Шығыс Қазақстан облысында Г.Байтасов атындағы «Жас қозғалыс инсекторлары» атты 17-республикалық слет өтті. Онда Маңғыстау облысының жас инспекторлары жалпы командалық есепте 2-орын иеленді деп хабарлайды Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Шара ҚР ІІМ әкімшілік полициясының мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтті. Мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге қатысты жол-көлік оқиғасының алдын алу, бұл мәселеге қоғамдық ұйымдардың, мекемелердің назарын аударту.
Балалардың қатысуымен өтетін жоба 2001 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Биыл онда Қазақстанмен қатар Ресей, Қырғызстан өкілдері де бой көрсетті. Маңғыстау облысының атынан №8 мектеп оқушылары бақ сынады.
Байқау 10 күнге созылды. Оның аясында қатысушылар өздерінің жол ережелерін қаншалықты білетіндіктерін, төтенше жағдайға дайындықтарын ортаға салып, алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін де пысықтады.
Слет 10 аталым бойынша өтті. Олар: жас санитар, агитбригад сайысы, велосипед жүргізу қабілеті, жолда жүру ережелері мен белгілері, эрудиттер турнирі т.б.
Алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңі бойынша Маңғыстау облыстық ТЖД аға инспекторы Гаухар Оразғалиева екінші орынға ие болды. Балаларға жол ережелерін үйретіп жүрген мұғалім Асылзада Бақытқызы үздік деп танылды. Ал Сабиқанов Мерей «Үздік командир» атанды.
Слет қорытындысында Қызылорда облысының командасы жеңіске жетті. Ал маңғыстаулықтар екінші сатыға тұрақтаса, үшінші орынды Қарағанды облысының қатысушылары қанжығалады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31961,31960,31958,31959"]