Қарақия аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 4-бөлігімен (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 293 бабының 3 бөлігінің 2 тармағымен (бұзақылық), 192 бабының 2 бөлігінің 1, 3, 4 тармақтарымен (қарақшылық) 5 сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды деп хабарлайды Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сотта анықталғандай, сотталушылар Д., Н., А., Г., және И. алдын-ала сөз байласып, өздерінің қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында жәбірленуші К-ның меншігіндегі «Кено» ойын-сауық орталығына қарақшылық шабуыл жасап, заңсыз сақтап, алып жүрген атыс қаруларымен аталған орталықта орнатылған плазмалық теледидарға 2 рет оқ атып, кассада болған барлығы 90 000 теңге ақшаны жымқырып алып кеткен.
Нәтижесінде сотталушылар жәбірленуші К-ға жалпы 290 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Одан әрі сотталушылар өзара алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, өз араларында бұрын орын алған келіспеушілікті сылтауратып, кек алу мақсатында Жетібай селосының тұрғыны Н.-ның үйіне барып, үйдің терезелеріне және есіктеріне бірнеше рет оқ атып, тас және темір құбырларын лақтырып, бүлдіріп, оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен.
Сотталушылар жәбірленуші Н-ға жалпы 180 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Сот үкімімен сотталушыларға қылмыстық жолмен табылған мүліктерін тәркілеумен 3 жыл 6 айдан 6 жыл 6 айға дейін әртүлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын орташа және қатаң қауіпсіздіктегі түзеу мекемелерінде өтеу белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.