©
Қазіргі таңда Ақтау қаласының шеткі аймақтарына жеке үй салу қарастырылмаған. Қала аумағы – шектеулі. Бұл туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Найзабек Жайлау мәлімдеді. – Басқа қалалармен салыстырғанда, Ақтаудың аумағы – шектеулі. Батысымыз – Каспий теңізі, оңтүстік шығысымыз – «Қошқар ата» су қоймасы, оңтүстігіміз – өндірістік аймақтар, солтүстігіміз – Ақшұқыр елдімекені. Сол себепті жеке үй салу үшін Ақтаудың аумағын кеңейтіп, өзге жерлерді қосып алуға мүмкіндік жоқ. Осыны ескере отырып, Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елдімекендерінің резервтегі жерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй салу жоспарын қарастырып жатырмыз, – дейді Найзабек Жайлау. Найзабек Мырзағалиұлының айтуынша, тұрғын үйлер жоспар бекітілген бойда салынбайды. Келесі жылдан бастап елдімекендегі жерлерге инфрақұрылым тартып, жоба жасақталады. Құрылыс мамандары Маңғыстауды барлық елдімекендері құрылыс жоспарымен қамтамасыз етілген бірден-бір облыс ретінде есептейді. Айта кетейік, бұл мәселелер төңірегінде толығырақ 28 қыркүйекте облыс әкімінің төрағалығымен облыстық сәулет және құрылыс бақылауы басқармасының кеңесінде шешілетін болады.Айгүл ДӘДЕН
Суретті түсірген Қуаныш ИСМАИЛОВ