Латын әліпбиін үйреніп, сертификат алғанмын
[ 2017 ] 13 қыркүйек, 12:12 | Жаңалықтар
Мен Қарақалпақстанда көп жыл кітапханашы болып жұмыс істедім. Сол кездері Өзбекстан бойынша барлық мекемелерде жұмыс істеушілерді латын әліпбиін үйренуге оқытқан. Курс мерзімі - бір ай. Бір ай дегенмен аптаның белгілі бір күндерінде оқытатын. Оқу біткесін сынақ тапсырып, сертификат алғанбыз. Сертификаттың өзі де латын қарпімен жазылған.
Сондықтан айтайын дегенім, латын әліпбиін үйренудің ешқандай қиындығы жоқ. Сол қысқа ғана курста оқығасын латын әліпбиін әжептәуір үйреніп, жүргізіп оқи алатын дәрежеге жеткенмін. Мұнда латыншаға қажеттілік болмағандықтан бұрынғы үйренгендерімді ұмыта бастаған сияқтымын. Қазір жүргізіп оқи алмаймын.
Латынша оқығанда екі жерде қиналатынмын. Оның біріншісі, бұрынғы кирилл әріптерінің кейбірі латынша әріптердің үшеуі, кейде екеуі бұрынғы бір әріпті, бір дыбысты білдіретіндігі. Сондай-ақ латын әліпбиімен жазылған қарақалпақша сөздерді жүргізіп оқығаныммен, өзбекше сөздерге келгенде кібіртіктеп қалатынмын. Себебі тәртіп қаталдау болды. Мекемедегі күнделікті құжаттарды «латын әлібиінде өзбек тілінде толтыр» деді ме, сөз жоқ, толтырасың. Кемшілік жіберуге болмайды.
Жалпы Өзбекстанда латынға көшкелі біраз жыл болды. Сол кездегі 1 сыныпқа оқуға барған оқушылар әлдеқашан орта мектепті бітіріп кетті. Әрі оқушыларға арналған «Жеткіншек» республикалық газетінің латын әліпбиімен жазылып шығып тұрғанына біраз болды. Сондықтан осы күндері ол жақтағы мектеп оқушылары латыншаны судыратып оқып, толық жазады.
Тәуелсіздік орнағалы ол жақта Қазақстанның оқу бағдарламасы мен мектеп оқулықтарының бәрі пышақ кескендей тиылды. Қазақ мектептері мен сыныптарында оқушылар баяғы кеңестік кезеңдегі ескі бағдарлама мен бұрынғы оқулықтарды оқып, пайдалануға мәжбүр болды. Олар әбден тозғасын Өзбекстанның оқулықтарын оқыта бастады. Балаларым ұлттық салт-дәстүр мен қазіргі заманғы тарих, әдебиет, мәдениеттен мақұрым қалмаса деген ниетпен отағасы Ташкенттегі тәп-тәуір жұмысын тастап, атажұртқа кетуге бел буды. 2000 жылдың аяғында Отанға оралып, киелі мекен Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласына келіп жұмысқа орналасты. Еңбек терімен қаржы жинап, баспана салды. 2005 жылы отбасымызды түгел осында көшіріп алды. Ұл-қыздарымыз түрлі салада еңбек етіп, маңдай терлерін туған топырағының гүлденуіне арнауда.
Сондағы айтайын дегенім, латын әлібиінен сескенудің қажеті жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында әлем елдерінің 80 пайызы латын әліпбиін қолданады екен. Сондықтан көштен қалып, қатардан кем болмайық.
Дариға АЛИ,
зейнеткер,
Жаңаөзен қаласының тұрғыны
982
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.