Осыған орай бүгін Ш. Есенов атындағы КМТжИ университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазақстанның жер қойнауын игерудегі ғылым мен техниканың дамуы» тақырыбындағы жиынға университеттің оқытушылар құрамы, студенттер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, Шахмардан Есеновтің замандас, әріптестері қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысын Ш. Есенов атындағы КМТИУ-дың ректоры Б.Ахметов алғы сөзбен ашып, Шахмардан Есеновтің өмірбаянына арналған бейнеролик көрсетілді.
- Құрметті ағартушы қауым, құрметті ұстаздар, жас мамандар. Биыл осы оқу ордасына есімі берілген геолог, Маңғыстау мен Батыс Қазақстандағы мұнай-газ орындарын алғашқы ашушы, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахмардан Есеновтің туғанына 90 жыл. Ол қазақ геологиясының атасы Қаныш Сәтбаевтың шәкірті әрі ізбасары. Қаныш Сәтбаев екеуі бірлесе отырып Жезқазған кен орындарында, кейін өзінің тікелей басшылық етуімен Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Бозащы, Қаламқас кен орындарында заманауи экономиканың негізін қалағандардың бірі. Елбасымыз ұсынып отырған «Рухани жаңғыру» қағидасына сәйкес, Ш.Есенов сияқты дара тұлғамыздың өмір жолы мен ерен еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізу, оны әрі қарай жалғастыру, зерттеу, кеңінен таныту – біздің міндетіміз деп білеміз. Ол өзі дамуына көп тер төгіп, еңбегін сіңірген Маңғыстау облысының төрінде орналасқан іргелі білім ордасының ұжымына табысты еңбек тілеймін, - деді құттықтау сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев.
Пленарлық мәжілісте бірқатар профессор, геолог ғалымдар баяндама жасады. Оның ішінде Санкт-Петербург, Мәскеу, Астрахан қалаларының, сонымен қатар, Әзірбайжан мемлекетінің және Казақстанның бірқатар жоғары оқу орындарының ғалымдарынан келіп түскен мақалалар мен ғылыми еңбектер «Конференция материалдары» жинағында жарық көреді.
Жиынға алғашқы мұнай атқылаған жылдары Шахмардан Есенұлымен тізе қосып, өлкеміздің дамуына атсалысқан ардагер, мұнайшылар да жиынға қатысты. Солардың бірі Әділ Нұрманов Шахмардан Есеновпен қызметтес болған жылдарын былай деп еске алды:
- 1961 жылы Маңғыстаудың мол мұнайы ашылып, бүкіл Кеңестер Одағы үшін үлкен жаңалық болды. Киелі Маңғыстау өзінің жер қойнауында жатқан мол мұнайынан хабардар болды. Шахмардан Есеновпен сол тұстардан бері жақын таныс болып, жиі кездесіп тұрдық. Алғашқы мұнай атқылаған кезде кадрларды жинақтап, құрылымдарды өзгертті. Маңғыстау мұнайының ашылып, игерілуіне аса құнды еңбек еткен кісі. Өзі де ұзын бойлы, тұлғалы адам еді. Бір топ адамның арасынан бірден көзге түсетін. Алматыдағы политехникалық институттың кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сонда біліктілікті арттыру курсында дәріс оқитын. Дәріс кезінде бір де бір рет қағазға қарамайтын, - деп еске алды әріптесі Әділ Нұрманов.
Қазақстанның көрнекті ғалымы, Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Ш.Есенов өмірінің соңғы жылдарын Қазақ политехникалық институтында жас мамандарды дайындауға арнаған.
1995 жылы ұлы тұлғаның есімін мәңгі сақтау мақсатында ҚР Министрлер кабинетінің бұйрығымен Ақтау политехникалық институтына Шахмардан Есеновтің есімі берілді. Содан бері облысымыздың бас жоғарғы оқу орны Ш. Есенов атындағы КМТжИ университеті білікті маман даярлауда елеулі еңбек етіп келеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
Басты сурет yessenovfoundation.org сайтынан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39636,39638,39634,39635,39633"]