©
Облыс орталығындағы 6656 әскери бөлімінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бөлім командирлерінің орынбасарлары мен батальон командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары мен әскери қоғамдық ұйымдар төрағалары төрт күндік оқу-әдістемелік шаралар өткізе бастады. Оған ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор М.Сатов пен «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Б.Омаров басшылық жасайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын талдау. Ұлт құндылықтарын қастерлеу, ұлттық мүддеміз бен қазақстандық отансүйгіштікті нығайту, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің орны мен маңызын ашып көрсету мақсатын көздеген шара барысында ұйымдастырылатын лекциялар мен семинарға, нұсқаулық-әдістемелік, оқу-жаттығу сабақтары мен мәдени-спорттық кештерге Атырау, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан 40-қа жуық офицер қатыспақ.
«Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында «Қоғамның рухани жаңғыруы, ұлттық код және ұлттық мәдениеттің сақталуы» тақырыбында өткен дөнгелек үстел осы шара аясында ұйымдастырылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова кіріссөзбен ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов «Қоғамның рухани жаңғыруы, ұлттық код және ұлттық мәдениеттің сақталуы» туралы баяндама жасады.
- Қазақ елі қазір тарихи сәттің алдында тұр,-деді ол. - Біз тәуелсіздік жылдары экономикамызды нығайтып, әлеуметтік жағдайымызды түзедік. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Ендігі кезекте еліміздің алдында одан да зор міндеттер тұр. Елбасымыз айтқандай, ол–әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы тұрғыда Президентіміздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы таптырмас құжат екені сөзсіз. Бүгінгі басқосуымыз осы бағдарламаны арқау етпек. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары жаһандануға дайынбыз ба? Ата-баба салтын сақтай аламыз ба, деген қауіптер болған. Сол уақыттан бері ширек ғасыр өтті. Қазір жаһанданудың бел ортасындамыз. Ендігі кезекте біз ұлт ретінде сақталып қаламыз ба? Әлемдік жаһандануға қалай төтеп беруіміз керек. Міне, осы сауал көпшілікті алаңдататыны анық. Ұлттық болмысымызды сақтаудың бірден-бір жолы–ұлттық сананы қалыптастыру. Оған қалай жетудің жолдарын Елбасымыз айтып өтті. Бірінші, бұл–ұлттық код. Ұлттық код дегеніміз–халықтың ішкі этникалық өзегі. Әр халықтың салты, әдет-ғұрпы, тілі, діні бар. Ұлттық код осы ұғымдарға саяды. Заман дамыған сайын жаңа жаңалықтар келеді. Технологиялар пайда болады. Ең бастысы, олар мәнін жоғалтпауы қажет. Сондықтан, Елбасы айтқандай, ұлттық сананың жаңғыруы–ұлтымыздың заманға орай жаңғырып отыруы. Ұлттық код сақталса, біз барлық замандарда ұлт ретінде алға жылжимыз. Өз мақаласында Елбасы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтті.
Президент мақаласын кең талдап, әр тарауына тоқталған Мұхаметқали Құсайынұлы латын әліпбиіне көшу мәселесіне орай келелі ойын білдірді.
Ақтаудағы гуманитарлық колледж тарих пәнінің мұғалімі Сәрсенбибі Азанова, дағыстан этно-мәдени орталығының төрағасы Юсуп Шахшаев, облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Азан және басқа қатысушылар тақырып бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="37144,37143,37142"]