©
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының батыс өңіріндегі қызметкерлер арасында өткен V спартакиаданың аумақтық іріктеу ойындарына Маңғыстаудан 70 теміржолшы қатысып, 30-ы жүлделі орындардан көрінген еді. Бірақ қаржылық мәселелерге орай суперфиналға жолдама алған жеңімпаздарға Астанадағы аламан бәйгеде бақ сынасу мүмкіндігі бұйырмады. Десе де спартакиада қорытындысы бойынша теміржолшы спортшылардың аты аталмай қалмады. Арнайы марапаттарға ие болды. – Спартакиада болады деген хабарды естіген бойы онлайн тіркеуден өтіп, аумақтық іріктеуден I орын алған Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінен шахматшы Шолпан Валиева, жүк тасымалы бөлімшесінен жүлделі орындарды еншілеген стритболшылар командасына спартакиаданың бағалы сыйлықтары келді, – дейді түбек теміржолының спорт нұсқаушысы Нұрайна Қыдырова. Оның өзі де жарысқа ең көп адам қатыстырған өкіл ретінде спартакиаданың арнайы марапатын алды.