Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Отанымыздың Батыс аймағындағы мемлекеттік шекараны күзететін Жағалау күзеті өңірлік басқармасына қарасты 2201 «А» әскери бөлімі осынау ширек ғасырлық мерекені кең көлемде атап өтті.
Мерекелік шара ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызмет барысында қаза тапқан ардагерлеріне облыс орталығындағы «Ақбота» саябағында орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Жиында сөз сөйлеген полковник Әлібек Қаюпов 1992 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құрамында шекара қызметі құрылғанынан бергі аталған қызметтің ел шебінің қауіпсіздігін қырағылықпен күзетудегі қол жеткен жетістіктері туралы айта келіп, шекара қызметінің ардагерлеріне ел шебін қорғаудағы адал қызметі мен саланы қалыптастыру ісіне қосқан мол үлестері үшін алғысын білдірді.
Тағы оқыңыздар: Ақтауда 2 және 4А шағын аудан жолдары бірнеше күнге жабылады
-Өңірімізде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы өз жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуде, -деді ол.-Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап еліміздің тыныштығы мен шекарасының қауіпсіздігін қырағылықпен, жоғары жауапкершілікпен күзетіп келе жатқан шекарашылардың, ардагерлеріміздің өз қызметтерін тәуекелге бел байлай, мінсіз, адалдықпен атқаруы—ерекшелік әрі зор мақтаныш. Болашақта қазақстандық патриотизммен рухтанған офицерлеріміз бен қатардағы жауынгерлеріміз ардагерлер салып кеткен сара жолдан таймай, жауапты қызметті лайықты жалғастырады деген үлкен сенімдеміз.
Бұл күні бір топ шекарашылар Отан алдындағы әскери борышын мінсіз атқарғаны үшін «ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл» мерекелік медальмен, шекара қызметінің 2 дәрежелі үздік төсбелгілері және «Алғыс хатпен» марапатталды. Салтанатты шараның соңы концертке ұласты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="33163,33166,33164,33168,33165,33167,33169"]