©
Осыдан жарты жылдай бұрын Ақтауда «Маңғыстау арена» көпсалалы спорт кешені ашылып, қала тұрғындарын қуантқан болатын. Алайда кешеннің пайдалануға берілгенінен көп өтпей-ақ құрылысы сыр берген. Ондағы олқылықтардың ең бастысы – жауын мен шыққа төтеп бере алмайтын шатыры. Бұл туралы спорт басқармасы, арена басшылығы тарапынан құзырлы орындарға бірнеше рет хат жолданып, мәселе бұған дейін де талқыға түскен. Бүгін қайта қозғауымызға редакциямызға ата-аналардан келген мына бейнежазба түрткі болды.
https://www.youtube.com/watch?v=1xsQ9NolNPsМән-жайды анығырақ білмекке алдымен «Маңғыстау арена» кешенінің директоры Зейнулла Оңайбаевқа хабарластық:
- Бұл мәселе арена ашылғалы бері бар. Тіпті, шық болған күндері де шатырдан ылғал көрінеді. Үлкен залдан, көркем гимнастика залынан, шынын айтқанда, екінші қабаттың біраз жерінен су тамшылайды. Кешегі сіздер көрген бейнежазбаны мердігерлердің өздеріне де жолдадық. Олар сол төбені істеген мамандарды шақыртамыз деді. Ғимаратты салған мердігер компанияға, тапсырыс беруші – «Маңғыстау Құрылыс Инвест» мекемесіне және қала, облыс әкімдігіне де бірнеше рет хат жолдадық, барлығы аренаның жағдайынан хабардар. Тапсырыс беруші мекеме келмейді емес, келіп жұмыс істеп жатыр, қашып жатқан жоқ. Шатырға күніне 4-5 адам көтеріліп жұмыс істейді. Олардың әлі екі жыл кепілдемелері бар, - деді Зейнулла Оңайбаев.
Арена басшысынан сұрастыра келе кешеннің кемшілігі тек шатырда ғана еместігін де білдік:
-Камералар, дыбыстық сигналдар дұрыс істемейді. Суға түсетін орындарда аздаған мәселелер бар. Жоба жасалған кезде душқа поддон салынған. Бірақ балалар оған суға түсе алмайды. Құлап қалуы, аяғын ауыртып алуы мүмкін дегендей. Еденде, қабырғаларда да кемшіліктер бар. Бұлардың барлығын алдыңғы жолданған хаттарда көрсеткенбіз. Тағы да қайталап айтайын, істемейді емес, жауапты мекеме келіп жасап жатыр, - деді ол.
Ал МО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов кешен басшысының сөзін нақтылады. Сонымен қатар, аренаның біз естімеген олқылықтар қатарын толықтыра түсті.
-«Маңғыстау Арена» спорт кешенінде айта берсек мәселе көп. Мысалы, 1000 Амперлік токтың орнына 600 Амперлігі қойылған. Алаңдағы газонның астында құм болу қажет, бірақ асфальт төселген. Кондиционердің күші жетпейді, тағысын тағы. Бұлардың барлығын көрсетіп, облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының атына қызметтік хат жолдағанбыз. Сол бойынша қала әкімдігіне тапсырма берілді, - деді Бекболат Байжанов.
Бұдан соң Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Жұмабаевқа хабарластық. Ол мәселені қарастырып, 1-2 күннің ішінде толық жауап беретінін жеткізді.
Айта кетейік, 2,5 гектар жер аумағын алып жатқан заманауи спорт кешенін салуға 3 млрд 300 млн теңге жұмсалған. Қазір кешенге келіп, спортпен шұғылданатын балалар саны 1200-1300 шамасында. Мұнда оларға спорттың 20 түрі ұсынылады. Ашылғалы бері шамамен 15 Қазақстан Чемпионаты, 10 шақты халықаралық турнирлер, жалпы 40-қа жуық сайыс өткізілген.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
https://www.youtube.com/watch?v=gvuh2rJoyks&t=4s