"Адвокаттық қызмет жəне заңгерлік көмек туралы" Заң жобасына арналған брифингте Тіркеу қызметі жəне заң қызметін ұйымдастыру департаментінің басшысы Атағазиева Бақтыгүл Сапарқызы осылай деді.
Адвокаттық қызмет туралы заң 1997 жылы қабылданған. Ол 20 жыл ішінде түбегейлі өзгеріске ұшыраған жоқ. ҚР заңының 13 бабына сәйкес әр азамат Конституциямен бекітілген білікті заң көмегін алуға құқылы. Сол көмекке ең бірінші қатысатын адвокаттар. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға біраз талдау жүргізіліп, ұсыныстар дайындалды. Заң жобаларының тұжырымдамасы адвокаттық қызмет жүйесін жетілдіруге, адвокаттар тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған.
-Бүгінгі таңда еліміз бойынша республикалық және 16 аумақтық адвокаттар алқасы бар. Жалпы республикадағы барлық адвокаттар саны 4 500-ден асады. Қазір осы маман иелерінің жетіспеушілігі – өте актуалды мәселе болып отыр. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенер болсақ, Ұлыбританияда 1 адвокатқа – 900 азаматтан келеді, Германияда – 500, ал Италияда – 260 азаматтан келеді. Ал Қазақстанда 3890 азамат. Бұл мәселе сот жүйесінде де өзекті болып отыр. Бір судьяға бір жарым адвокаттан келсе, Еуропа елдерінде 3-5 адвокаттан келеді, - дейді Бақтыгүл Атағазиева.
Соңғы 4 жылдың ішінде адвокаттар саны 300 адамға ғана өскен. Яғни, 2013 жылы елімізде 4320 қорғаушы болса, 2016 жылғы көрсеткіш бойынша 4609.
Адвокаттық қызмет атқару үшін мына міндеттер орындалуы шарт:
-ҚР азаматы және заң саласында жоғары білімі болуы ;
-6 айдан 1 жылға дейін тәжірисі болуы;
-Әділет органдарынан аттестациядан өтуі;
-Әділет министрлігінен лицензия алуы;
-Адвокаттардың алқа мүшелігіне кіру үшін 700-800 мың теңге алғашқы жарна төлеуі қажет;
-Сондай-ақ, бірнеше күрделі кезеңдерден өтіп, оның біліктілігі тексеріледі. Ал кәсіпке кірісер кезінде тағы да 1 миллион теңгеге дейін жарна төлеуі қажет. Біз бұл алғашқы жарнаны алып тастауды ұсынып отырмыз. Бұл – біздің ойымызша, жас кадрлардың келуін қамтамасыз етеді, адвокаттар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, - дейді департамент басшысы.
Баспаөз жиынында Pro bono тәжірибесін енгізу мәселесі де айтылды. Pro bono – латын тілінен аударғанда «қоғам игілігі үшін» дегенді білдіреді. Ол бойынша әлеуметтік әлсіз топтарға тегін заңгерлік көмек көрсетіледі. Яғни, адвокаттарға жылына белгілі бір сағаттардың тегін заң көмегін беру құқығын беру ұсынылады.