©
Үш жылдан бері елімізде жұмыс істейтін еңбекші-мигранттар арасында туберкулезді трансшекаралық бақылау және емдеуге бағытталған шаралар ХОУП жобасы («Project HOPE») денсаулық сақтау қоры ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресуге арналған жаһандық қордың қолдауымен жүзеге асып келеді. Жақында Қазақстанда белсенді жүріп жатқан бұл жоба әлемнің денсаулық сақтау саласында мәртебелі сыйлықпен марапатталды. Жоба үйлестірушілері осынау табысты жұмыста отандық және Орталық Азия елдеріндегі БАҚ-тар мен жекелеген журналистердің үлесі бар екенін айтты. Соның ішінде халық денсаулығын сақтау бағытында жүзеге асып жатқан жобаны жариялап келе жатқан Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газеті мен 7292info.kz сайтының да жоба жетістігіне қомақты үлес қосқаны сөзсіз.
«Биылғы қазан айында Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен Денсаулық сақтау одағының Дүниежүзілік Конференциясында «СТОП туберкулез» өкпе аурулары бойынша серіктес ұйымы Қазақстандағы ХОУП жобасын «Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні-2017» беделді әлемдік сыйлығымен марапаттады.
Қазақстандағы ХОУП жобасы осынау марапатқа еңбекші мигранттар арасында туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, Орталық Азия елдерінің 20-дан астам журналистерімен халықаралық медиа-тур-тренинг өткізгені үшін ие болды.
- ХОУП жобасы 2015 жылдың басынан бастап Қазақстан Үкіметімен және ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қордың грантымен бірге «Қазақстандағы еңбекші мигранттар арасында туберкулез, ТБ/КДТ, ТБ/ ЖИТС ауруларын трансшекаралық бақылау және емдеу шаралары» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның негізгі мақсаты — туберкулезді диагностикалау мен емдеуге қолжетімділікті шектейтін кедергілерді алып тастау, еңбекші мигранттар емделуін қамтамасыз ету, трансшекаралық бақылау және туберкулезді емдеу үшін тиімді механизмдер (соның ішінде аймақтық) құру, — деп атап өтті Қазақстандағы ХОУП жобасының жетекшісі Бахтияр Бабамурадов.
Тағы оқыңыздар: Ақтауда №2 автобустың бағыты өзгерді— Жоба аясында жүргізілген жұмыстарға мемлекеттік құрылымдар, медициналық мекемелер, медицина қызметкерлері, көші-қон қызметі, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), аутрич-қызметкерлер мен волонтерлер, ұлттық орталықтардың және басқа да мүдделі ұйымдар мен қауымдастықтар тартылды. ХОУП жобасының қатысуымен елімізде біраз шаруалар тындырылды. Міне, бір ғана факт: 60 емхана және 10 ТБ аталмыш жобамен бірге жұмыс істеп, мигранттарға қызмет көрсетеді. 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл мигранттарды ақпараттандыру және туберкулезден тексеру шаралары 18 және 78 пайызға артты. Орталық Азия аймағындағы еңбек мигранттары арасында туберкулездің алдын-алу және емдеу, трансшекаралық бақылау, трансшекаралық бойынша елдераралық келісімдер жасау және өзара іс-қимылды жетілдіру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, алда жұмыс көп. Заман талаптарына сай енгізілген механизмдерді үнемі жетілдіру, қол жеткен жетістіктерді талдау, тосқауылдарды анықтау және қазір кездесіп жатқан қиындықтарды мен түйткілдерді шешу үшін серіктестермен жұмыс жасауды жалғастыруымыз қажет», — делінген Қазақстандағы ХОУП жобасының баспасөз мәлімдемесінде.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА