©
Ақтауда ауылшаруашылығының үздігі Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир өтіп жатыр. 9-шы рет ұйымдастырылған шараға 17 салмақ дəрежесі бойынша 261 спортшы қатысып жатыр. Турнирге тек Қазақстанның дзюдошылары ғана емес, сондай-ақ Грузия, Өзбекстан, Тəжікстан, Ресей мен Қырғыз Республикасынан да спортшылар келген. Турнир екі күн бойы өтіп, үздіктердің үздігі анықталатын болады. Сонымен қатар, жеңімпаздарға "Қазақстан Республикасының спорт шебері" деген атақ беріледі.
Дзюдодан өткен халықаралық турнирдің ашылу салтанаты облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
- Бүгінгі турнирге қаншама мемлекеттен спортшылар келіп қатысып отыр. Демек, бұл турнирдің орны да, мәні де, мағынасы да жоғары, - деп атап өтті аймақ басшысы Е.Лұқпанұлы.
Т. Жолдыбаевты еске алуға арналған турнирдің ерекше сәті - облыс əкімі Ералы Тоғжановтың өзінің дзюдодан шеберлігін көрсеткені болды. Айта кеткен жөн, аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы - дзюдодан спорт шебері.
https://youtu.be/Rk4GwTbvI5QМаңғыстау облысы дзюдо федерациясының президенті Самат Мұсабаев ұйымдастырушылардың мұндай айтулы шараны өткізуде тәжірибесінің мол екенін жеткізді.
- Бұған дейін 8 рет өткен турнир биыл да жоғары деңгейде өтеді деп сенеміз. Биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең мықты деген командалар келді. Олардың қатарында әлем біріншіліктерінің, олимпиада ойындарының, жастар арасында өткен әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері бар. Сонымен қатар, турнирге Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан да спортшылар қатысуға ниет білдірді, - деп атап өтті ол.
Турнирде Қазақстан Дзюдо федерациясының бас хатшысы Самат Жылқыбав облыс басшысы Е. Тоғжанов пен облыстық дзюдо федерациясының президенті С. Мұсабаевқа "Дзюдо тарланы" орденін табыстады.
Айта кетерлі, Маңғыстау облысының дзюдо федерациясы спорттың бұл түріне аса көңіл бөліп отыр. Былтыр аталған федерацияның президенті Самат Мұсабаев пен вице-президенті Асылбек Жолдыбаев өз қаражаттарына Ақтауда дзюдомен айналысамын деушілерге әмбебап спорт кешенін салған болатын. Қазір мұнда 200-ден астам бала жатығып жатыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ