©
«Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет - сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық
нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» жолдауынан
Еліміз үшін елеулі өзгерістермен, айтулы оқиға, жаңа бетбұрыстармен ерекшеленген 25 жылдан астам уақытта өндіріс саласының ауқымы айтарлықтай артты. Егемендік алған елең-алаң шақта негізі қаланған өндіріс ошақтары бүгінде Тәуелсіздікпен бірге өркен жайып, қатар түледі. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен өндіріске келген жаңа леп экономикалық даму сатымызды көтеріп, төл өнімдерімізді төрге оздырды. Осыдан 27 жыл бұрын отандық нарыққа жол тартып, облыс орталығының іргесіндегі өндірістік аймақта шоғырланған мұнай тасымалдайтын қондырғылар өндіретін «Каскор машина жасау зауыты» акционерлік қоғамына барып, тынысымен танысып қайтқан едік.Акционерлік қоғамның аяқ алысы
«Каскор машина жасау зауыты» кезінде кенді өндіру және өңдеумен айналысқан Каспий аймақтық тау-кен комбинатының құрамындағы компанияның бірі болып, 1995 жылы өз алдына жеке отау тікті. Бүгінде бұл зауытта мұнай қыздыратын және мұржалы пештер, көлемі әртүрлі қазандар, ирек тұрбалар, жер үсті және жер асты қазандықтары, бұрғылау құбырлары және тағы да басқа мұнай тасымалдауға қажетті өнімдер дайындалады. Өндіріс орны бір жылдан бері сорап-компрессор тұрбасын өндіре бастады.
– Біз осы жылдың соңына дейін 15 мың тонна көлемінде құрал-жабдықтардың, қондырғылардың түрлерін шығарып, 5 млрд. теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырмыз. Осы межеге жетсек, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткішті 120-140 пайызға дейін жеткіземіз. Бәсекеге қабілетті сапалы өнімдерімізге еліміздің түкпір- түкпірінен сұраныс көп түседі. Өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, жаңа өнімді нарыққа шығаруымыз осындай жоғары көрсеткішті бағындыруымызға септігін тигізбек. Сондай-ақ 40-тан аса жаңа жұмыс орыны құрылды. Қазіргі таңда зауытта 180 қызметкер жұмыс жасаса, оның 80 пайызы - жергілікті мамандар. Мамандардың 60 пайызын жастар құрайды, – деді «Каскор-машзауыт» АҚ техникалық директоры Жұмалы Ерғалиев.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлік дамыту қоры» арқылы мемлекеттен қаржылай көмек алған акционерлік қоғам Жаңаөзен қаласында 2012 жылы штангалық сораптарды өңдейтін және жөндейтін цех ашты. Зауытқа қажетті металл, ұсақ тұрбалар, монометр, термометр сынды шикізаттар Ресейден және Қарағанды қаласынан жеткізіледі. Өндірілетін өнімнің түрлерін арттырып қана қоймай, олардың сапа көрсеткіштерін де еселеп, бәсекеге қабілеттілігін арттыра түскен зауыт «Қазмұнайгаз» ӨБ» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы компаниялармен сенімді серіктестік орнатқан.
Басты бағдар – сыртқы нарық
Жалпы аумағы 6 гектарды алып жатқан зауыттың 3 гектарындағы өндірістік алаңда механикалық-энергетикалық қызмет, дайындау, дәнекерлеу-жинау аймақтары, құм ағызу және сырлау аймақтары, әкімшілік ғимарат және теміржол желісі орналасқан. Біз жұмысы қыз-қыз қайнап жатқан дәнекерлеу-жинау аймағына бас сұқтық. Мұнда мамандар мұнай қыздыратын пеш жасап жатыр екен. Кен орындарында жер астынан алынатын мұнай қатып қалмас үшін қолданылатын пештің ПП-063 деп аталатын маркасынан айына 15, УН-0,2 деп аталатын кішірек түрінен 40 данасы шығарылады. Мәселен, кен орындарында 5-6 шақырым сайын орнатылатын мұндай пештердің «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 90, «Өзенмұнайгаз» АҚ 40 данасына тапсырыс берген. Жаңа технологияны жатсынбай, заманауи үлгідегі жетілген құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің тетігін тапқан мамандар сорап-компрессор тұрбасын жасап жатыр. Олар күніне 30-35 тонна жаңа өнім түрін дайындайды. – Мен осы зауытта 6 айдан бері оператор болып жұмыс жасаймын. Тұрбаларды бір-біріне кигізетін резвілерді дайындаймын. Ол үшін жаңа құрылғыға технолог енгізген бағдарламаны бақылап, белгілі бір қалыпта және көлемде шығуын қадағалап тұрамын. Жұмысымыз автоматтандырылғандықтан қол күші аз жұмсалады. Жұмысымыз 5 күндік, екі ауысыммен жасаймыз, – деді Дияс Таусаров.
Дәнекерлеу-жинау аймағының ең шетінде теміржол вагондарынан және автокөліктерден жүк қабылдайтын және жөнелтетін жол салынған.
Тағы оқыңыздар: Жаңаөзендегі орамалды оқушылар мектеп партасына қайта отырды– Зауыттың орналасқан жері логистикалық жағынан өте тиімді. Біз тұтынушылардың талаптарына сәйкес тапсырысты орындап қана қоймай, зауыт қондырғыларын орнатып, компания мамандарына жаңа технологиямен жұмыс істеу тәртібін үйретеміз. Газбен жұмыс жасайтын пеш қондырғыларының тілін табу күрделі болғандықтан мамандарымыз білгендерін үйретеді. Өз мамандарымыздың кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін оқуға жіберіп тұрамыз. Өндіріс орнында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжинеринг университетінің, энергетикалық колледждің студенттері тәжірибеден өтеді. Теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде көрсете білген түлектерді жұмысқа қабылдадық. Жаңа бизнес жоспарымызды жасақтап, акционерлерімізге ұсындық. Алдағы уақытта жаңа өнімнің түрлерін игеріп, нарыққа шығаруды көздеп отырмыз, – деді «Каскор-машзауыт» АҚ техникалық директоры Жұмалы Ерғалиев.
Елімізде отандық өнім өндірушілер арасында ұйымдастырылатын «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Қазақстандық мазмұн» көрме-жәрмеңкелері мен конкурстарына қатысқан кәсіпорын аудит нәтижесі белгілі болса, келесі жылдан бастап шетелдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="37085,37086,37087,37089,37090,37092,37093,37094,37095,37096,37097,37098,37099,37100,37101"]