Қаңғыбас иттер мәселесі Жаңаөзенде ғана емес, еліміз үшін өзекті мәселеге айналғалы қашан. Әлемде жануарлар шабуылынан алған жарақаттан құтырмаға тап болып, көз жұмған жандардың саны жыл сайын артуда. Жаңаөзен қаласы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе иесіз жүрген иттердің тигізер зияны көп. Жыл басынан бері ит тістеп алу оқиғаларының 358 фактісі тіркелген болса, үй-күйсіз қаңғып жүрген жануарлардың 3587-сі жойылды. Көше кезген иттердің 70 пайызының иелері бар. Ал соңғы кезде қаңғыбас иттер ғана емес, иесі бар иттердің де адамға шабуылы жиілеген.
Ауру - иттен…
Ит қапқан оқиғаларда дәрігерлердің басты қаупі - «науқас құтырма дертін жұқтырып алған жоқ па?» болады. Бұл ақпарат жөнінде Жаңаөзен қаласы бойынша қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Асылбек Шаров жауап берді:
- Жаңаөзен қаласы бойынша 2017 жылдың 9 айы ішінде жануарлардың тістеуінен зардап шегіп медициналық көмекке жүгінгендердің саны - 338 адам немесе 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіші - 240,7 %, ал бұл көрсеткіш 2016 жылдың 9 айы ішінде 425 адам болған, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 87 адамға азайып отыр. Жануарлардың тістеуінен зардап шеккендердің ішінде ит тістеуінен - 308 адам жарақат алған, мысықтардың тістеуінен - 17, тышқан - 11, жылқы - 1, кесіртке - 1, олардың ішінде белгілісі - 210, белгісіздер саны - 128.
ҚР ДСМ №140 19.02.2003ж «Адамдардың құтырма ауруының алдын-алу» жөнінде және осы бұйрыққа өзгерістер енгізу туралы №267 20.06.2006 ж. «Адамдардың құтырмамен науқастануының алдын алу туралы» бұйрықтарына сәйкес жануарлардың тістеу, түкіріктеу, тырнауынан зардап шеккендерге алдын-алу мақсатында арнайы антирабиялық екпе және оған қоса иммуноглобулин тағайындалады. Белгілі жануарлардың тістеуінен зардап шеккендер бойынша Жаңаөзен қалалық ветеринариялық стансасына және қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті қызмет полиция бөліміне жануарлардың тістеуінен зардап шеккендер жөнінде хат жіберіліп, алынған шаралары жөнінде жауабы алынып отыр. Оларға 3 реттік вакцина курсы (тістеген күні, 3-ші күні, 7-ші күні) тағайындалады. Тістеген жануарда, итте құтыру ауруының белгілері жоқ туралы ветеринарлық анықтама әкелгеннен кейін екпе тоқтатылады.
Белгісіз жануарлардың тістеуінен зардап шеккендерге толық 6 реттік екпе курсы (тістеген күні, 3-ші күні, 7-ші күні, 14-ші күні, 30-шы күні, 90-шы күні) тағайындалады. Ал адам денесінің бас бөлігі, мойыны, беті, қол саусақтарын тістеген және де көп жарақат алған жағдайда антирабиялық иммуноглобуллин қоса тағайындалады, ал қалған дене бөлігінің төменгі жақтарын тістеген жағдайда тек ғана антирабиялық екпе тағайындалады. Қазіргі таңда антирабиялық екпеге қарсылық білдіргендер және асқынғандар болған жоқ.
Құтыру ауруының алдын алу мақсатында қалада иесіз, қаңғыбас иттерді аулау және ату жұмыстарын жүргізуге жасақталған бригада саны - 2. Ит тістеуінен зардап шеккен науқастардың ошағында құтырма ауруының алдын-алу жөнінде әңгімелесу жүргізіледі. Сондықтан үйдегі итіңіздің балаңызға, өз денсаулығыңызға кесірі тимесін десеңіз, оны мал дәрігеріне көрсетіп тұрғаныңыз жөн-ақ. Итті үйге кіргізбеу, азық-түлікті иіскеуіне жол бермеу керек, ал итаяқ ұстағаннан кейін қолыңызды міндетті түрде сабындап жуыңыз.
Ендігі сөз көшелердегі қаңғыбас иттер санын азайту, ит иелерін тәртіпке келтіру мәселелері бойынша бізге кімдер көмектесетіні жөнінде болмақ.
Бүгінде мұнайлы қала Жаңаөзеннің, әсіресе, Рахат, Теңге ауылдары тұрғындарынан «ит қаптап кетті» деген шағымды жиі естисіз.
«Рахат-3» ауылы тұрғынымын деп хабарласқан Бибатпа апа былай дейді:
- Ауылымызда ит өріп жүр. Көпшілігі - сол ауыл тұрғындарының асырап отырған иті. Қаңғыбас иттер әбден мазамызды алды. Тамақ іздеп, әбден ашынып, ызаланған иттер шабуыл жасай ма деп, балаларды мектепке жалғыз жіберуден қалдық. Түн ішінде үй арасында жаяу, жалғыз-жарым жүруден қорқамыз. Тіпті ауылымызда кішкентай қызды қаңғыбас иттер қауып ала жаздаған жағдай да болды. Қараңғы емес-ау, күннің жарық мезгілінде де көшеде жүру қиын болып тұр. Ит иелерін тәртіпке шақыру үшін нендей амал қолдануға болады?
Ал «Теңге» ауылының тұрғыны Ыбырай:
- Әсіресе, қоқыс жәшіктері маңында иттер көп. Біз, ата-аналар, күні бойы жұмыста боламыз. Жас балаларымыз мектепке өздері барып-келеді ғой, жолда ит тістеп алмас па екен деп уайымдаумен отырамыз, - дейді.
«Асыранды иттер шабуылы жиіледі» дегенде, біздің байқағанымыз, көп жағдайда әңгіме алабай тұқымдас иттер жөнінде болады екен.
Жалпы, соңғы он-он бес жылда қала тұрғындарының нақ осы алабай тұқымдас иттерге деген қызығушылығы артқан. Зерттеушілердің пікірінше, бұл құбылыс - біздің елімізге Ресейден келген «сән». Керісінше, екі ел бұқаралық құралдары беттерінде ересекті де, баланы да, өз иесін де, бөтенді де алабай талапты деген ақпараттар жиі кездеседі.
Зерттеушілер мұны алабайлардың о бастан тар аула, тар көше үшін жаралған ит еместігімен байланыстырады. Алабайды азиялықтар ғасырлар бойы мал бағу және сауда керуендерін күзету үшін пайдаланған. Кең далада отар-отар қойды алдына салып жүрген алабайлар өздерін де малшылармен қатар сол отардың иесі сынды сезініп, оған қауіп төнген кезде кез келген жыртқышпен аянбай алысатын болған. Ал бүгінгі қалалықтар оны тар аулада, торда ұстайды. Солайша басқа итпен тең еткісі келеді. «Иттің де түйсік-сезімі, сезігі бар» демекші, алабайдың адамға өкпесі орынды.
Иттерден кім қорғайды?
Көшелердегі қаңғыбас иттердің көзін құрту жөнінде тұрғындар жергілікті ветеринарлық бөлімдерге хабарласуы тиіс. Қалалық ветеринарлық станциясының басшысы Амандық Нұртаевтың айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін 3587 бас қаңғыбас ит аулап жойылған. Алайда, адам тістеулері азайған жоқ. Себебі тістеген иттердің иесі бар, аулада байлаулы тұрғанымен бірақ ешқандай құжаттары жоқ. Осы жылда иттерді жою үшін Үкімет тарапынан 4 млн. 500 мың тг қаржы бөлінген. Көрсетілген қаржының 1 млн. 500 мыңы тендерге салынып, жеке кәсіпкер конкурсты жеңу арқылы 1 млн. 500 мың теңгеге 1500 итті атқан.
- 2016 жылы 602 адамды ит тістеген. Қаламыздың тұрғындары иттерді дұрыс сақтамайды. Тамағын таба алмай жүрген ит ешқашан адамға шабуыл жасамайды, үйінде тойынған иттер адамды тістейді. Сондықтан мемлекетке де, өзге адамның денсаулығы үшін де зиян келтірмей, әрбір иттің иесі итті дұрыс сақтап, ауладан босатып жібермесе екен тілек бар, - дейді А.Нұртаев.
Сондай-ақ, ескере кететін болсақ, ҚР-ның Кодексі, 408-бап «Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидалары туралы» Заңнамасына сәйкес, иттерді асырауды дұрыс орындамаған жағдайда тәртіптік шара қолданып, айыппұл салынатынын иттің иелері білуі керек.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда 30-дан аса әріптестік жобаны іске асыру көзделгенШайхы ДЖАНСУПОВ, қалалық травматология бөлімінің меңгерушісі:
- Көріп отырғаныңыздай, ғасырлар бойы жан-жануарлар арасындағы адамның ең жанашыр досы саналып келген ит, өркениет дәуірінде, адам үшін ең қауіпті жануарға айналып отырған сыңайлы. Бүгінде, көшедегі қаңғыбас иттер ғана емес, иесі бар, асыранды иттер де адамға шабуылды жиілетті. Біздің бөлімге аса ауыр жағдайда ит тістеген азаматтар 7 күн жатып, емделеді. Аса ауыр дегеніміз - басынан ит тістеуі. Оларға антирабиялық гаммаглобулинмен бірге АРВ вакцинасы қосылып салынады. Адамның жарақатына қарай, вакцина 1, 3, 7, 14, 30, 90 күн ішінде салынады. Осыдан екі ай бұрын өз итіне таланған жас жігіт түскен болатын. Сондай-ақ, екі баланың басынан ит тістеген фактілер де болды. Сондықтан осындай ауыр жағдайға ұшырамас үшін иттерден сақтанып жүру керек.
Нұрсұлтан АСҚАРОВ, №2 қалалық емхананың хирург-дәрігері:
- Үстіміздегі жылдың 9 айында біздің емханаға 89 адам жануарлардың тістеп-тырнауына байланысты дәрігер көмегіне жүгінген. Осы адамдардың 83-і иттердің, 5-еуі мысықтардың шабуылына ұшыраған екен. Олардың ішінде жедел-жәрдеммен келгендер - 3, орталық ауруханадан келген азаматтар саны - 21. Зардап шеккендердің әрқайсысына құтырманың алдын алу үшін екпе салынып жатыр.
Иттердің құтыру сияқты қауіпті ауруды тасымалдаушы екенін ескерсек, бұл проблема жан-жақты қадағалауды қажет етеді.
Гүлсім МҰРЫНОВА