Бүгін Маңғыстаудың барлық мектептерінде жалпыоблыстық ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыс тақырыбы – «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы». Оған ұстаздар, ата-аналар, мектеп басшылары мен білім басқармасы мамандары қатысты.
Жиында мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынас, баланың білім алу, даму бағыттары, бірыңғай мектеп формасы және 5 күндік оқу жүйесіне қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.
Қазіргі таңда қызу талқыға түсіп жатқан жаңа бағдарлама мен 5 күндік оқу жүйесі жайлы сөз алған басшылар оның артықшылықтары мен маңыздылығына тоқталды.
Атап айтар болсақ, 5 күндік оқу аптасына ауысу кезінде білім алушының бос уақыты ұлғаяды. Басты мақсат – сенбі күні оқушының бос уақытын қамтамасыз ететін тұтас білім беру жүйесін құру. Сондықтан сенбі күні мектепте оқушыларға арналған факультативтер, үйірмелер, дайындық курстары, танымдық байқаулар, көңіл көтеру бағдарламалары, экскурсиялар, спорттық жарыстар т.б. өткізу жоспарланып отыр.
-Ата-ананың немқұрайлығы мен зорлық-зомбылығының қысымындағы бала екіжүзді болып, оның қарсылығы мейірімсіздіктен кек пен ызаға айналады. Отбасының қолдауы мен түсіністігін сезінбеген жеткіншек қазіргі замандағы теле және интернетке тәуелділік, есірткі, ойын әуестігі, дүниеқоңыздық сияқты көптеген теріс азғыруларға оңай бой алдырып, эмоционалды салқынқанды бола бастайды. Ал егер отбасы махаббат пен сүйіспеншілікте, кішіпейілділік пен мейірімде өмір сүрсе, баланың өзіне деген сенімділігі, өзін-өзі бағалауы жоғарылайды. Білім алуға талпынысы күшейеді. Бүгінгі ата-аналар жиналысының міндеті – мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықтың берік іргетасын қалау. Кез келген мәселені тек қана отбасы және мектептің өзара тығыз байланысы арқылы ғана шешуге болады, - деді Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының әдіскері Лида Какишева №3 орта мектепте өткен жиналыста.
Жиын атауы «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» болғандықтан, оқушының тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарға баса назар аударылды. Білім саласы мамандары жиын қатысушыларын мектеппен ынтымақтастықтың маңыздылығын түсініп, мектеп жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35881,35889,35887,35886,35885,35884,35883,35882"]