©
Ақтауда соңғы кездері жаңа тұрғын үйлер көптеп салынуда. Әсіресе, 17, 31, 32, 33 сияқты жаңа шағынаудандардағы құрылыс - қарқынды. Тұрғындар әлі салынбаған пәтер құнының кемінде 30, 50 пайызын төлеп үлескер болу арқылы тәуекелге бас тігетінін ұмытпау керек. Бұл туралы кеше брифингте Маңғыстау мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының инспекциялау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Думан Сағындық мәлімдеді.
Думан Сағындықтың айтуынша, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңда көзделмеген тәсілдермен үй салушы жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.
Редакциямызға Ақтаудың 17 шағынауданынан «Жайлы мекен» тұрғын үй массивін салу мақсатында үлескерлерден ақша тарту мәселесі жайында оқырмандарымыз хабарласқан болатын. «Ақтөбелік компания салып жатқан «Жайлы мекеннен» пәтер алу үшін, 50 пайызын үлескер ретінде құйсақ, заңды ма? Тәуекел еткеніміз жөн бе?» деген сұрақтарға Думан Сағындық былай деп жауап берді:
– Бүгінгі күнге дейін «Жайлы мекен» тұрғын үйін салу туралы біздің басқармамен келісім жасалған жоқ. Ақтөбелік компания өкілдерінен тиісті хабарлама түспеді. Дегенмен, «МАЯК LTD» деп аталатын ақтөбелік компания жер орын алып, уақытша қоршап, құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр деген хабарды естідік. Әлі күнге дейін аталған компания қай механизм бойынша үлестік қатысуды ұйымдастырып жатқаны белгісіз. Мұны басқа жауапты құзырлы органдар анықтап, бір жауабын беруі тиіс.
Брифингте мамандар тұрғын үйді алмас бұрын құрылыс салушыдан жерге тиісті құқық беретін құжаттарын, тұрғын үйдің жұмыс жобасының тиісті сараптамадан өткендігі туралы қорытындысын, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына құрылыс-монтаж жұмыстары туралы хабарлама берілгендігі туралы талоны т.б. құжаттарының бар-жоғын біліп алуы керектігін айтты. Құрылысшыдан ақпарат алу мүмкін болмаған жағдайда азаматтар әкімдікке немесе мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хабарласуына болады.
Айгүл ДӘДЕН
Көрнекі сурет интернеттен алынды