©
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз конференциясында айтты.
Баспасөз конференциясында Маңғыстау облысының әкіміне Қошқар ата көліне қатысты сұрақ қойылды.
- Бұл - Маңғыстау облысының тұрғындарын толғандыратын ең үлкен мәселе. Бұл мәселе, әсіресе, Қошқар Ата көлінің маңында орналасқан Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылы мен Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылына қатысты. Бұл екі ауылдағы ауру деңгейі жалпы облыстағы ауру деңгейіне қарағанда 10 есе жоғары. Мәселе - ҚР Үкіметінің де назарында. Расында, мұндай экологиялық мәселе бар кезде туризмді дамыту қиын, - деді Е. Тоғжанов.
Экологиялық мәселені шешу үшін Қошқар-ата көлін қалпына келтіру мәселесі барлық министрліктің қатысуымен қаралып, оны шешу механизмі белгіленген. Келесі жылы 2 млрд теңге, 2019 жылы 3 млрд теңге, 2020 жылы 3 млрд теңге, Қошқар-Ата қалдық қоймасын қайта қалпына келтіруге жалпы көлемі 17,5 млрд. теңге бөлінеді.
Тағы оқыңыздар: Облыс әкімі қазақстандықтарды Маңғыстауда демалуға шақырдыАтап өтерлігі, «Қошқар ата» жасанды қалдық қоймасы Маңғыстау облысында орналасқан. «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті» мамандарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша қалдықтар қоймасын қалпына келтіру қажеттілігі анықталды. Қошқар-Ата қалдық қоймасы жұмысына республикалық бюджеттен 4 жылға 17 518, 159 млн. теңге бөлінді.
Басқұдық ауылындағы микроклиматты және экологиялық, санитарлық-гигиеналық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қошқар ата қалдық қоймасының оңтүстік бөлігінде жалпы алаңы 8,2 гектар болатын қорғайтын жасыл аймақ құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, ұзындығы 3 шақырым болатын жасыл қорғаныс белдеуін салу жоспарлануда.
Көрнекі сурет bilim-all.kz сайтынан алынды