Денсаулық сақтау министрлігі мастық деңгейін төртке бөліп анықтауды ұсынып отыр. Алдағы уақытта екі бөтелке сыра ішіп, көлік жүргізгендер бірден куәлігінен айырылуы мүмкін.
Егер алкотестер жүргізуші қанының құрамында 0,5-тен 1,5 промиллге дейін спирт барын көрсетсе, ол жеңіл-желпі мас дегенді білдіреді. 0,5 промилле жарты литрлік екі бөтелке сыра немесе 200 грамм арақпен тең.
Ал 1,5-тен 2,5 промиллеге дейінгі – орташа, 2,5-нан 3 промиллеге дейін - жоғары, 3-тен 5 промиллеге дейінгі – ауыр деңгейдегі мастық болып есептеледі.
Соңғы кезде ішімдік ішіп көлік басқаратындарға қатысты даулы жағдайлар қатары көбейген. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі мастық деңгейін анықтау тәртібін өзгертуге мәжбүр болған. Дегенмен бұл тәсіл заңды күшіне енгізілген жоқ.
- №446 бұйрықтың орнына №504 бұйрық шықты. Бірақ ол әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұл аталған маскүнемдік деңгейлері бұрынғы бұйрықта көрсетілмейтін еді. Ал қазір бұйрықтың арнайы қосымшаларында жазылған. Өткен аптада Алматыдағы орталықтан 9 қыркүйектен бастап осы бұйрық бойынша жұмыс істейтіндігіміз жөнінде ақпарат келді. Бірақ артынша ол тоқтатылып, алдағы уақыттың еншісіне қалдырылды. Желтоқсан айында не келесі жылдың қаңтар айында енгізілуі мүмкін, дегенмен әлі белгісіз. Сондықтан ол туралы әзірге кесіп ештеңе айта алмай отырмыз, - дейді Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансердің басшысы Күләш Мәмбетқызы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА