағынаудан бойынша жұмыссыз жүрген, өтініштерімен келген бірнеше адамды жұмыспен қамтыды... Ақтау қалалық әкімдігіндегі әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрайымы ретінде көп жылдан бері бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің кезегінде тұрған мұғалімдерге берілетін үйдің өз кезегімен әділ бөлінуін, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына қатысты түйткілді мәселелерді, 13-шағынаудандағы халық санының артуына байланысты кезінде жалға берілген балабақша ғимараттарын қайтару мәселелерін көтеріп келеді. Облыстық саясаткер әйелдер клубы жүргізіп жатқан гендерлік, әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесін қосуда. Облыстық филиалдағы «Білім және ғылым» сараптама тобының мәжілістерінде көтерілген мәселелердің орындалуын қадағалайды. Қазақстанда білімнің дұрыс жүйесі қалыптаспағандығына, білім беру жүйесіндегі келеңсіздіктерге, мұғалімдердің қағазбастылыққа салынғандығына, айлық пен мадақтаудың аздығына налиды.
Адамдықтың туын биік ұстайтын, жаны жайсаң, әрқашан жүзінен жылылық шуағы ескен, әрбір сөзінен салиқалы сабырлылық лебі сезілетін, қай іске болсын үлкен ынтамен қарайтын, үлкенді құрметтей, кішіні қадірлей білетін үлкен жүректі Сәуле апай асқаралы алпыс жасқа толды. Сәуле Сансызбайқызын алпыс жас мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне табыстар, халық қалаулысы ретінде биіктерден көріне беруін тілеймін.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі