©
Ақтауда картоп сақтайтын қойма ашылады. Қойма құрылысы 2016 жылдың 25 қараша айында басталған. Қолданысқа осы жылдың 1 қазанында беріледі.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы экономикалық аймаққа жұмыс сапары аясында құрылысы жүріп жатқан көкөніс сақтау қоймасына барып, оның мүмкіндіктерімен танысты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қойма толықтай автоматтандырылып, шетел қондырғыларымен жабдықталған. Құрылыс кезінде 30-ға жуық адам, ал қойма іске қосылғаннан кейін 3-4 адам тұрақты еңбекпен қамтылады. Қойманы салып жатқан кәсіпкер «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 110 млн. теңгені 6 пайызбен 7 жылға алған. Аумағы – 3 гектар. Болашақта 3 қойма іске қосылады. Әзірге тек 1 қойма берілуге жақын. Қойманың ауданы 1600 шаршы метр. Мұнда көкөністер 2,5-4 градуста сақталады. Көкөніс сақтау қоймасы Нидерланды елінің технологиясы бойынша салынып жатыр.
Айта кетейік, бұл Маңғыстау облысындағы алғашқы көкөніс сақтау қоймасы болмақ. Енді жаңа үлгідегі көкөніс сақтайтын қойма картоптың сапасын жоғалтпай, бағасын да тұрақты ұстайды. Демек, маусымаралық кезеңде облыс тұрғындары сапалы әрі арзан картоппен қамтамасыз етіледі.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35568,35564,35566,35565"]