Статистикаға сәйкес, ұрлық – жол қозғалысы қылмыстарының ең көп тараған түрі. Өкінішке қарай, мұндай жағымсыз жағдайға кез келген адамның түсу қаупі бар.
Қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында Маңғыстау облыстық көлік прокуратурасы тұрақты негізде көлікпен жүретін азаматтарға жолдағы маңызды ережелер туралы ескертіп отырады.
Мамандардың айтуынша, пойыздағы қылмыстардың 99 %-ы жолаушылардың абайсыздығынан, аңқаулығынан және заттары мен құжаттарының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауынан болады екен.
- 2016 жылдың 9 айында 24, ал биылғы 9 айда 20 ұрлық дерегі тіркелді. Пойызда, вокзалда ұрланатын заттардың басым көпшілігі – ұялы телефон. Мысалы, жолаушылар заттарын қараусыз, есіктерін ашық қалдырады. Сол кезде сөмкелерін, жеке заттарын, ұялы телефондарын қолды қылады. Немесе, өзіңіз білесіз, телефондарын қуат көзіне қосып қояды. Телефонын вагонның ішінде, ашық дәлізде қалдырып, иесі алаңсыз орындарында отырады. Осындай сәтті қылмыскерлер де пайдаланып қалады, - дейді Маңғыстау облыстық көлік прокуратурасының аға прокуроры Манас Тілекбаев.
Қазіргі кезде өңірдің станцияларында дауысты байланыс арқылы жолаушыларға жол жүру кезінде багаж және жеке мүлік қауіпсіздігі мен сақтау шаралары туралы хабарланады.
Көлік прокуратурасының мәліметінше, биыл 20 деректің 11-і, былтырғы 24 қылмыстың 9-ы ашылған. Сонымен қоса, бұрынғы жылдардан қалған қосымша 5 қылмыс әшкере болған. Яғни, 2017 жылы қабылданған профилактикалық шаралар нәтижесінде былтырға қарағанда қылмыстардың ашылу деңгейі де (22 %-ға) жоғарылаған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА