©
Бейнеу ауданына барған сапарында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов табиғи газ өндіретін «Шағырлы-шөмішті» кенорнында болды. Аймақ басшысы кенорындағы технологиялық процестермен танысып, газдың қандай қабаттан, қалай өндірілетіні, негізгі құрамы мен тасымалдану жолы туралы сұрады.
Кенорын «ҚазАзот» АҚ шикізатпен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Шығарылған газ зауыттың ішкі қажеттілігіне жұмсалады. Мұнда көгілдір отын екі мақсатқа: тыңайтқыш өндіруге және зауыттағы электр энергиясын өндіретін қондырғының жұмысына пайдаланылады.
- Биылғы және келесі жылда 1 миллиард текше метр газ өндіру жоспарлануда. Барлау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша зауыт салу ойымызда бар, – дейді «ҚазАзот» АҚ «Шағырлы-шөмішті» филиалының директторы Абзал Меңдібаев.
«Шағырлы-Шөмішті» кен орнындағы газдың жалпы қоры 32,4 млрд. текше метрді құрайды. Газ шамамен 300-400 метр тереңдікте орналасқан. Мұнда өндірістік процесс автоматтандырылған цифрлық жүйеге өткен. Бейнеу халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кенорында 275 адам жұмыс жасайды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ