Маңғыстауда облыстық және республикалық блогерлердің "Жаңғырған Жібек жолы" атты медиа-керуені өтіп жатыр.
Кеше өлкеміздің бір топ блогерлері мен БАҚ өкілдері Астана мен Алматыдан келген әріптестерін Ақтау әуежайында қарсы алды. Дәстүрден жаңылмаған Маңғыстау салты бойынша ұлттық тағамдарымызды ұсынып, ән-күйден шашу шашты. Алмас Алтай, Қанат Әуесбай, Өркен Кенжебек, Махаббат Есен, Айна Досқызы секілді танымал блогерлер екі күн бойы өлкенің көрікті жерлеріне саяхаттап, бірнеше өндірістік нысандарды аралайды.
Олардың қатарында Тимур Бектұр, Нұржігіт Нұрболатұлы (әлеуметтік желіде Нұржігіт Адайский атымен танымал), Алтынгүл Меңдіхан, Фарида Мұңалқызы, Талант Құсайын (фототілші) секілді жергілікті БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желіде белсенді тұлғалар да бар.
14-16 қыркүйек аралығына жоспарланған шара алғашқы сапарларын бастап кетті.
Бүгін «Жаңғырған Жібек Жолы» медиа-керуені Құрық портының құрылысымен, «МАЭК Қазатомпром» мекемесі жұмысымен танысып, «Қазақ Осетр» ЖШС, «Ақтау Теңізпорты» АЭА, «Ақтау Керамзит» зауытын т.б. нысандарды тамашалайды.
Ал ертең «ЖетібайМұнайГаз» нысанын аралау, Ақмыш, Шерқала, Қызыл қала, Айрақты тауларына саяхат жоспарланған. Сондай-ақ, «Көгез» этноауылы, «С.Қондыбай мұражайы, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені де мәртебелі меймандарын күтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35852,35851,35850,35849,35848"]